Спорт нысандары жаңғыруда
Айтар болсақ, ауданда жағымды жаңалық көп. Жыл сайын жаңа нысандардың құрылысы басталса, кей ғимараттар күрделі жөндеуден өтуде. Кенттің ажарын келтіретін келісті ғимараттар да көбейді, бой көтерді. Аудан халқына ең қажетті нысандардың құрылысы жүруде, бұйыртса жуырда ел игілігіне пайдалануға берілмек. Осыдан-ақ өңірде ілкімді іс пен игі бастамалардың бар екенін байқауға болады. Құрылыс саласының қарқын алуы өңірдің дамуына серпін бермесе, кедергі келтірмейтіні анық.
Газетіміздің өткен санында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы күрделі, жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірнеше ғимаратты жаздық. Мемлекеттік бағдарламаның аясында жаңаша кейіпке енетін нысандар әлі де баршылық. Айталық, биыл Жалағашта «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 4 жоба іске асырылады. Олардың қатарында №13 олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстары бар. Айта кету керек, №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің түлектері де талай спорттық жарыстарда аудан намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мұнда 4 спорттық үйірме бойынша 200 спортшы жаттығады. Спорт мектебінің шәкірттері осы уақытқа дейін көптеген спорттық сайыстарға қатысып, жүлдемен оралуда. Олардың жеңісі ауданның мерейін асырып, өңірдегі осы саланың дамуына айтарлықтай үлес қосады. Талай саңлақты тәрбиелеп отырған спорт мектебінің талапқа сай болуы керек. Қазіргі таңда сыртқы жұмыстары жүруде. Оның ішінде шатырын жаңарту және ғимараттың сыртын қаптау – басты орында. Арнайы бағдарлама шеңберінде атқарылып жатқан бұл жұмыстарға жергілікті жерден де бірнеше адам тартылған. Мердігер компания осы салада тәжірибесі бар «Real Strоy Invest» ЖШС. Аталған ғимараттың жөндеу жұмыстары сапалы жүргізіліп, аудан спортшыларының спортпен шұғылдануына жағдай жасалады деп сенеміз.
Өңірдегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы жөндеуден өтіп жатқан ғимараттардың тағы бірі – М.Шәменов атындағы ауылдық округіне қарасты ойын алаңы. Ойын алаңының жөндеу жұмыстарына аудан бюджетінен қаржы бөлініп, қазіргі таңда жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Жұмысқа жауапты компания – «Амиржан Company» ЖШС. Жұмысшылардың қатарында жергілікті жерден екі адам бар. Тиісті мамандар ойын алаңының ескірген жасыл төсенішін жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс біткесін алаңның басқа бөлігін жөндеу жұмыстарына көшпек.
Екі нысан да белгіленген мерзімде пайдалануға берілмек. Аталған мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұсы көп. Әсіресе бағдарлама аясында мердігер компанияның жұмысшыларымен қатар жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылған. Бұл тұрғындар уақытша болса да жұмыспен қамтылып, нәпақасын тауып жүр.
Ауыл көркейсе, аудан да көркейеді. Ауылдың ахуалы бәрімізді алаңдатуы тиіс. Өйткені ауылдық жерлердегі ахуал жақсарса, тұрғындардың да әл-ауқаты жақсарады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көптеген нысан әлі де болса жаңарады деп ойлаймыз. Бастысы жұмыстың сапалы болуы. Ғимараттар жаңарып, жаңа кейіпке енсе, ауылдың ажары артады. Аталған нысандар ел игілігі үшін жұмыс жасаса, спортшылардың салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағынан жағдай жасалса жұмыстың өнгені, сенімнің ақталғаны.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