ТЕКТІ ӘУЛЕТТІҢ ҰЛАҒАТТЫ АЗАМАТЫ
Қазақстанның жаңа тарихнамасындағы қазіргі рухани жаңғыру аясында серпінді еңбек етіп жатқан ұрпақтар – ата-бабаларымыздың бұған дейінгі мыңжылдықтар белестеріндегі игі дәстүрлерді жалғастырушылар. Қазақ өркениетінің тарихындағы материалдық және рухани мәдениет құндылықтарын қалыптастырған ата-бабалар ұлағатын берік ұстанып, жаңа толқын өкілдері дене және ой еңбегі жетістіктерін жүзеге асырып келеді. Уақыт пен кеңістік тұтастығындағы тіршілік қозғалысы жүйесінде жаңа буын ұрпақтар адамгершілік-имандылық қасиет орныққан болмыс-бітімдерімен өздерін қоршаған қоғамдық – әлеуметтік ортадағы өнегелі – үлгілі адамдар қатарын құрайды. Бұл орайда, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы белгілі ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Кенжебайұлы Айтимовтың есімін де даралап бағалаймыз.
Ол қазақ халқының ежелгі ата қонысы Қызылқұм қойнауларын аралай ағатын Жаңадария атты көне өзен аңғарының жағалау атырабындағы елді мекенде дүниеге келді. 1960 жылы 21 қарашада қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы (Аламесек ауылдық округінде) қарапайым еңбек адамының отбасында дүниеге келіп, сол мекенде өсіп ержетті. Балалық шағында отбасындағы ата-анасының, бауырларының, ағайын-туыстарының ата-бабалық қарым-қатынас мәдениеті ықпалымен тәрбиеленді. Әкесі Кенжебай мен анасы Фарида өздері өмір сүрген ХХ ғасырдың екінші жартысындағы саяси-қоғамдық, әлеуметтік-тұрмыстық оқиғалары ортасында ауылдастарымен, ағайындарымен бірге еңбек майданындағы еңбексүйгіштік, адалдық, жомарттық қасиеттерімен құрметке ие болған кісілер еді.
Адам өмірінің ең түйінді, ең басты көрсеткіші, «Жүгіріп шығар төбе көп, асу бермес шың қиын, қартайған шал елде көп, ақсақал болу тым қиын» дегендей қадір – қасиетті жоғалтпау, елге, халыққа үлгі, өнеге болу, көпшілікті сыйлай да, өзіңді сыйлата, сөзіңді тыңдата білу оңай шаруа емес. Дұрыс қартаюдың өзі – қасиет. Сөз жоқ, бәрі де адамның тегіне, қанына байланысты, жоқтан пайда болмайды, тексіз, түпсіз ештеңе болмайды. Әкесі Әйтімұлы Кенжебай ешкімнің ала жібін аттамаған, ешкімге қиянат жасамаған, дүние қоңыздыққа, шен - шекпенге, іштарлыққа, жұртты бөле жару, ғайбат сөзге бой алдырмаған азамат. Сондықтан да болар өмірінің соңғы күніне дейін отбасына, әулетіне, Отанына әрдайым адалдық танытып өтті. Арам несібе таппай, қолынан келгенінше адамдарға тек жақсылық жасады.
Мұратбек дүниеге келген, ержеткен, еңбек ету жолына қадам басқан туған жеріндегі географиялық мекендер (Жалағаш, Сырдария, Тереңөзек,) - ежелгі сақ, ғұн, түркі өркениеттері дәуірлерінен бергі қазақ халқының байырғы атамекендері – атақоныстары. Әмудария мен Сырдария өзендері аралығындағы Мауереннаһр өлкесі атанған бұрынғы Тұран империясы аумағы болып бағаланатын бұл өлкенің негізгі иелері – ұлы даладағы ата-бабаларымыз. Отырықшылық пен көшпелілік мәдениеті дәстүрлерін қалыптастырған, төрт түлік пен егін, бау-бақша өсіру негізгі тұрмыстық кәсібі болған бұл өлкенің суландырылу жағдайы Қызылорда облысы бойынша қамтылатын ғылыми байыптау жүйесі аясында қарастырылады:
«Сыр өңірі топырақ – өсімдік шөл мен шөлейтті аймаққа жатады. ...Онда үш оазис бар. Біріншісі, Жаңақорған мен Шиелі аудандарының суландырылған жерлері, екіншісі, Сырдария, Тереңөзек,Жалағаш, Қармақшы аудандарының суландырылған жерлерін біріктіреді, үшіншісі, Қазалы және Арал аудандарының суландырылған бөліктері. Табиғи қасиеттері бойынша бұл үш оазистің жалпылама ұқсастығы көп, айырмашылығы да баршылық» .
