ЖАЛАҒАШ – ЫНТЫМАҚ ПЕН БЕРЕКЕНІҢ, ЖЕТІСТІК ПЕН ТАБЫСТЫҢ МЕКЕНІ
Жалағашқа Асылбек Шәменов әкім болып тағайындалғалы 100 күн өтті. Содан бері не істелді, қандай жұмыс атқарылды, көзге көрінетін тындырымды тірлік бар ма? Осы сауалдардың жауабын табу үшін аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы Шәменовпен сұхбаттасқан едік.
– Сыр еліндегі тамыры терең, тарихы кенен, халқы ынтымақты сүйетін, еңбекті ту, бірлікті ұран еткен өңірдің бірі – Жалағаш ауданы. Қызылорда елімізді күрішпен қамтып отырса, сол Сыр салысының үштен бірге жуығын да өндіретін осы – Жалағаш. Бұл жерден орақты тілді шешен де, ел бастаған көсем де, қол бастаған батыр да шыққан. Сұрақты төтесінен қояйын. Асылбек Өмірбекұлы, сіз үшін Жалағаш ауданы несімен ерекше?
– Біріншіден, бұл – менің туған жерім. Осы ауданда туып-өстік, өндік. Ата-бабам, әкем осы топырақтан нәр алған. Ол кісілер осындағы жұрттың әлеуетін көтеру үшін еңбек еткен жандар. Бір сөзбен айтқанда, біздің тамырымыз осы өңірге байланған. Сол себепті мен туған өлкенің тарихын, өткені мен бүгінін, халқының жағдайын жақсы білемін деп айта аламын.
Жалағаш жері – ырысы артып, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі көпке үлгі болған, дүбірлі додаларда топ жарған көптеген ақын-жыршының, ел қорғаған батырдың, есімі тарихта қалған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құтты мекені. Түп тарихы тереңде жатқан өңір – бұрыннан құт дарып, бақ қонған өлке. Шығысы Сырдария, батысы Қармақшы ауданымен, теріскейі Жезқазғанға жалғасып, түстігі Қарақалпақпен қабаттасып жатыр.
Бұл жерден еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолға саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағартушы-ұстаздар мен көптеген ғалымдар шыққан. Сәрке, Бұқарбай, Бәйтік, Тоғанас батырлар ел қорғаны болса, Сырман қожа, Түмен, Мәмбет, Беркінбай әулиелер, Мырзабай, Дәулетназар, Тоқсанбай, Шаймағамбет пен екі ауданда ортақ тұлға Қалжан ахун өмір сүрген, әруақ қонған киелі өлке талай берекелі істің бастауында тұр.
Бұл өңірде өмір сүрген ақын, күйші, жыршы, ғалым мен ерекше дарын иелері аз емес. Қара сөзден дес бермеген Құба би, Бекіш, Бостай, Өмірбай шешен, Үбіс, Мысық, Алданазар, Асан, Шортанбай, Тынымбай билерден аталы сөз қалған. Ұлт болашағы, ел келешегі үшін елеулі еңбек етіп, ізгілік туын жоғары ұстаған абзал азаматтар да осында. Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік шоғыры шыққан қасиетті жердің бірі де осы – Жалағаш өңірі. Керейт, Даңмұрын, Нысанбай, Жарылқасын қожа, Шоңбай ақын жыр төккен, Төлеубай Үркімбаев, Әбдікәрім Оңалбаев, Әбілда Жүргенбаев, Зордан Салықбаев отты өлеңдерімен нұр құйған аймақ бұл. Белгілі қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов, Шекер Ермағанбетованың, белгілі журналистер Кеңесбай Үсебаевтың, Әбдірашит Бердәулетовтің, Зейнолла Жарқынбаевтың, әдебиет зерттеушісі Мардан Байділдаевтың кіндік қаны тамған жер.
