ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Сәрсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жалағаш ауданында болып, бірқатар ауылдық елді мекендерге де арнайы атбасын бұрды. Алдымен Бұқарбай батыр ауылына табан тіреген аймақ басшысы ардагерлермен кездесіп, жаңадан бой көтерген спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. шарада Гүлшара Наушақызы қазіргі таңда облыста спорт саласын дамытуға қолдау барын жеткізіп, бүгінгі игілікті іс соның айғағы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол жергілікті халықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, батыр атындағы ауылдан мемлекет мерейін үстем етер жастардың шығарына сенім білдірді.
– Соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға мемлекет басымдық беруде. Қазақстан Президенті де қыркүйек айындағы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға жұмыс жасау қажеттігін атап өткен болатын. Кәсіби спортта да саңлақтарымыз топ жарып, ел мерейін үстем етіп келеді. Бірақ біз саладағы үлкен жетістік пен жеңістің бастауы осы бұқаралық спорт екенін жақсы білеміз. Сондықтан біздің облыста да бұл саланы қолдау бәсеңдемейді. Бүгінде аймақта 2240-тай түрлі нысан жұмыс жасап тұр. Кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа ғимараттар бой көтеріп, спорттық нысандардың қатары әлі де артып келеді. Бүгін осындай игі шараның куәсі болып отырмыз. Ауылдағы “Байтабын” шаруа қожалығы 100 млн теңгеден астам қаржы бөліп, осындай зәулім ғимараттың бой көтеруіне жұмыс жасады. Шаруашылық төрағасына үлкен рақмет. Енді осы ауылдан байрақты бәсекелерде көк туымызды биіктен желбіретер чемпиондар шықсын деп тілейміз. Зәулім ғимарат халықтың игілігіне жұмыс жасап, жастар артылған сенімді ақтай берсін. Қазір күзгі науқанды шаруашылықтар аяқтап қалды. Бұл салада да табыстарыңыз мол болсын. Ақсақалдарымыз аман болсын, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, Сапар Мыханов төрағалық ететін жергілікті шаруашылық ауылдың абаттануына, көркейіп-көгалдануына, Бұқарбай батырлықтардың әлеуетінің артуына жұмыс жасауда оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Биыл 1500 гектар алқапқа Сырдың басты дақылын сепкен “Байтабындықтар” күзгі науқанда қамбасын астыққа толтырды. Жыл қорытындысымен еңбеккерлерге үлестірілетін қосымша сыйақылар мен автокөліктер биыл науқан қорытындыланбай тұрып дала дарабоздарына тарту етілді. Ардагерлер мерекесі қарсаңында жергілікті шаруашылық төрағасы осында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен сала майталмандарына 2 су жаңа темір тұлпар сыйға тартты.