Мұратбектің ата-анасы да, ауылдастары да атамекендегі табиғат ерекшеліктері аясындағы еңбек үдерісінде жалпыхалықтық дамудың жетістіктерін жүзеге асырды.
ХХ ғасырдың 30-60-жылдарындағы саяси-идеологиялық, тұрмыстық – әлеуметтік жағдай аясында өмір сүрген қазақ ауылдарына ортақ халық тұрмысы ауқымында Мұратбектің ата-анасы да, ауылдастары да уақыт талабына сәйкес еңбек етті. Балалық, жастық шағынан тұрмыс талаптарына лайықты ауыл тұрмысындағы еңбек түрлерімен (төрт түлікті бағу, өсіру, егін, бау-бақша егу, шөп ору, отын дайындау, т.б.) айналысып қалыптасқан Мұратбек білім, ғылым игеру жолындағы ұстанымын (мектептегі сабақтарын сапалы меңгеру, көп кітап оқу, т.б.) үнемі дамытуды ұмытпады. Ол балалалық шағынан тілалғыш елгезек, еңбексүйгіш болып, ата-анасының да, мектептегі ұстаздарының да сүйіспеншілігіне бөленіп қалыптасты.
Ауылындағы орта мектепті жақсы бағалармен бітіріп, 1978-1982 жылдары Қызылордананың Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтындағы филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімінде оқып, жоғары білім алды. Жоғары білім алған жылдары есімдері Қазақстанға танымал ғалым-ұстаздарының (Ә.Қоңыратбаев, Н.Нұржанов, Н.Жүнісов, Ә.Жақыпов, Ә.Байжолов, А.Шамшатова, М.Бимағамбетов, Ә.Әбілақов, т.б.) дәрістерінен, ғылыми кеңестерінен кең өрісті болашаққа бағдар алды. Ғылыми баяндамалар жазып, конференцияларда баяндамалар жасап дағдыланды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ғылыми – теориялық негіздерін оқу-әдістемелік тұрғыда орта мектеп шәкірттеріне меңгертудің тәжірибелік әдіс-тәсілдерімен танысты .
Мұратбек – еңбек өтілінің басталуынан қазіргі кезге дейін педагогикалық еңбек үдерісімен қалыптасқан ұстаз. Ол әуелі қазіргі Жалағаш ауданындағы №232 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі (1982-1986 жж.) болды. Өзі еңбек еткен педагогикалық ұжымындағы сапалы жұмыс көрсеткіштерімен әріптестеріне де, аудандағы басшыларға да танымал болған Мұратбек 1986-1993 жылдары осы Жалағаш ауданының «Жаңадария» ауылындағы №203 орта мектеп ұжымының сайлауымен директор қызметі бойынша еңбек етті. Мұратбектің педагогикалық еңбек сапарының алғашқы берік негізі болып саналатын Жалағаш ауданы, «Жаңадария» ауылы, оның ғұмырнамасында айрықша орын алады. Жалағаш ауданының Аламесек ауылдық округының құрамындағы осы ауылдағы аталған мектептің ұжымы өздері қалап мектеп директорлығы қызметіне сайлағаны – жоғары білімді жас маман біліктілігінің шынайы бағалану көрсеткіші. Осы педагогикалық еңбек ұжымын басқарған жылдары Мұратбек жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық пәндердің орта білім беру жүйесіндегі бастауыш, орталау, жоғары кластарындағы (сыныптарындағы) алғашқы негіздерін меңгертудің кешенді оқу-әдістемелік жүйесін үнемі жетілдірудің аса өзектілігін терең сезіммен түсінді. Өзіндік ізденістерімен мектептегі оқу үдерісінің, тәлім-тәрбие жұмыстарының жаңашыл бағыттарының дамытылуын, жүзеге асырылуын ұйымдастырды.