Еңбектің ерен үлгісін көрсеткен Исатай Әбдікәрімов, Несіпбай Әпрезов, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Қазына Жүсіпова, Тұршабек Елеусінов, Ысқақ Жолмырзаев Социалистік Еңбек Ері атаған аймақ та – осы өлке.
Ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушылары тұрған жерінде еңбегінің ізі қалған Мөрәлі Шәменов, Далдабай Жалтынов, Камал Бердәулетов, Өмірзақ Тұңғышбаевтар туып-өскен жер де осы Жалағаш екенін айта кеткен жөн.
Бұл тізімнің мұнымен бітпесі анық. Дегенмен республика бойынша өткен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, жуырда ғана академик атанған дәрігер Болатбек Баймаханов, жырау Айдос Рахметов пен айтыскер ақын, “Алтын домбыра” иегері Мұхтар Ниязовтың осы өлкеден екенін айта кеткен жөн.
– Сөзіңіздің жаны бар. Бұл аймақтан ондаған еңбек майталманы шықты. Республикаға еңбегі сіңген қызметкерлер саны жиырмадан асты. Мемлекеттік сыйлық иелері, депутаттар да осы өңірден табылады. Осында туған, осында еңбек жолын бастаған азаматтар республика, облыс, аудандарда жоғары қызмет атқарғанына айтар деректер мол. Мұның барлығы Жалағаш жерінің қасиетті, құтты мекен екенін айғақтап тұр. Сексен жылдан астам тарихы бар Жалағаштың жыл санап көркейіп келе жатқаны әмбеге аян. Сөзіңізге қарағанда, Жалағаштың шын жанашыры сияқтысыз. Ауданның тізгінін ұстап, әкім қызметіңізге кіріскелі 100 күннің жүзі толыпты. Әрине, көп уақыт емес. Бірақ тамырыңыз байланған өлкені көркейтіп, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін қандай жұмыс атқардыңыз?
– Жалағашты көркейту мақсатында атқарылатын жұмыстар биыл да жалғасты. Әлі де жалғаса береді. Биыл аудандағы құрылысты жаңғырту және жол жөндеу бағытында 18 түрлі жоба жүзеге асады. Оның бірқатары басталып та кетті.
Биыл жөндеуден өтетін нысандардың қатарында Аққыр және Мақпалкөл ауылдық округтеріндегі мектептер бар. Білім ошақтарына күрделі жөндеу жүреді. Кент орталығындағы ескі емхананың іргесі берік, қабырғасы мықты ғимаратын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Бұл ғимарат жаңғыртудан өтіп, балабақша ретінде пайдаланылуға беріледі. Бұдан бөлек Аққұм, Бұқарбай батыр ауылдарындағы емхана мен дәрігерлік амбулатория ағымдағы жөндеуден өтеді. Аудандағы жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратына да ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. Сонымен қатар Жалағаш кентіндегі және Таң елді мекеніндегі мәдениет үйлері де жөндеуден өтеді. Осы секілді ағымдағы жөндеу жүргізілетін нысандардың қатарына аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығының спорт және акт залдары, №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі, “Наркескен” спорт клубы және М.Шәменов ауылындағы спорт алаңдары еніп отыр.
– Құрметті әкім мырза, 18 жобаны санамалап, атқарылатын жұмыстың бағытын байқаттыңыз. Осы жобалардың қайсысы басталды? Қай нысанда нендей жұмыс атқарылуда?
– Мақпалкөл ауылдық округіндегі білім ошағы – «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысанның бірі. Темірбек Жүргенов атындағы мектеп ғимаратына 30 жылдан астам уақыттың ішінде мұндай жөндеу жұмыстары жүрмеген. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл аталған білім ошағына күрделі жөндеу жүретін болып, бюджеттен қажетті қаржы қаралды. Сәйкесінше, тиісті жұмыс жүруде.
