» » Отбасылық бизнесті қолға алған

Отбасылық бизнесті қолға алған

Қазір көзін тапсаң кәсіптің кез келген түрімен айналысып, табысқа жетуге болады. Себебі аталған салаға мемлекет мейлінше қолдау көрсетіп отыр. Қуантарлығы жалағаштықтар бұл мүмкіндікті құр жібермей жеке табысын молайтуда үлкен жетістікке қол жеткізіп келеді. Кент тұрғыны Анар Алтыбаева да жақында мемлекеттік бағдарламамен пайыздық үстемақысы төмен несие алып, өз кәсібін бастап кетті.

Кейіпкеріміз жолдасы Дәулетқали Да­уытовпен мал шаруашылығында от­басылық бизнесті дамытуға бел буып отыр. Мемлекеттік бағдарламамен 4 млн теңге несие алған ол қазіргі таңда ірі қара басын көбейтуді қолға алыпты. Негізінен тиісті қаражатқа 14 бас сиыр алу жобада көрсетілген. Жақында ғана қолына қаржысы тиген кәсіпкер әзірге 8 бас ірі қара алған. Ал қалған сиырды сатып алу үшін шаруашылықтармен келісімге келуде.
Анар Алтыбаева қолға алған жобаның болашағы барына еш шүбә жоқ. Себебі ауданның агарлық өңірлер қатарынан табылуы малдың жем-шөбіне келгенде үлкен мәселе тудырмайды. Оның үстіне жолдасы Дәулетқали да жарының жа­нынан табылып, кәсібінің алға басуына қолғабыс болатынын айтып отыр.
– Бұл жобаны қолға алуды жоспарлап жүргенімізге көп болды. Ал оны жүзеге асыруға биыл мүмкіндік болып отыр. Мемлекет қолдау көрсеткен кәсібімнің жемісін көретінімізге де еш күмәніміз жоқ. Бастысы талап бар. Жарымның бастаған ісіне өзім қолғабыс етемін. Оның үстіне негізінен мемлекет пайыздық үстемақысы 6 пайыз несиемен кәсіпкерлерді қолдаса, көпбалалы ана ретінде Анарға 4 пайызбен қаржы беріп отыр. Жалпы іс бастаймын деген жанға қазір қолдау көп. Осы ретте жерлестеріме мүмкіндікті құр жібермей іс бастаса деп үндеу тастаймын. Қазір алған сиырларымызды пазендада ұстап отырмыз. Енді қалған алты бас ірі қараны алсақ, жобада көрсетілген талаптарды толық орындаймыз. Мал басын алдымен көбейтіп алсақ, оларды бағымда ұстап, жеке табысты көбейтуге күш салу жоспарда бар, – дейді Дәулетқали Кенжеғалиұлы.
Бұған дейін мұндай мүмкіндік барын білмеген Дәукең енді өзі де несие алып, іс бастауға бел буып отыр. Ағамыздың қолға алатын жобасы да Анар Алтыбаеваның кәсібімен үйлеседі. Екеуі де мал шаруашылығы бағытында кәсібін жандандырып, отбасылық бизнесті дамытуға талаптанып отыр. Анар ірі қара өсіру ісін қолға алса, жолдасы жылқы шаруашылығын дамытпақ.
– Бұл салаға үлкен мақсатпен келгендіктен бастаған ісімізді алып кететінімізге сенімдіміз. Оның үстіне жолдасым қолдау көрсетіп отыр. Алдағы уақытта оның қолға алатын жобасы менің бастаған кәсібіммен үйлескені де жұмысымыздың алға ба­сарына сеп болады деп ойлаймын. Қоражайдан мәселе жоқ. Ал аграрлық өңірде жем-шөптен де мәселе болмайтынын өздеріңіз де жақсы бі­лесіздер. Сондықтан өз басым, жолдасым да кә­сіптің бұл түрінде үлкен табысқа қол жеткіземіз деп ойлаймыз. Қазір мал қымбат. Еттің де бағасы шарықтап тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл да біздің кәсібіміздің алға басуына ықпал етері сөзсіз, – дейді Анар Алтыбаева.
Жарасымды отбасының қолға алған жобасы бұйыртса, көп ұзамай жемісін берері сөзсіз. Оның үстіне отбасылық бизнесті қолға алғандармен әңгіме барысында олардың кәсіпке бет бұрарда үлкен мақсатпен келгенін айқын аңғардық. Өздері айтқандай, бастысы талап бар. Ал талап бар жерде жұмыстың да алға басары анық. Кент орталығында тұрып, кәсіптің бұл түрін қолға алғандар көпке үлгі болуы тиіс. Сонда ғана өңір дамып, экономикамызда тұрақты өсім қалыптасары сөзсіз.
Жалпы жалағаштықтардың аталған салаға бет­бұрысы жаман емес. Пайыздық үстемақысы төмен несиеден бөлек қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендер де қазіргі таңда өз жобаларының же­місін көруде. Бар болғаны 555 400 теңге қайтарымсыз несие алған аудан тұрғындары да бүгінде тапсырыс аясында жұмыс жасап, табыс табуда. Мұның өзі өңірдегі кәсіпкерлік саласының серпін алуына сеп болып отыр. “Қазір барлығы мал шаруашылығымен айналысуды мақсат етеді. Кәсіптің бір түрін қолға алғандар көп болса өнімге сұраныс азаяды” деген түсініктен арылу керек. Себебі олардың саны артса да ет бағытында, сүт бағытында мал ұстап, кәсіп ашқандардың шаруасы шатқаяқтаған жоқ. Қос кейіпкеріміздің де алдағы уақытта жұмысы алға басары анық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ



27 наурыз 2021 ж. 562 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930