ЖИЫРМА ОТБАСЫН ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТТІ

Әрине, ата-аналардың отбасындағы бес балаға бірдей планшет алып беруге мүмкіндігі жоқ. Сол секілді мектеп басшылығы да барлық оқушыны планшет, компьютермен және интернет желісімен қамтамасыз ете алмайды. Оған түсіністікпен қарауға тиіспіз. Барлығы да уақытша, карантин мерзімі аяқталып, оқушылар мектебімен, ұстаздарымен қайта қауышатын күн алыс емес екеніне сенейік.
Дегенмен осындай қиын кезеңде ел ағалары мен кәсіпкер азаматтар қарап қалмай, жас ұрпақ үшін үлкен игілікті іс жасап жатыр және біз ол кісілердің болашақ үшін жасаған жақсылықтарын айтуға тиіспіз.
Елдің жанашыры, аймағымызға белгілі кәсіпкер азамат Қожахмет Баймаханов өз қаржысы есебінен көмекке мұқтаж 20 отбасыға (80 оқушы) интернет роутерлер орнатып беріп, балалардың қашықтан оқуына жағдай жасады. Редакцияға осындай жаңалықты хабарлаған аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жазира Жүргенова интернет желісімен қамтылған отбасындағы балалардың оқуға деген талпынысының артқанын мәлім етті.
“ЖЖ” ақпарат