АУДАН ТАРИХЫНЫҢ ТАҢБАСЫ
Соңғы екі-үш жыл ауданымыз үшін табысты болды. Жалағашта оң өзгерістер болып, күріш дақылын өндіруде еңбеккерлер өңірімізде көш бастап жеңімпаз атанса, рухани өмірімізде де айтарлықтай жетістіктер бар. Соның ішінде Жалағаш ауданының құрылғанына 80 жыл толуы қарсаңында аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде аудан тарихына қатысты мақалалар топтамасы үздіксіз жарияланып, бірнеше тарихи-танымдық кітаптар жарық көрді. Ауданымызға белгілі қаламгер ағалар мен орта және кейінгі буын шығармашылық өкілдерінің қаламынан туған тарихи-танымдық тәрбие бағытындағы бірнеше кітап өз оқырмандарына жол тартты. Атап айтсақ, Шыңғыс Айбосынов, Жақсылық Адамбаев, Рысбай Кәрімов, Науқанбай Шуақбаев, Қазына Өзденбаева, Серік Бертаев, Роза Ералы және тағы бірнеше жалағаштық қаламгер аға-апаларымыздың тарих тереңінен сыр тартатын кітаптары жарық көрді. Осы аға буын қаламгерлер қатарында Жалағаш ауданының тарихына қатысты бірнеше кітабы жарық көрген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрақ Адисұлы да бар. Ендігі сөзіміз оның соңғы жылдардағы шығармашылығы мен Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында оқырман қолына тиген «Тарихы терең, еңбегі ерен –Жалағаш» атты кітабы жайлы болмақ.
Жалпы айтқанда Тұрақ Адисұлын аудан қаламгерлері арасында танымдық тақырыпта өткенді ұлықтауға арналған кесек дүние – ғұмырнамалық роман жазуды алғашқы болып қолға алған қаламгер деп айтуға болады. Мен кәсіби қаламгер емеспін, десе де өз ойын қағазға түсіріп айта алатын оқырман ретінде осылай дегенім дұрыс шығар. Тұрақ Адисұлының «Ғибратты ғұмыр», «Жеңіс сарбазы» атты кітаптары ғұмырнамалық романның жүгін тұтастай көтеріп тұрған шығарма десек, қателеспейміз. Өйткені, кітап кейіпкерлерінің өмірге келген күнінен бастап бүкіл өмірі қамтылып, олардың өздері өмірден өткеннен кейінгі мәңгілік өмірі де кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай көркем тілмен шебер суреттелген. Сондай-ақ оның бұған дейінгі «Аққырым – алтын бесігім», «Үбіс би», «Жалағаштан Ауғанстанға дейін» деген кітаптарын да сәтті шыққан туындылар қатарына қосуға болады. Ал ауданымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген автордың «Тарихы терең, еңбегі ерен – Жалағаш» деген кезекті кітабынан да көп еңбектенгенін, ізденгенін, тер төккенін аңғаруға болады. Оның үстіне осы кітап жазылу барысында өзім туған ауыл мен өзім еңбек еткен мекеме жайлы мәліметтерге байланысты авторға қолқабыс еткенім де бар еді.
Сөз жоқ, кітап өте жоғары деңгейде шыққан. Ауданның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген «Шежірелі Жалағаш» кітабының соңғы он жылдағы жалғасы іспетті. Автор бұл жайында кітап соңында арнайы тоқталған. Автордың ол сөзі бұрынғы кітапты құрастырып, баспаға әзірлеген Ахмет Тілеулиев, Жақсыбай Сарбалаев, Жайшылық Ағыбаев сынды ағаларының рухы алдындағы адалдығы, құрметін білдіреді. Кітапты бастан-аяқ парақтап оқыған адам бірден байқайды, алғашқы беттің өзінде-ақ «Материалдарды жинақтап, өңдеп, баспаға әзірлеген Тұрақ Адисұлы» деген жолды көреміз. Демек, автор жинақталған материалдарды бір өзі өңдеп, жазып шыққан. Әрине, бұл жерде арнайы комиссия мен ақылдастар алқасының да еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, кітапта тың деректер мен жаңа айдар, жаңа тақырыптар қамтылған. Соның ішінде «Жаңарған Жалағашта жаңалық көп» деген ондаған парақты қамтыған көлемді материалда ауданның соңғы кездегі жетістіктерінің айтылуы тақырыпқа байланысты фотосуреттермен бірге үйлесім тауып, тақырып барынша ашыла түскен. Кітаптағы фотосуреттер де өте сапалы, сәтті шыққан. Осы жерде ауданға белгілі фотожурналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Махамбет Ахметовтың де еңбегін айта кетуіміз керек.
Кітапта аудан тарихы қамтылып, өткенді танып, бүгінгіні бағамдайтын мақала, тіпті көркем очерктің жүгін көтеретін материалдар жеткілікті қамтылған. Әрбір тақырыпқа байланысты анықтамалық мақалалар жазылған парақтың оң жағына «Жасампаз жылдар жылнамасы», «Аудан басшылары», «Социалистік Еңбек Ерлері», «Ел ерлерімен еңселі», «Отты жылдар жырлары» деген айдарлармен қысқа ғұмырнамалық мақалалар және ауданнан шыққан ақындардың өлеңдеріне жазылған жалағаштық композиторлардың туған жер мен Жалағашқа арнаған әндері авторлардың суреттерімен қоса берілген. Сондай-ақ осы бағанда бірнеше жалағаштық ақындардың өлеңдері, ғылым, мәдениет, спорт салалары мен құқық қорғау органдарында және әскери қызметте жемісті еңбек еткен, әлі де қызмет етіп жүрген қайраткер азаматтар жайлы да ғұмырнамалық шағын мақалалар да аудан тарихын тереңдетіп, кітап мазмұнын байыта түскен. Бұны да соны тақырып, жаңа үрдіс деуімізге болады.
Тағы бір айтарымыз, кітап не бары екі-үш айда жазылыпты. Бұл – аудан тарихын хатқа түсіру үшін өте қысқа мерзім. Сондықтан да кейбір мекемелер мен ұйымдар немесе жеке тұлғалар жайындағы мақалалар енбей қалуы әбден мүмкін. Біткен іске сыншы көп. Кейбір ағаларымыз және қаламның азабын арқаламаған, жазудан мүлдем хабары жоқ азаматтардың осы кітапқа байланысты өкпе-назын да құлағымыз шалып жүр. Қалам ұстап жүрген азамат ретінде тағы да айтып өткім келеді, қандай бір шығарма болса да ауқымына қарай әуелі іште пісіп, жетіліп біршама уақыттан соң туындыға айналады ғой. Ал жинақталған материалдарды өңдеп, кітапты баспаханаға тапсыруға автордың бар болғаны үш ай уақыты ғана болған. Сондықтан кейбір азаматтардың кітапқа қатысты өкпе-назы орынсыз сияқты. Оның үстіне кітаптың көркемдік сапасын да баспаханада апталап отырып автордың өзі жасаған және оған баспадан шығамын дегенше көз майын тауысып бірнеше мәрте қатесін тексерген корректорлығын қосыңыз. Әрине, автор ол еңбегін бұлдамайды, осы елдің азаматы ретінде туған жеріне, ауданының мерейтойына қосқан үлесі деп біледі.
Болатбек НҰРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі