Қарқынды құрылыс – нәтижелі істің нышаны
Құрылыс саласының дамуы, елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары облыста құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. өткен жылы жалағаштықтардың да көкейлерінде жүрген мәселелері оң шешімін тапты. Бірнеше құрылыс нысаны пайдалануға беріліп, жұртшылық үлкен қуанышқа бөленді.
Жаңадан ашылған нысанның алғашқы сапында аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты тұр. Қанша жылдан бері талапқа сай жабдықталмаған, тозығы жетіп ескірген, іші тар ғимаратта орналасқан тәртіп сақшылары жаңа типтегі ғимаратқа көшті. Ішкі істер бөлімінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты Қазақстан полициясының 26 жылдығы қарсаңында өтті. Облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, заман талабына сай жабдықталған озық үлгідегі ғимарат бой көтерді. Аудандық ішкі істер бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында да жүйелі жұмыстар жасалды. Жаңа ғимаратта бақылау-өткізу пункті, мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған терезелер, кезекші бөлімшесі, қару-жарақ сақтау қоймасы, арнайы құралдар сақтау бөлмесі, тир бөлмесі, мәжіліс залы, тергеу бөлімшесі, анықтау тобы, криминалды полиция бөлімшесі, арнайы жауап алу бөлмелері, уақытша ұстау изоляторы, сонымен қатар әкімшілік қамақ, уақытша ұстау изоляторында қамауда отырғандарға арналған серуендеу орындары, фельдшер кабинеті, дезинфекция кабинеттері, кезекші бөлімшесінің бөлмелері, кездесу бөлмесі орналасқан.
Жағымды жаңалықтар мұнымен тоқтаған жоқ. Ауданға қарасты Мырзабай ахун ауылдық округінде де жаңа ауыл әкімшілігі ғимараты салынды. Іргелі елді мекен тұрғындарының көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, үлкен қуанышқа бөленді. Жаңа әкімшілік ғимаратының көлемі 149,33 шаршы метрді құрайды. Зәулім де жарық, жылы да кең ғимаратта әкімшілік қызметкерлері тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігінің қалыпты деңгейде, үзіліссіз жүргізілуі үшін күш салуда. Расында, елдің дамуы, әлеуметтік жағдайының жақсаруы үшін жаңа ғимараттың бой көтеруі қуантарлық жағдай. Жаңа нысанның халық игілігіне пайдалануға берілуі – ауылдың болашағы баянды, келешегі кемел екенін айшықтайды.
Қазақта «Қос дүниең абат болсын, қос тойың қабат болсын» деген сөз бар. Бірнеше жаңа ғимарат пайдалануға берілген Мәдениет ауылы үшін өткен жыл тарихи оқиғаларға толы болды. Ауыл орталығынан 90 орындық балабақша, 150 орындық клуб және спорт кешені бой көтерді. Астана қаласының 20 жылдығы мерекесі қарсаңында ауыл көркін аша түсетін, халқына берер пайдасы мол 90 орындық балабақша ашылып, көпшілікті бір қуантып тастады. Мердігер – «Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Облыстық бюджетке салынған ғимараттың жалпы ауданы 1437,97 шаршы метрді алып жатыр. Жас бүлдіршіндер балалық балдәуреннің қызығын көріп-біліп, тәні мен жаны сау, өз елінің лайықты азаматы болып өсуі тиіс. Осы мақсат үшін бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөліп, аудан көлемінде білім мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы нығайтылып, балабақшалар қатары көбеюде. Кез келген өркениетті қоғамның қай кезде болмасын толғандыратын негізгі мәселесі балаларды оқыту, тәрбиелеу десек, ауыл орталығынан талапқа сай бой көтерген балабақшадан елдің ертеңін жарқын ететін жастар шығады деп кәміл сенеміз.
Тіректі ауылда келесі бой көтерген жаңа нысан – 150 орындық клуб.
Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», – деп атап өтіп, «Еуразияның ең бір бай да бірегей мәдениеті – қазақ мәдениеті» деген еді. Елімізде мәдениет саласын дамытуға қажетті жағдайлардың барлығы жасалып отыр. Соның ішінде ауылдың мәдениетін көтеру, көркейту басты міндеттің бірі болды. Осының негізінде жаңа ауылдық клуб ғимараты бой көтерді, елді мекен мәдениетін әрі қарай дамытуға серпін берді. Жалпы ауданы 849,57 шаршы метрді алатын жаңа нысан қазірдің өзінде ауыл тұрғындары жиналып, түрлі рухани кештер мен шаралар ұйымдастыратын орталыққа айналды.
Қос қуаныштан соң мәдениеттіктер тағы бір жаңа нысанның ашылуының куәсі болды. Елді мекенде жаңа спорттық кешен бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Спорт кешенінің ашылуы, әсіресе, ауыл жастарына үлкен қуаныш сыйлады. Осы уақытқа дейін спорт мектебінде жаттығып жүрген балаларға бүгінде заман талабына сай жабдықталған спорт кешенінде уақыт өткізулеріне толықтай мүмкіндік жасалды. Онда бокс және күрес үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту жұмыстары қолға алынды. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы арқылы салынған спорт кешенінің бас мердігері – «Айдана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ғимараттың жалпы ауданы 1027,98 шаршы метрді құрайды, сыйымдылығы 120 орын. Айта кету керек, ауданда спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға зор көңіл бөлінуде. Қазіргі заманғы спорт алаңдары, дене шынықтыру жəне сауықтыру алаңдары салынуда. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді пайдалануына барлық жағдай жасалуда.
Қарап отырсақ, 2018 жыл аудан жұртшылығы үшін игі істер мен жарқын бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүзеге асқан мерейлі жыл болды. Шынында, құрылыс – қарқынды дамудың көрсеткіші. Ынтымақ пен бірлікті үлгі еткен жалағаштықтардың алар асуы алда.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.