Сәуір айының соңында конкрус қорытындысымен жеңімпаз деп танылған «Real Stroy Invest» ЖШС мектеп құрылысын бастап кетті. Мердігер мекеме бұйыртса, жаңа оқу жылында оқушылардың сапалы ғимаратта еш кедергісіз білім алуына жағдай жасамақ. Жалпы құны 171 млн 898,3 мың теңгені құрайтын бұл жоба тамыз айының екінші онкүндігінде аяқталады деп күтілуде. Мемлекеттік бағдарламамен қолға алынған бұл бастаманың өзіндік маңызы бар. Мәселен, жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме тек құрылыстың сапасына жауап берумен шектелмейді. Мұнымен қоса ол жұмысшылардың 50 пайыздан астамын жергілікті жерден алуға міндетті. Бұл бағдарламаның жұмыссыздық мәселесін шешуге де септігі тиеді.
Жалпы білім саласына көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Ауылдық елді мекендердегі бірнеше мектеп ғимаратының мәселесі де шешімін тауып жатыр. Осыған дейін М.Шәменов ауылындағы білім ошағы апатты жағдайда екені айтылған еді. Қазіргі таңда аталған ауылда жалпы құны 689 млн 427 мың теңгені құрайтын 140 орындық жаңа мектептің құрылысы жүруде. Ал Еңбек ауылындағы білім ошағы осыдан 3-4 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтсе, аудан орталығынан шалғай жатқан Аққыр ауылындағы №188 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да қолға алынды. Ауыл мектебінің көне ғимаратын жаңалауға қазынадан 200 млн теңгеге жуық қаржы қаралған.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асатын жобаның ішінде Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын жарықтандыру жұмысы да бар. Жарықтандыру жұмысын барлығы 6 адам атқармақ. Бұл жобаға да жергілікті тұрғындарды тарту көзделуде. Сонымен қатар аудандағы №13 олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстары бар. Айта кету керек, №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің түлектері де талай спорттық жарыстарда аудан намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мұнда 4 спорттық үйірме бойынша 200 спортшы жаттығады.
Спорт мектебінің шәкірттері осы уақытқа дейін көптеген спорттық сайыстарға қатысып, жүлдемен оралуда. Олардың жеңісі ауданның мерейін асырып, өңірдегі осы саланың дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Талай саңлақты тәрбиелеп отырған спорт мектебі талапқа сай болуы керек. Қазіргі таңда сыртқы жұмыстары жүруде. Оның ішінде шатырын жаңарту және ғимараттың сыртын қаптау – басты орында. Арнайы бағдарлама шеңберінде атқарылып жатқан бұл жұмыстарға жергілікті жерден де бірнеше адам тартылған. Мердігер компания – осы салада тәжірибесі бар «Real Strоy Invest» ЖШС. Аталған ғимараттың жөндеу жұмыстары сапалы жүргізіліп, аудан спортшыларының спортпен шұғылдануына жағдай жасалады деп сенеміз.
Өңірдегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы жөндеуден өтіп жатқан ғимараттардың тағы бірі – М.Шәменов атындағы ауылдық округіне қарасты ойын алаңы. Ойын алаңының жөндеу жұмыстарына аудан бюджетінен қаржы бөлініп, қазіргі таңда жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Жұмысқа жауапты компания – «Амиржан Company» ЖШС. Жұмысшылардың қатарында жергілікті жерден де адам бар. Тиісті мамандар ойын алаңының ескірген жасыл төсенішін жаңартуда. Бұл жұмыс біткесін алаңның басқа бөлігін жөндейтін болады. Екі нысан да белгіленген мерзімде пайдалануға берілмек. Аталған мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұсы көп. Әсіресе бағдарлама аясында мердігер компанияның жұмысшыларымен қатар жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылған. Бұл тұрғындар уақытша болса да жұмыспен қамтылып, нәпақасын тауып жүр.
