Бұқарбайда спорт кешені ашылды
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Жалағаш ауданына жұмыс сапары Бұқарбай батыр ауылынан басталды. Мұнда аймақ басшысы ауыл ардагерлерімен кездесіп, спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты.
Облыс әкімі бүгінде бұқаралық спортқа зор көңіл бөлініп жатқанын, жақында ғана Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған кезекті Жолдауында да адамның шымыр болып қалыптасуына шыңдайтын бұқаралық спортқа ерекше мән беруге, оны барынша дамытуға терең тоқталғанын тілге тиек етті.
Мұндай спорттық ғимараттар елдегі кәсіп иелері тарапынан қолдау тауып жатқаны қуантады. Облыста 2240-тай спорт кешені бар. Бұл елдің денсаулығына көңіл бөлуге зор мүмкіндік. Міне бүгін де сондай үлгілі шараның куәсі болып тұрмыз. Байтабын шаруа қожалығы 100 миллионнан астам қаржы бөліп, осы ғимаратты салуға атсалысып жатыр екен. Ақсақалдарымыз аман болсын. Ел тыныш болсын!, –деді облыс басшысы.
Жиында сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыланбек Нұрмағамбет ауылдағы спорт кешенінің жергілікті балалар үшін зор мүмкіндік екенін алға тартып, жаңа ғимараттың жас жеткіншектердің физикалық жағынан шыңдалуына көмектесетінін айтып, елге жасалып жатқан игілікті іске сәттілік тіледі.
"ЖЖ" ақпарат