Тындырымды тірлік көп
Соңғы жылдары ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бірнеше жылдан бері жалағаштықтардың көкейлерінде жүрген мәселелері оң шешімін табуда. Бірнеше құрылыс нысандары пайдалануға беріліп, жұртшылық үлкен қуанышқа бөленді. Биылғы жылы жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттар да бар. Саланың бүгінгі жай-күйін білу үшін өткен аптада облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз туры өтті. Журналистер өңірдегі күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандарды, «Дәуімбай» учаскесіндегі жаңадан бой көтеріп жатқан жалдамалы тұрғын үйлердің жай-күйіне қанықты.
БАҚ өкілдері жұма күнгі ауданға сапарында алдымен «Дәуімбай» учаскесінде салынатын бірпәтерлі 3 бөлмелі тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Өткен айда басталған тұрғын үйлердің жалпы құны 115 328,7 млн теңгені құрайды. Бас мердігер – «Иман» ЖШС. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстарына 28 адам тартылған. Оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы он төрт адам жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда бірпәтерлі үш бөлмелі тұрғын үйлердің іргетасы қалануда. Жұмыс қарқынды жүргізілмесе де, сапасына сын айтылмайды деп сенеміз. Аталған құрылыс нысаны осы жылдың қараша айында аяқталады деп күтілуде. БАҚ өкілдері жұмысшыларға сауалдарын қойып, тұрғын үйлердің көлемін, құрылыс нормаларын байқады.
Мұнан соң журналистер Темірбек Жүргенов ауылына табан тіреді. Арнайы топ Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектепке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Жалпы құны 219,1 млн теңгені құрайтын жөндеу жұмыстарын «RealstroyInvest» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда мектептің ішкі әрлендіру жұмыстары істелуде, сонан кейін сыртқы жұмыстары басталмақ. Басталғанына бір ай болмаса да күрделі жөндеу жұмыстарының 60 пайызы бітіп тұр. Осыдан-ақ жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. Бұл нысанда жетпістен аса адам жұмыспен қамтылған, оның 36-ы жергілікті жұмысшылар. Олардың айлық жалақысы шамамен 70-80 мың теңге екен. Жауапты маманның сөзінше, жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталмақ. Осы аралықта мердігер компания мектепте ғимараттың терезелерін, шатырын ауыстыру, ішкі қабырғаларын түсіріп, қайта сылап, едендерді жаңалау, кәріз жүйесін жүргізу, сыртқы қоршауларды ауыстырып, мектеп аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізбек.
Баспасөз туры барысында журналистер қауымы спорт бөліміне қарасты кент орталығындағы «Наркескен» спорт клубында болды. Мұнда да ғимарат ағымдық жөндеу жұмыстарынан өтуде. Жай жөндеу жұмыстарына 33 млн теңге қаржы қаралған. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстарының 60 пайызы біткен. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатовтың айтуынша, мердігер «Амиржан» ЖШС-ның жұмысшыларымен қатар, жұмыспен қамту орталығы арқылы бес адам екбекке тартылған. Екі айға жоспарланған жөндеу жұмысы осы айда аяқталмақ. Сонау 1966 жылы салынған ғимаратта бүгінге аудан спортшылары бапкер, жаттықтырушылармен бірге дайындық жұмыстарын жүргізеді. «Кент және елді мекендердегі жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында қол добы, үстел теннисі, асық ату, қол күресі, арқан тартыс, гір көтеру, тоғызқұмалақ, волейбол, футбол, баскетбол ойындарынан жарыстар өткізіп жүрміз. Асық ату, арқан тартыс секілді ұлттық ойындарды көптеп насихаттап, осы бағытта сайыстар ұйымдастырып келеміз. Рухани жаңғырудың негізі ұлттық құндылықтарды бүгінгі ұрпақ жадына сіңіру болса, оның бір тармағы ұлттық спорт түрлерін дамыту деп ойлаймын», – деп сөзін түйіндеді бөлім басшысы.
Соңғы жылдары аймақта құрылыс саласы серпін алды. Игілікті шаралар да лек-легімен қолға алынып, ел игілігі үшін жұмыс істеуде. Баспасөз турында журналистер қауымы аудан экономикасының, құрылыс жайының жаңаша қарқын алғанына көз жеткізді.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