Ауыл көркейсе, аудан да көркейеді. Ауылдың ахуалы бәрімізді алаңдатуы тиіс. Өйткені ауылдық жерлердегі ахуал жақсарса, тұрғындардың да әл-ауқаты жақсарады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көптеген нысан әлі де болса жаңарады деп ойлаймыз. Бастысы, жұмыстың сапалы болуы. Ғимараттар жаңарып, жаңа кейіпке енсе, ауылдың ажары артады. Аталған нысандар ел игілігі үшін жұмыс жасаса, спортшылардың салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағынан жағдай жасалса жұмыстың өнгені, сенімнің ақталғаны.
– Журналист болған соң тұрғындарды мазалап жүрген қандай да бір мәселе болса, соны газет арқылы көтеріп, көптің көкейіндегісін атқарушы билікке жеткізуге тырысамыз. Халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір болу да біздің міндет. Сол себепті көптің көкейінде жүрген сұрақты қояйын. Жалпы аудан бойынша қанша жол жөнделді? Биыл қанша көше асфалттанады? Әңгіменің ауанын жол жөндеу жұмыстарына бұрсаңыз…
– Өткен жылғы жұмысқа шолу жасасақ, жол жайы көңіл қуантарлықтай. Былтырғы жылдың еншісіне алынған бұл жұмыс нәтижесін берді. Кенттегі 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге құжаттар әзірленді. Тиісті қаржы қаралды, жұмыс жасалды, жол жөнделді. Нәтижесінде Бұқарбай батыр, Абай және Нысанбай жырау көшелерінің сапасы сын көтерердей жағдайға жетті. Сондай-ақ «Самара-Шымкент-Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымы жөнделді. Әсіресе осы бағыттағы жолдың басым бөлігінің жөндеуден өткені, елді мекен тұрғындарына қуаныш сыйлады. Сонау Еңбек, Есет батыр, Жаңадария ауылдарынан күн сайын қатынайтын қоғамдық көліктердің жүрісі біршама жеңілдеді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда.
Биыл Жалағаш кентіндегі Сопбеков, Амангелді, Бисенов, Сәрке батыр, Әйтеке би, Қазыбек би көшелері жөнделеді. Сонымен бірге аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына да орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Айталық, Қаракеткен ауылына кіреберіс жолдың 2,575, Таң ауылына кіреберіс жолдың 3,3, «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» автомобиль жолын орташа жөндеу, яғни Еңбек- Есет батыр ауылдар аралығы 8-20,3 аралығының 12,3, «Самара-Шымкент-Мәдениет-Т.Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» автомобиль жолын орташа жөндеу, яғни 6-шы посттан Мырзабай ахун мешітіне дейін 9,4 шақырымы жөндеуден өтпек.
Бұдан бөлек Ақсу ауылына кіреберіс жолдың 2,3, Бұқарбай батыр ауылының кіреберіс бөлігінің 6,3 және Есет батыр-Жаңадария аралығындағы 17,1 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, ведомстволық сараптамадан өтуде.
– Соңғы жылдары өңір дамуында серпіліс бар. Мұны жыл сайын жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар, жөнделген жол, ауыз су мен жарық мәселесінің бір жолға қойылуы айғақтайды. Өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. Бұл жұмыстар ауданның дамуына тікелей әсер етіп қана қоймай, әлеуметтің әлеуетінің жақсаруына, тұрмыс сапасының артуына да септігін тигізетіні белгілі. Осы орайда аудандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз...
– Шағын және орта кәсіпкерлік – елдегі жұмыссыздықты азайтудың, саланың елді мекендерде кең қанат жаюының, жеке тұлғалардың күнкөріс деңгейін арттырып, табысын молайтудың бірден-бір жолы. Мұнымен қоса дамушы мемлекет үшін кәсіпкерлікті өрістету өркениетті елдермен иық тіресуге де мүмкіндік беретін сала. Сол себепті қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласына көмек те, қолдау да көп. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі де осы шағын кәсіпкерлік саласының аясын кеңейтуді көздейді. Бұл ретте бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске қосылып, кәсіпкерлердің игілігіне жұмыс істеуде. Аудандағы кәсіпкерлік саласы кенже қалмай, қолдан келгенше кәсібін дөңгелетемін дегендерге қолдау білдіруде.
