«ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ДАМУҒА ЖОЛ АШАДЫ»
Құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бірнеше жылдан бері жалағаштықтардың да көкейлерінде жүрген мәселелері оң шешімін табуда. Бірнеше құрылыс нысаны пайдалануға беріліп, жұртшылық үлкен қуанышқа бөленуде. Биыл да жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттар бар. Біз осы құрылыс нысандарының бүгінгі жай-күйін білу үшін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Берік Тасыбаймен әңгімелестік.
– Берік Болтайұлы, соңғы жылдары аудандағы құрылыс саласы қарқынды дамуда. Өткен жылы Мәдениет ауылында бірнеше ғимарат пайдаланылуға берілді. Аудандық полиция бөлімінің ғимараты жаңартылды. Биыл да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Осы жағын әңгімеге арқау етсеңіз...
– Иә, құрылыс – қарқынды дамудың көрсеткіші. Аудандағы бой көтеріп жатқан ғимараттың барлығы осының дәлелі. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың басшылығымен Жалағашта құрылыс жұмыстарының қарқын алғанын атап өту керек. Соңғы жылдары бірнеше нысан пайдалануға берілді. Олар бүгінгі күні ел игілігі үшін қызмет етуде. Олардың алғашқы сапында аудандық полиция бөлімінің ғимараты тұр. Қанша жылдан бері талапқа сай жабдықталмаған, тозығы жетіп ескірген, іші тар ғимаратта орналасқан тәртіп сақшылары бүгінде жаңа типтегі ғимаратта жұмыс істеуде. Облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, заман талабына сай жабдықталған озық үлгідегі ғимарат бой көтерді. Аудандық ішкі істер бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында да жүйелі жұмыстар жасалды. Жаңа ғимаратта бақылау-өткізу пункті, мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған терезелер, кезекші бөлімшесі, қару-жарақ сақтау қоймасы, арнайы құралдар сақтау бөлмесі, тир бөлмесі, мәжіліс залы, тергеу бөлімшесі, анықтау тобы, криминалды полиция бөлімшесі, арнайы жауап алу бөлмелері, уақытша ұстау изоляторы, сонымен қатар әкімшілік қамақ, уақытша ұстау изоляторында қамауда отырғандарға арналған серуендеу орындары, фельдшер кабинеті, дезинфекция кабинеттері, кезекші бөлімшесінің бөлмелері, кездесу бөлмесі орналасқан.
Сонымен бірге ауданға қарасты Мырзабай ахун ауылдық округінде де жаңа ауыл әкімшілігі ғимараты салынды. Іргелі елді мекен тұрғындарының көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, үлкен қуанышқа бөленді. Жаңа әкімшілік ғимаратының көлемі 149,33 шаршы метрді құрайды. Зәулім де жарық, жылы да кең ғимаратта әкімшілік қызметкерлері тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігінің қалыпты деңгейде, үзіліссіз жүргізілуі үшін күш салуда. Қазақта «Қос дүниең абат болсын, қос тойың қабат болсын» деген сөз бар. Бірнеше жаңа ғимарат пайдалануға берілген Мәдениет ауылы үшін де өткен жылы тарихи оқиғаларға толы болды. Ауыл орталығынан 90 орындық балабақша, 150 орындық клуб және спорт кешені бой көтерді. Ауыл көркін аша түсетін, халқына берер пайдасы мол 90 орындық балабақша ашылып, көпшілікті бір қуантып тастады. Мердігер – «Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Облыстық бюджетке салынған ғимараттың жалпы ауданы 1437,97 шаршы метрді алып жатыр. Жас бүлдіршіндер балалық бал дәуреннің қызығын көріп-біліп, тәні мен жаны сау, өз елінің лайықты азаматы болып өсуі тиіс. Осы мақсат үшін бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөліп, аудан көлемінде білім мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы нығайтылып, балабақшалар қатары көбеюде.
Тіректі ауылда келесі бой көтерген жаңа нысан – 150 орындық клуб. Елімізде мәдениет саласын дамытуға қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда. Соның ішінде ауылдың мәдениетін көтеру, көркейту басты міндеттің бірі болды. Осының негізінде жаңа клуб ғимараты бой көтерді, елді мекен мәдениетін әрі қарай дамытуға серпін берді. Ендігі жерде ауыл тұрғындарының жиналып, түрлі рухани кештер, шаралар ұйымдастыруына барлық жағдай бар.
Қос қуаныштан соң мәдениеттіктер тағы бір жаңа нысанның ашылуына куә болды. Елді мекенде жаңа спорттық кешен бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Спорт кешенінің ашылуы, әсіресе ауыл жастарына үлкен қуаныш сыйлады. Осы уақытқа дейін спорт мектебінде жаттығып жүрген балаларға бүгінде заман талабына сай жабдықталған спорт кешенінде уақыт өткізулеріне толықтай мүмкіндік жасалды. Онда бокс және күрес үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту жұмыстары қолға алынды. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы арқылы салынған спорт кешенінің бас мердігері – «Айдана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ғимараттың жалпы ауданы 1027,98 шаршы метрді құрайды, сыйымдылығы 120 орын.
