» » ҰмЫтылмайтын есім

ҰмЫтылмайтын есім



Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны да рас, бірақ өмір бір ақ рет беріледі, ол қандай жағдайда өт­се де бәрібір қымбат» деген екен. Бұл жалған дүниеде адамның жүріп өткен ізі ғана қалады, ал адамның бәрі – жолаушы, ал жолаушы өмір жолында талай рет қуанып, талай рет құлазиды, бұл өмір заңдылығы емес пе?

Өмір деген аумалы да төкпелі,
Білінбейді қалай оның өткені.
Қарияларың ақылшы ұстаз ұрпаққа,
Қалмасыншы қарияларың шеткері
дегендей, Алланың берген өлшеулі өмірінде, адал жұмыс жасап, еш адамға қиянат жасамай өмір сүргенге не жетсін.
Алла берген өмірде атына кір келтіріп, “соны қойшы” деген жандар аз ба? Баршылық. Адам өмірі айналымға келмейді, бірақ солай болса да, оған қынжылуға болмас. Әркім осы өмірде есте қалатындай елі, халқы айтып, ізі қалып жатса, онда оның өмірінің еленгені емес пе?
Бұл дүние ойлап тұрсам, шолақ екен,
Адамдар бір-біріне қонақ екен.
Жайнаған қызғалдақтай осы өмір,
Қар жаумай, қазан ұрмай солады екен.
Менің кейіпкерім сол аз өмірде еліне адал қызмет етіп, өзін көрсете білген, парасатты ой иесі, адал, іскер азамат Біржан Көштайұлы дер едім.
Халық үшін істеп еңбекті,
Алдында елдің ер жеттің.
Қай салада жүрсең де,
Өзіңді Біржан көрсеттің.
Осындай елге аты белгілі азамат ел жадында ұмтылмақ емес. Адам кішіпейіл болса, ол адам ойында өшпестей қалады, әрбір сөзі кішіге азық, тарихта артында парасатты, ұлағатты сөзі қалған адам еш уақытта ұмытылмайды.
Мен Біржанның арғы өмірін біле бермеймін. Өзім бірге жұмыс істеген кез Еңбек Қызыл-Ту орденді, Коммунизм, қазіргі М.Шәменов атындағы совхозда партия комитетінің секретары болып, кейін екі совхоз болып бөлінгенде Ақсу совхозының хатшысы болып жұмыс жасаған кезде менің сол совхозда ферма меңгерушісі болып жұмыс жасап жүрген кезім, КПСС мүшесімін. Біржекең – өмірді көрген, талай жерде жұмыс жасап сыналған, сол кездегі Исатай Әбдікәрімов, Сұлтан Аманов, Қонысбек Қазантаев, Мөрәлі Шәменов сияқты ұлы адамдармен қызметтес болған. Солардан үлгі-өнеге алған біртуар азамат.
Мен білетін Біржекең қандай мәселе болса, соған қарсы тұра білетін, өз айтқан сөзін дәлелдейтін, дәлелдеп қоймай, істелетін жұмыстың жолын табатын азамат еді.Ақсу совхозында жұмыс істеген кезінде мал маманы ретінде, тікелей саланың дамуына көмектесті. Өмірден көрген-түйгенін айтып, малдан ет, сүт, төл өнімдерін алуға жоспар міндеттемені орындаудың тиімді жолын ұсынып, ақыл-кеңесін беріп отырды. Ол кезде егін шаруашылығына бетбұрыс айрықша болды. Мал шаруашылығына онша көңіл бөле бермейтін. Себебі егін шаруашылығынан келетін пайда жетерлік, ал мал шаруашылығы жылда шығынмен аяқталатын.
Оның да себебі бар. Қысқа дайындық, жем шөп жетіспейді, өз дәрежесінде емес, мал азығы дұрыс дайындалмайды, соның салдарынан малдың шығыны көп болатын. Осындай қиындықтың жолын тауып, малға қарауға көп көмек жасады. Сауыншы, малшы жетіспейді, міне осындай жағдайды көрген Біржекең бас болып жастарды ұйымдастырып, сауынға, мал бағуға бірден-бір көмек жасады. Соның арқасында комсомол жастар бригадасы құрылып, Қараөзек бойынан палатка тігіліп сол жерде жарық, радио қойылып, жастар сауын сауды. Осындай жұмыстың арқасында міндеттелген жоспар артығымен орын­далып, ауданның “Құрмет” тақтасынан орын алдық. Ферма барлық көрсеткішті артығымен орындап, 7 жыл “Құрмет” тақтасынан түспедік.
Фермадан атақты сауыншы, бақташылар шыға бастады. Бақташылар Ш.Селбесінов “Халықтар Достығы”, Т.Қожақұлов “Еңбек Қызыл Ту” орденіне ие болды. Р.Қожақұлова облыстық кеңеске депутат болып сайланды. Ш.Селбесінов Қазақстан орталық комсомол комитетіне пленум мүшесі болды. Ал сауыншы М.Ержанова аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Міне, осы жұмыстың басы-қасында кеңесін беріп, тікелей басшылық жасаған Біржекең еді. Ферма аудан бойынша малдан алатын өнімнен, мал басын аман сақтаудан аудан бойынша алдыңғы қатарда болды. Біржекең бір сөзінде “Таза жұмыс істеуіңе таң қалам, сен көбіне өз айтқаныңмен жүресің, ол сенің көп жылғы жұмыс тәжірибең ғой. Талай сынақ келіп жатыр, сен аман шығып жүрсің. Талай азаматтар өтірік ақпармен шығып жатыр көзіміз көріп отыр” деп еді. “Дұрыс қой, Сақтансаң, сақтаймын деген емес пе? «Әуелі-Алла содан кейін Мөрәліден алған тәрбием» дедім. Кейін еңбек демалысына шыққаннан кейін кент ардагерлерін басқарды. Бұл жұмыста да тың бастамалар көтерді. Жоқтан барды құрағандай ардагерлерді жұмыс істеген орнына орналастырып, әрқайсысының өмір тарихымен, суретімен бет ашып, сол ұйымға өз адамынан басшы сайлап жұмыс жүргізді.
Әр ұйымның жылына бір рет есебін тыңдап, тапсырмалар беріп, жақсы жұмыс істеген ұйым­ды ынталандырып, сый-сияпат жасап, су­реттерін тақтаға ілді. Мұның бәрі айтуға оңай болғанмен, адам кеуілін тауып сөйлесу, арыз-шағымын аяқсыз қалдырмау қиын жұмыс еді. Біржанның іскерлігі сол, бір адамның кеуілін қалдырмай, тілін тауып ырза етіп шығарып салатын.
Алмасаң да сыйлықты,
Ардагер мұңын сен шештің.
Атынан сөйлеп қарттардың,
Ойынан шығып төрлеттің.
Із қалып жүрген жеріңде,
Істеген жұмыс, еңбектің.
Абыройға, атаққа,
Өз күшіңмен сен жеттің.
Өшпесін қалған ошағың,
Жол сілтеп отыр қосағың.
Орын ал пейіш төрінен,
Көгерсін өсіп бұтағың.
Біржан жөнінде әлі талай естеліктер жа­зылар. Бұл – менің өз ойым. Шүкір ғой артында ұл қыздары ошағын өшірмей отанасы Нәзікүл қалған ұрпаққа баскөз болып, жол сілтеп отырған жайы бар.


Ж.Адамбаев,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы,
Еңбек және Тыл ардагері


20 қазан 2020 ж. 268 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930