» » СЕНІМ БАР ЖЕРДЕ КҮДІК ТҰРМАЙДЫ

СЕНІМ БАР ЖЕРДЕ КҮДІК ТҰРМАЙДЫ

Өткен жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласынан бастау алған пандемия бүгінде әлемнің көптеген еліне тарап үлгерді. Індетпен күресу үшін Қазақстанда да көптеген шара атқарылды. Республика көлемінде жыл басынан бері бірнеше рет карантин жарияланып, бір рет төтенше жағдай енгізілді.

Әлемді пандемия жайлап, дүние дүрбелеңге түскелі бірнеше айдың жүзі болды. Аты жаман індет күннен-күнге таралу аймағын кеңейтіп келеді. Қазақстан халқының амандығы мен саулығын ойлаған Мемлекет басшысы үндеу жариялап, коронавирусты жұрт болып жұмылғанда жеңетінімізді баса айтты.
Өкінішке орай әлемді сарсаңға салған дерт елімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекет басшысы төтенше жағдай жариялаған кезде Жалағашқа да блок-бекеттер орнатылды. Кент пен ауылдарға кіре беріс жерлерде блок-бекеттер тұрды. Жалағашқа кіретін барлық ауылдың қақпасы жабылды. Мамандар күндіз-түні күзетіп, ауданға кірген-шыққан адамдарды бақылап отырды. Сол кездерде рұқсатсыз, тексерусіз сырттан ешбір адам кіргізілмеді. Мұндай блок-бекеттерде ден­саулық саласының мамандарымен бірге тәр­тіп сақшылары да тәулік бойы жұмыс істеді. Дезинфекциялық жұмыстар да уақытылы жүргізілді. Арнайы топ азық-түлік бағасының өспеуін қадағалап, күнделікті мониторинг жа­сап отырды. Төтенше жағдай кезінде тігін цех­тары бетперде тігіп, ел игілігіне ұсынды.
Пандемияға қарсы күрес жан-жақты жүр­геннен кейін нәтижесі де жаман бол­мады. Төтенше жағдай режимі аяқталып, блок-бекеттер алынғанша Жалағаштан коро­на­вирусты инфекцияның белгілері бар бірде бір науқас тіркелген жоқ. Тек блок-бекеттер алынып, тұрғындар карантин талаптарын дұ­рыс сақтамаған кезде ғана ауданда індет жұқтырған науқас тіркелді. Өкінішке орай көпшілік “босаңсуға болмайды, төтенше жағдай режимі аяқталғанмен карантин талаптарын сақтау керек” деген ескертпелерге баса мән бермеді. Нәтижесінде он мыңдаған адам індет жұқтырды.
Коронавирусты індетпен күрес Қызылорда облысында да белсенді жүргізілді. Нәтижеге бағытталған жұмыс жемісін берді. Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысында коронавирус инфекциясымен 3199 адам тіркелген. Оның ішінде Қызылорда қаласынан –1920, Аралдан – 114, Қазалыдан – 101, Қармақшыдан – 137, Жалағаштан – 111, Сырдариядан – 180, Шиеліден – 283, Жаңақорған ауданынан – 353 адам қатерлі індетке шалдыққан. Сондай-ақ Қызылорда облысында тұрғындардың жедел жәрдем қызметіне жүгіну жағдайы да қалыпқа түсті. Қазір аталған қызметке жүктеме індетке дейінгі күнделікті шақырту қабылдау деңгейіне түсіп отыр. Яғни ахуал тұрақталып, шақырту саны да азайды.
Шақыртулар саны індет өршіген маусым-шілде айларымен салыстырғанда 56,8%-ға төмендеді. Оның ішінде тыныс алу жолдарының аурулары 6 есеге кеміді. Шақырту саны көбейген тұста ол күнделікті 1000-нан астам жағдайды құраған еді. Бүгінде шамамен 150-170 жағдайды құрап отыр. Осының өзінен-ақ індетпен күрестің барынша қарқынды жүргенін аңғаруға болады. Тамыз айының 14 жұлдызындағы мәліметке сүйенсек, қатерлі індетті жұқтырған Жалағаштағы 111 адамның 105-і толық айығып шыққан. Дәрігерлер берген мәліметке сүйенсек, денсаулық сақтау ұйымында емделіп жатқан барлық науқас дерттен айығып, үйлеріне қайтарылған. Мамандар барынша сақтанып жүруге кеңес береді. Санамызда үміт пен үрей қатар тұрған осындай алмағайып шақта Жаратқанның өзі “сақтансаң сақтайтынын” назарға саламыз. Ең бастысы, қандай қиындық кездессе де жеңе алатынымызға сенуіміз қажет. Өйткені сенім бар жерде күдік тұрмайды.

Азиз БАТЫРБЕКОВ

15 тамыз 2020 ж. 254 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930