– Қазіргі таңда ауданда әкімшілік, аурухана және М.Шәменов ауылында мектеп құрылысы жүруде. Бұл нысандардың құрылысы қашан аяқталады?
– Биылғы жылдың еншісінде аудан әкімдігінің жаңа ғимараты тұр. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жобаның жалпы құны – 309,7 млн теңге. Мердігер – «Real Story Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда қаржының 204 млн теңгесі аударылды. Құрылыс жұмыстары қалған қаржының берілуіне байланысты аяқталып қалады. Құрылысы басталған аудандық аурухананың жалпы құны 3,8 млрд теңгені құрайды. Типтік жобадағы үш қабатты аурухана терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, қан алу сияқты бірнеше бөлімді қамтиды. Ауқымды жұмысты құрылыс саласындағы тәжірибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС қолға алып, келесі жылы ел игілігіне ұсынуды көздеп отыр. Қазіргі таңда құрылыс басындағы жұмыстар қарқын алды. Мұнда 90 адам еңбек етуде. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 20-сы жалағаштық тұрғын. Күнделікті жоспар бойынша жұмыс атқарылады. Техникалар мен құрылысқа қажетті материалдардың барлығы жеткілікті. Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағытта 2015 жылы Жалағаш кентінде 250 келушіні қабылдайтын типтік жобадағы үш қабатты емхана ғимараты бой көтерген болатын. Ол заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған.
Жалпы өңірдегі 20 мектептің барлығы типтік жобада салынған. Осыған дейін М.Шәменов ауылындағы апаттық жағдайдағы білім беру ошағының қайта салынуына қаржы қаралған болатын. Соның ізімен жаңа мектеп ғимараты бой көтеруде. Ауылдағы №34 орта мектеп ғимараты апаттық жағдайда болатын. Апатты жағдайда деп танылғанымен мектеп әкімшілігі оқушылардың жан-жақты білім алуына күш салып келді. Құрылысы жүріп жатқан 140 орындық мектептің жалпы құны – 689,427 млн. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек ауданда күрделі жөндеуден өтіп жатқан ғимараттар бар. Аудандық орталық кітапханаға шағын бу қазандығын салу жұмысы сараптамадан өтіп, бюджеттік өтінім өткізілді. Жоба-сметалық құны – 27,9 млн теңге. Кенттегі қуаттылығы 30 МВт «Күн электро станциясының құрылысы» жүруде. Бас мердігер – «Metka KZ EGN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен бірге әкімшілік ғимаратын шатырлау жұмысына бюджеттік өтінім тапсырылды. Сметалық құны – 13,2 млн теңге. Сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөліміне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Ал №201 орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айының 28-іне дейін аяқталады. Айта кету керек, бұл жұмыстарға ауылдық желердегі жұмыссыз азаматтар да тартылды. Уақытылы еңбекақысын алуда.
– Бүгінде елді мекендерде ауыз су жүйесінің жаңғыртылып жатқанынан хабардармыз. Тіпті әрбір үйге сапалы су кіргізу үшін жұмыс жасалуда деп естідік. Осы туралы айтып өтсеңіз...
– Жалағаш ауданы бойынша кентті, барлық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүзге асуда. «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 9 елді мекенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2017 жылы Қаракеткен елді мекенінің ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық, облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. 2018 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» сәйкес М.Шәменов, Мырзабай ахун ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қолға алынды.
2018 жылы құрылыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ осы бағдарламамен 2018 жылы Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл елді мекендерін ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына республика, облыстық бюджеттен қаржы бөлінген болатын.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүруде. Жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.Осы жылы Таң ауылдық округі, Жаңақоныс елді мекенін ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына республика, облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Қазіргі таңда Қаракеткен ауылдық округі, Далдабай елді мекенінде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
– Алдағы уақытқа жоспарланып отырған жұмыстар бар ма?
– Өзіңіз байқағандай, аудан көлемінде біраз құрылыс жұмыстары жүруде. Олардың көбісі жақында пайдалануға беріледі. Біз республикалық, облыстық бюджеттен қаржы тарту арқылы әлі де біршама жұмыстарды қолға алуды жоспарладық. Бүгінде Есет батыр, Мәдениет ауылдары аумақтарында мал қорымын дайындау жұмыстарына жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өтіп, бюджеттік өтінімге тапсырылды.
Тағы бір жаңалық кенттегі қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салу қолға алынды. Оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер «Проект Сервис» ЖШС. Сонымен қатар Жалағаш кентінің «Дәуімбай» учаскесінде салынатын 3 бөлмелі 30 тұрғын үй құрылысы жобасын қаржыландыруға тиісті құжаттар тапсырылды. Бұдан бөлек қазіргі білім бөлімінің ғимараты бұзылып, орнына 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі салынбақ. Ендігі жылы ауданның шетіне бассейн салу көзделуде. Бұл үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Бассейннің ауданның шеткі бөлігіне салынуының да өзіндік себебі бар. Біз бассейннен шығатын судың көлемін есептеп отырмыз. Орталыққа салынған жағдайда су кететін жер болмай қалуы мүмкін. Бұл қиындық туғызады. Сол себепті су төгетін жерді дұрыс ұйымдастыру мақсатында шеткі бөлікке салуды жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Сұхбаттасқан Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