Еңсесі биік елорда
Қазақстан астанасы – мемлекеттің саяси-әкімшілік орталығы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің символы. Қазақ елінің өз саясатын жүргізетін, өз даму үрдісін айқындаған, бәсекеге қабілетті ел ретінде танылуы – тәуелсіздіктің жемісі. 1920 жылы 22 қыркүйекте Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылды. 1920 жылы Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялы республика болып құрылған соң 1920-1925 жылдары Орынбор Қазақстан астанасы болды. 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-ның құрамында болып келген, Сырдария, Жетісу облыстары және Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді. Ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. Астананы Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жөнінде қаулы қабылданып, алайда Мәскеудің араласуымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешілген болатын. Содан соң 1925 жылы 9 ақпанда мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке ауыстыру туралы қаулы қабылданды. Сол жылы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ» деп, «Киргиз АКСР-ы» атауын «Қазақ АКСР-ы» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда қаласы деп өзгерту туралы қаулы қабылданды. 1925 жылы мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді. Жаңа астана құрылысына, Қызылорданы Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретінде орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов сынды бірқатар қоғам қайраткерлері белсене қатысты. Осылайша, Қызылорда қаласы 1929 жылдың мамыр айына дейін ҚазақАКСР-ның астанасы болды.
Мұнан соң, Жоғарғы билік өкілдері Сыр өңірінің экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз деп тауып, ел астанасын Алматыға ауыстыру жөнінде қаулы қабылдады. Елорданың Сыр өңірінен Жетісуға ауысуына Түркістан-Сібір теміржолының іске қосылуы да тікелей әсер еткен. Ауа райы қолайлы, табиғи көркем жерде орналасқан Алматы қаласы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналды. Астана болған жылдары Алматы миллионнан астам халқы бар, жан-жақты дамыған әсем де шырайлы шаһарға айналды. Алматы қаласы 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды.
Сонымен 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ел астанасын оңтүстік-шығыстан орталыққа көшіру мәселесі көтерілді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жаңа астананы орналастыруға оңтайлы жерді, қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аймағы мұқият зерттелді. Зерттеу нәтижесінде барлық жағынан қолайлы деп танылған Ақмола қаласы болды. Зерттеуші арнайы топ бұл қаланың орналасқан жері сәулетшілік тұрғысынан кез келген жобаны жүзеге асыруға толығымен мүмкіндік береді деген. Мамандардың бағалауы бойынша Ақмолада тұрғын үйлер мен әкімшілік, іскерлік ғимараттарын салу бағасы да Алматымен салыстырғанда едәуір арзанға түседі деп топшыланған, әрине бұл шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның жаңа астанасын салу – Елбасы Н.Назарбаевқа тиесілі идея. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді ҚР Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Мұнан соң Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілген болатын. Жаңа қаланың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Содан бері 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алып, 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болды. Жалпы Қазақстан астаналарының тарихы өте бай. Әрқайсысының ел игілігі үшін, дамып өркендеуі үшін қосқан үлесі зор. Сол жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің бас қаласы болып қалыптасып, мемлекетте жаңа, жас қаланың іргетасы қаланды.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