Орта мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудағы ізденгіш озат әдіскер мұғалім, педагогикалық еңбек ұжымын жаңашыл оқу-әдістемелік, тәлім-тәрбиелік бағыттар бойынша басқаруға қалыптасқан басшы Мұратбек Кенжебайұлының жоғары білім беру жүйесіне келуі де уақыт талабына сай шешуші қадам болды. Оның ғұмырнамасындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, доценті (1993-1999 жж.), оқу-әдістемелік бөлімінің бас әдіскері (1999-2002 жж.), қазақ әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі (2004-2006 жж.), үздіксіз білім беру және мамандар біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары (2011-2015жж.), қызметтері бойынша еңбек еткендігі Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіндегі оның өзіндік үлесін айқын танытады. Орта мектептегі педагогикалық еңбек жылдарында мұғалімнің теориялық білімі және тәжірибелік іскерлігі – шеберлігі тұтастығымен оқушылардың сапалы білімін қалыптастыруды Мұратбектің өзі де меңгерген-ді, педагогикалық ұжымды да сол мұрат аясына жұмылдырған-ды.
Орта білім беру жүйесінде мол тәжірибе жинақтаған Мұратбек жоғары білімді, білікті мамандарды даярлау ісінде де үнемі жаңашылдық ізденістерін жалғастыра берді. Университеттегі ұстаздық және басшылық қызметтерін атқара жүріп, Мұратбек іргелі ғылыми – зерттеу (аспиранттық – ізденушілік, 1994-1996 жж.), докторантура, (2006-2008 жж.) жұмыстарын белсенді жүргізіп, нақты нәтижелерді жүзеге асырды. Профессор Б. Майтановтың жетекшілігімен 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы ғылыми кеңесте «Қазақ повесіндегі лиризм» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. 2006 – 2009 жж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторанты болса, 2010 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Т.С.Тебегеновтің ғылыми кеңесшілігімен «Қазіргі қазақ романы: тарихи шындық пен көркемдік шешім (XX ғ. 90 – жылдары мен XXI ғ. бас кезі)» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
Ғалымның жарыққа шыққан ғылыми мақалаларының жалпы саны 150 – ден астам. Олардың ішінде 30-дан астам мақаласы шетелдерде (Чехия, Польша,Украина, Ресей, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан) жарық көрген. Сонымен қатар, бірнеше ғылыми монография мен оқу құралдарының авторы: Қазіргі қазақ романы: тарихи шындық пен көркемдік шешім. Монография.-Қызылорда: Тұмар, 2008. – 246 б. Қазіргі қазақ прозасы. Монография. – Алматы: «Ұлағат» баспасы, 2014.-183 б. Тәуелсіз жылдардағы қазақ романы. Оқу құралы. – Қызылорда: Тұмар, 2010 – 167 б. Тәуелсіз жылдар әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2011, ақпан. – 140 б. Жаңа дәуірдегі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: «Ұлағат» баспасы, 2020.-293 б.
Профессор Мұратбек Кенжебайұлының ғылыми жетекшілігімен 1 PhD докторлық, 15 магистрлік диссертациялар сәтті қорғалды.