Аудан бойынша 2331 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны – 2147 субъекті. Дегенмен қазіргі уақытта жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға өсім алған. Өнеркәсіп өнімін өндіру саласы бойынша есепті кезеңде 6 738,0 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,1 есеге артық орындалған. Аудандағы өнеркәсіп өнімінің өсім алуына «Таң ЛТД» ЖШС А.Исахановтың күріш ақтау зауытының үлесі тиіп отыр. Яғни, осы күріш ақтау цехындағы жұмыстың ширақ әрі өнімді, нәтижелі болуы аудан өнеркәсібінің өсім алуына айтарлықтай септігін тигізуде. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы 7,8 есеге артып, 6 436,9 млн теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде электрмен жабдықтау 74,6 пайыз болса, сумен жабдықтау 76,9 пайызды көрсетті.
Ал негізгі капиталға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 6 648,0 млн теңгені құраса, өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішке қарағанда 112,7 пайызға артқан.
Айта кетейік, ауданда мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын және орта бизнесті қолға алғандар көп. Ресми мәлімет бойынша өткен жылдың бірінші жартыжылдығында ауданда 2340 шағын кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Бүгінгі күнге жұмысын дөңгелетіп әкеткен азаматтар аз емес. Кәсіпкерлік бағыттағы ашылған әрбір нысанның иесінен бөлек, басқаларға да пайдасы тиетіні анық. Ауданға түсетін салықтан бөлек, кәсіп иелері жұмысының көлеміне қарай бірнеше адамды жұмыспен қамтиды.
– Жалағаштың аграрлы аудан екенін жақсы білеміз. Сол себепті мұндағы жұрттың басым бөлігі несібесін осы саладан іздейтіні жасырын емес. Бір кездері “Ақ күріштің Қостанайы” атанған аудандағы егіннің жайы қалай?
– Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Жалағаштың диқандары ел ризығын еселеу жолында қашанда табандылық танытып келеді. Биыл Жалағашта 36731 гектар алқапқа егін егілді. Соның ішінде күріш 21600 гектарға себілді. Сонымен қатар жаздық бидай 507, мақсары 1757, жаңа жоңышқа 3715, ескі жоңышқа 6452, картоп 500, көкөнiс 1000, бақша дақылдары 1200 гектар алқапқа егіліп, күтімге алынды.
Мемлекет тарапынан берілетін көмек те шаруашылықтардың жұмысын оңтайландыруға сеп болуда. Ауданда көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 3300 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл жұмыспен «Нефть-Транс Қызылорда» және «РК-Мұнай» ЖШС айналысты. Мемлекет бұдан бөлек егін шаруашылығын субсиялауға арналған басқа да көмекті беріп, диқан қауымды ынталандыруда. Жан-жақты қолдауды сезінген шаруа қожалықтары жұмыс істеуге қажетті техникаларын да жаңалауда. Биылдың өзінде «ТехноЛизинг» ЖШС және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы бірнеше техника алынған.
Еңбектің даңқын асырған егінші жұрт бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғарғы белестерді мойындатудың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ретте “Агрохолдинг Қызылорда” ЖШС жұмысын алға тартуға болады. Аудандағы күріш саласының ірі кәсіпорны саналатын мекеме 22 шаруашылықпен 359,8 млн теңге қаржыға фьючерстік келісім шарт жасасып, оның 309,4 млн теңге қаржысы берілген.
Қызылорда облысында егілетін күріштің үштен біріне жуығын өндіретін Жалағашта мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бергі мәлімет бойынша мүйізді ірі қара 37319-ға жетсе, жылқы 14624 басты құрап отыр. Ойсылқара тұқымы 541 болса, қой-ешкі 52699-ға жеткен.
Еңбектің ер атандыратынын жан-тәнімен түйсінген жалағаштық еңбеккерлер қашанда көш басында екені белгілі. Несібесін жерден терген диқандар еткен еңбектің еш кетпесін біледі. Жалағаштағы жұртшылық жұдырықтай жұмылғанда ғана жетістікке жететіндіктерін естен еш шығарған емес. Ал біз Жер-Ананы идіріп, төрт түлікті түлетіп отырған ағайынның несібесі ортаймасын деген тілек білдіреміз.
– Асылбек Өмірбекұлы, сіз Жалағашқа әкім болып келген тұс елде коронавирусты инфекцияның белгілері бар науқастар тіркелген кез болатын. Көп ұзамай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялады. Дәл осындай сәтте аудан тізгінін қолға алған сізге де оңай тимегені сөзсіз. Мұндай кезде ел басқарған азаматтар мамандармен ақылдасып, тұрғындарды дерттен қорғаудың амалына көшетіні белгілі. Жұрт “Келгеніне көп болмаса да Шәменов аудан әкімі ретінде тиісті шараларды қабылдады” деп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялаған індетпен күресу бағытында ауданда қандай жұмыс атқарылуда?
– Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус індеті біздің елді де айналып өтпеді. Мемлекетте төтенше жағдай жарияланғаннан кейін ауданда да тиісті шаралар қолға алынды. Бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығына ерекше мән берілді. Кент пен ауылдарға кіре беріс жерлерге блок-бекеттер орнатылды. Жалағашқа кіретін барлық ауылдың қақпасы жабылды. Мамандар күндіз-түні күзетіп, ауданға кірген-шыққан адамдарды бақылап отырды. Сол кездерде рұқсатсыз, тексерусіз сырттан ешбір адам кіргізілмеді. Мұндай блок-бекеттерде денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірге тәртіп сақшылары да тәулік бойы жұмыс істеді. Кезекшілікті мемлекеттік қызметшілер де атқарды.
Дезинфекциялық жұмыстар да уақытылы жүргізілді. Арнайы топ азық-түлік бағасының өспеуін қадағалап, күнделікті мониторинг жасап отырды. Төтенше жағдай кезінде тігін цехтары бетперде тігіп, ел игілігіне ұсынды. Мектептер қашықтан оқыту жүйесінде жұмыс істеді. Пандемияға қарсы күрес жан-жақты жүргеннен кейін нәтижесі де жаман болмады. Төтенше жағдай режимі аяқталып, блок-бекеттер алынғанша, Жалағаштан коронавирусты инфекцияның белгілері бар бірде бір науқас тіркелген жоқ. Тек блок-бекеттер алынып, тұрғындар карантин талаптарын дұрыс сақтамаған кезде ғана ауданда індет жұқтырған науқас тіркелді. Өкінішке орай көпшілік “босаңсуға болмайды, төтенше жағдай режимі аяқталғанмен карантин талаптырын сақтау керек” деген ескертпелерге баса мән бермеді. Осындай салғырттық пен немқұрайлылықтың кесірінен Жалағашта індет жұқтырған науқастардың саны артып келеді. Бірақ осылай болды екен деп салы суға кететін мамандар жоқ. Жалағаштағы мамандар дертті дендетпес үшін барларын салып күресуде. Дезинфекциялық жұмыстар әлі де жалғасуда. Мамандар адамдар көп шоғырланатын аймақтарды, сауда орталықтары мен базар маңын, темір жол вокзалы мен автовокзалда санитарлық-дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуде. Арнайы топ сауда орталықтары мен базар маңын, темір жол вокзалы мен автовокзалда, жалпы көпшілік барады-ау деген жердің бәрін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олар халыққа бетпердесіз жүруге болмайтынын, көшеде жүргенде арақашықтық сақтау қажеттігін ескертуде.
Орайы келгенде елде төтенше жағдай болғанда балаларды қашықтан оқытқан мұғалімдерге, халықтың денсаулығын бірінші орынға қойған медицина саласының мамандарына және елдегі тәртіпті қамтамасыз етіп отырған полиция қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді.
– Нәтижеге бағытталған жұмыстың жемісін берері сөзсіз. Ал жемісті жұмыс әлеуметтің әлеуетін арттырады. Сұхбаттасу барысында ауданға жаңа мектеп салынып, бірнеше білім ошағы күрделі жөндеуден өтетінін айттыңыз. Спорт мектебін жөндеуге, жол мен жарықтандыруға қатысты да бірқатар мәселенің түйіні тарқатылмақшы екен. Жалағаш жұртын қуантатын тағы нендей жаңалығыңыз бар?
– Жалағаштағы қай саланы алсақ та алға қарай ұмтылған серпінді қадамдарды көруге болады. Білім мен мәдениет салаларында ауыз толтырып айтарлық жетістік жеткілікті. Бұл салалар облыста үздіктердің қатарында екенін айта кеткен ләзім. Спортта да жүйелі жұмыс бар. Соның бір айғағы ретінде ауданның он мыңнан астам тұрғыны спортпен шұғылданатынын атап өту керек. Бұл – салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстың жемісі.
Денсаулық сақтау саласында да көрсетерлік нәтиже аз емес. Айта кетейік, 2015 жылы Жалағаш кентінде 250 келушіні қабылдайтын типтік жобадағы үш қабатты емхана ғимараты бой көтерген болатын. Ол заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған. 36 мыңға жуық жергілікті халыққа, бұлардан бөлек, 4 ауылдық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік, 3 медициналық бекет қызмет көрсетеді.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар да қарқынды екенін айта кеткен жөн. Мақпалкөлдегі алма бақ, Еңбектегі жылыжай, кент орталығынан ашылған қоғамдық монша мен қонақ үй, дәріханалар сөзімізді қуаттай түседі. Сүйіншілейтін жаңалықтың тағы бірі – Жалағаш кентінің шығыс бөлігінен жаңартылған энергия көздерін өндіру мақсатында салынған күн электр станциясы.
Тілге тиек еткен жобалардың барлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізері кәміл. Қазір Жалағаш бұрынғыдай емес, жыл санап өсіп-өркендеп келеді. Өңірде биыл да ел еңсесін тіктейтін жұмыстар жүруде. Басқасын айтпағанның өзінде кенттегі алты бірдей көше жөнделеді. Салынып жатқан жаңа типтегі аурухана бітсе, тұрғындардың қуанышы еселене түсері сөзсіз. Газдандыру жұмыстары аяқталса, Жалағаштың жұрты көгілдір отынның игілігін көреді.
Біз қандай жұмысты атқарсақ та елдің кемел келешегі үшін жасаймыз. Жұртшылық қазір той тойлайтын заманның өткенін түсінсе деймін. Ғылымға, білімге ұмтылатын, сол арқылы елдің көсегесін көгертетіндердің уақыты келді. Көпшілікті еліктіріп, желіктіретіндер емес, кәсіп ашып, өндірісті өркендететіндер алдыңғы шепке шығады. Екінші жағынан, жақынымызға жанашыр болып, карантин талаптарын барынша сақтағанымыз абзал. Әйтпесе, елдің саулығы үшін жасап жатқан жұмыстың барлығы бекер болуы мүмкін. Жақынымызға жанашыр болайық, ел еңсесін бірге тіктейік.
– Риясыз әңгімеңізге рақмет. Ел аман, жұрт тыныш та жолығайық.
Сұхбатты жүргізген
Азиз БАТЫРБЕКОВ