2004 жылы Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен және облыс әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталған. 2012 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін университеттің 75 жылдық және 2014 жылы Қорқыт ата Алтын медалімен және Т. Ізтілеуовтің 130 жылдық медальдарының иегері. 2018 жылы Халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі жемісті еңбегі үшін БҰҰ Халықаралық Адамдар құқығын қорғау комитеті, «Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық Бірлестігінің «ЛИДЕР ОБРАЗОВАНИЯ» халықаралық медалімен марапатталды. Мұратбек Кенжебайұлы – Тәуелсіз Қазақстан жаңа тарихының әдеби үдерісіндегі прозалық туындылардың (повестердің, романдардың) поэтикасындағы лирикалық, психологиялық, тарихилық ерекшеліктерді ғылыми-теориялық тұрғыда кешенді талдауларымен жаңаша бағалаған зерттеуші-ғалым. Әсіресе, қазіргі Тәуелсіз Қазақстан әдебиетіндегі көрнекті жазушылар романдарының (І.Есенберлин «Мұхиттан өткен қайық», Ә.Нұрпейісов «Соңғы парыз» (роман-дилогия), Р.Тоқтаров «Абайдын жұмбағы» (роман-хамса), С.Елубай «Ақ боз үй» (роман-трилогия), Б.Тілегенов «Тұйық өмірдін құпиясы», С.Жұбатырұлы «Абыржы» (роман-трилогия), Т.Ахметжан «Ақиқат жолы», М.Шаханов «Желтоқсан эпопеясы» (роман-дилогия), Ғ.Құлахмет «Үйірі жоқ көкжал», Д.Досжанов «Алаң», С.Досанов «Қылбұрау», «Ұйық», Қ.Жиенбай «Даңқ түрмесінің тұтқыны», т.б.) поэтикалық ерекшеліктерін кешенді талдауларымен саралап-сараптап бағалады.
Қазіргі қазақ романдарының поэтикасын осы заманғы әдебиеттану ғылымының заңдылықтары аясында талдаулар арқылы зерттеуші өзіндік жаңашылдық ұстанымдарын таныта білген. Қазіргі жаңа әдебиетіміздегі роман жанрының көркемдік негізі болып саналатын сақ, ғұн дәуірлеріндегі дастандарына, шежірелік туындыларға көркемдік сабақтастық заңдылығы тұрғысында бағалаулар жасады. Хакім Абай, Ш. Құдайбердіұлы, Ы.Алтынсарин, М.Дулатов прозасынын да қазіргі романистикаға көркемдік негіз болғандығы басты назарға алынған. Зерттеу нысанына алынған романдардағы тарихи тұлғаларды мінездеу, даралау, шығарманы эпикалық баяндау, диалог, монолог, портрет, авторлық толғаныс, қосымша сюжеттердің негізделуі, т.б. поэтикалық ерекшеліктердің кешенді түрде қарастырылуы зерттеушінің жаңашылдық нәтижелерінің тиянақтылығын дәлелдеді. Атап айтқанда, жазушы Р.Тоқтаровтың '' Абайдын жұмбағы '' роман – хамсасындағы күрделі тарихи тұлға Құнанбайдың жаңаша сомдалуы, оның Кенесары ханмен, Шоқан Уәлихановпен және т.б. тарихи тұлғалармен қарым-қатынас деректерінің, өзіндік тұлғалауындағы психологиялық – философикалық сыршылдық, ойшылдық, даралығының бейнеленуінің, хакім Абай шәкірттерінің (Ақылбай, Әбдірахман, Шәкәрім, Көкбай, Мағауия), Алаш көсемі Ә.Бөкейханов тұлғалары бейнеленуінің поэтикалық ерекшеліктері жүйелене талданған. Табиғат пен адам және қоғамдық орта қарым – қатынастарының әлеуметтік – психологиялық сарынды сипатын танытатын қазіргі романдардағы (Ә.Нұрпейісов «Соңғы парыз» (роман-дилогия), С.Жұбатырұлы «Абыржы» (роман-трилогия), Қ.Жиенбай «Даңқ түрмесінің тұтқыны», т.б.) отаншылдық-азаматтық, пендешілік-ұсақтық, қайраткерлік пен тоғышарлық, т.б. қайшылықты мінез-құлық психологиясы шындығының бейнеленуі де зерттеушінің талдауларымен сараланған. Тарихи шындық пен көркемдік шешім поэтикасы заңдылықтары ауқымында көрнекті тұлғалар мінезделуінің, даралықтары бағалануының деректі романдардағы (Б.Тілегенов «Тұйық өмірдін құпиясы» (роман - толғау), Т.Ахметжан «Ақиқат жолы» (роман-диалог), М.Шаханов «Желтоқсан эпопеясы» (роман-дилогия) жазылу ерекшеліктері де жанр поэтикасы бойынша байыпталған. Тарихи шындық оқиғаларының көркемдік қиял қосындыларымен өрнектеле суреттелетін романдардағы (І.Есенберлин «Мұхиттан өткен қайық», Д.Досжанов «Алаң», ), С.Елубай «Ақ боз үй» (роман- трилогия), Ғ.Құлахмет «Үйірі жоқ көкжал», т.б.) көркемдік шешім туралы да ғылыми тұжырымдалған. Қазіргі қазақ романдарындағы ұлттық-этнографиялық дәстүрлер мен адамдар психологиясының сипаты сабақтастығы да эпикалық проза поэтикасы заңдылығымен талданған.
Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі рухани жаңғыру бағдарындағы даму желісіндегі ұлттық сөз өнері туралы зерттеушінің пікірі ұлттық көркемдік ойлау туындыларын жаңаша бағалау болып саналады: «Қазақ әдебиетінің ежелгі замандардағы эпикалық көлемдегі жазба ескерткіштерінде негізі қаланған тарихи шындық пен көркемдік шешім тұтастығымен өрілген шығармашылық үрдіс ғасырлар бойы жалғаса келе қазіргі әдеби дамуға ұласты.
ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ романдары Тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің әлем өркениетіндегі классикалық үрдістер көрсеткіштерімен деңгейлес сипатымен бағалана алады. Қазақ әдебиеті шығармаларының ұлттық негізділігін сақтай отырып, әлем әдебиеті арналарымен бірге көркемдік дамудың жаңа жетістіктеріне жетуі жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан мәдениетінің мәңгілік тұғырын нығайта түседі. Бұл – қазақ сөз өнері дамуының мәңгілік шығармашылық қозғалыстағы жолы» .
Мұратбек Кенжебайұлы – сексен бес жылдан асқан тарихы бар, Қазақстандағы байырғы жоғары оқу орындарының бірі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универсетінде көп жылдар бойы еңбек етіп жүрген көрнекті ғалым-ұстаз. Ғылыми-педагогикалық ғұмырнамасында фольклор мұралары мен көркем әдебиет шығармаларының тарихи-танымдық, гуманистік – эстетикалық ұлағатын оқу үдерісінде ғылыми зерттеу, тәлім-тәрбие жұмыстары бойынша білімгерлердің (студенттердің, магистранттардың, докторанттардың) игеруі үшін өмір бойы аянбай еңбек етіп келеді. Әсіресе, мектеп бітіруші түлектердің педагогикалық мамандықты дұрыс таңдай білу үшін алыс, жақын ауылдардағы, қалалардағы ата-аналар арасындағы кәсіптік бағдар беру жұмыстарына айрықша мән беріп, жүйелі түрде насихаттық жұмыстар атқарады. Халықаралық, Республикалық ғылыми конферецияларда үнемі ғылыми-теориялық, оқу-әдістемелік баяндамалар жасайды.
Мұратбек – үлгілі отбасының өнегелі отағасы. Зайыбы Құрманкүл Әбілқасымқызы Тайжанова – орта мектептің бастауыш сыныптарында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, балалардың анасы, немерелердің әжесі. Исламның адамгершілік, имандылық қағидаларын ұстанатын осы өнегелі отбасындағы перзенттер (балалары: Бақытжан, Жандос, Жанболат, Назым, Самал; немерелері: Бейбарыс, Бекарыс, Мәриям, ИбраҺим, Асылхан, Данияр, Аяна, Томирис, Әбубәкір, Халипжан) – өнегелі әке мен ананың, текті әулеттің халықтық – педагогикалық ұстанымдағы тәлім-тәрбиесінің жемістері.
Қорыта айтқанда, ғылым, білім негіздерімен қалыптасқан, бұл күндері Отанымызға танымал ғалым – ұстаздар қатарындағы Мұратбек Кенжебайұлы Айтимов және оның отбасы – Тәуелсіз Қазақстанның Мәңгілік Ел дамуы бағдары жолындағы жаңа тарихының ұрпақтарға үлгілі, өнегелі әулеті тұрғысында бағаланады. Бұл – ұлы дала елінің ата-бабаларымыздан ұрпақтарға мәңгілік ұласа беретін ұлттық ұлағат.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Гуманитарлық ғылымдар
академиясының академигі,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты