40 ЖОБА ҚОЛДАУ ТАПТЫ
Жалағашта “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше жоба қайтарымсыз грантпен қаржыландырылды. Әлеуметтің әлеуетін көтеруді көздеген бағдарлама осылайша жұмыссыз жандардың өз ісін бастауына үлкен көмек болып отыр.
Айта кетейік, осыған дейін де аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 100-ден астам жоба қайтарымсыз қаржымен қолдау тапқан болатын. Бұл жолы Ерхан Бақберген төрағалық ететін комиссия мүшелері тағы да 40 жобаның әрқайсысына мемлекет бөлген қаржыдан үлестірді.
Аудан аграрлық өңір болғандықтан әдеттегідей бұл жолы да жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған. Бірі екі сиыр алып, оның сүтін сату арқылы табыс табуды көздесе, енді бірі уақ мал санын көбейтуді мақсат еткен. Сондай-ақ қайтарымсыз қаржылай қолдауға лайық деп танылған жобалардың ішінде кондитерлік өнімдер шығаратын шағын цех ашу, құс шаруашылығын дамыту, тігін цехын ашуды көздегендер де бар.
Жобасы қаржылай қолдау тапқан Ақмарал Жұмабаева мемлекеттік бағдарламаның өз ісін өрістетуге үлкен көмек болғанын айтады. Бұған дейін үйінде тапсырыспен кондитерлік өнімдер шығарумен айналысқан жоба авторы алдағы уақытта тиісті қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар алатынын айтады. Оның сөзінше, өзі тұратын Аққұм ауылында кондитерлік өнімдер шығаратын цех жұмыс жасап тұрғанымен тапсырыс берушілер саны арылмайтын көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, жолдасы екеуі отбасылық бизнесті дамытуға бел буып отыр.
– Комиссия тарапынан әзірлеген жобамның қолдау тапқанына қуаныштымын. Бұрыннан өзім үйден мұндай өнімдерді тапсырыспен ғана әзірлейтінмін. Енді бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдық алып, өндірген өнімім арқылы дүкендермен де байланыс орнатамын. Осылайша, жолдасым екеуміз отбасылық бизнесті қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ертең елдегі ахуал қалпына келіп, бірқатар шектеулер алынып тасталса, тапсырыс одан әрі арта түседі. Осы кездің өзінде тұтынушыларымның сұранысына үлгермей қалған күндер болып жатыр. Енді арнайы аппараттарға қол жеткізсем, мәселе болмайды. Біз секілді жұмыссыз жандардың арманына қол жеткізуге қол ұшын созған мемлекетке алғыс білдіремін. Өзімнен басқа қаншама қатысушы жобаларының қолдау тапқанын естіп қуанып жатыр. Ертең осылардың бірі болмаса бірі үлкен кәсіпорынға айналып кетпесіне кім кепіл. Бұл әлеуметтік жағдайды жақсартуға айтарлықтай үлкен көмек болып отыр, – дейді жоба авторы.
Бұл жолы комиссия мүшелері мейлінше ауылдық елді мекендерден келген жобаларды қолдауға басымдық берді. Кент орталығында тұрса да жылқы, сиыр, қой-ешкі өсіріп, пайда табуды көздегендер де жетерлік. Адал кәсіпті өзіне серік етуді мақсат еткен олардың да жобасы назардан тыс қалмады. Мәселен, кент тұрғыны Моншақ Шораева мемлекет көмегімен асыл тұқымды ешкі сатып алып, оның сүтін сату арқылы табыс табуға ниетті. Қазір өңірде ешкі сүтіне және етіне сұраныстың артқанын ескерген комиссия мүшелері бұл жобаның болашағы бар деп тауып, бірауыздан қаржылай қолдауға лайық деген шешімге келді. Жоба авторының түліктің бұл түрін өсіру жолында тыңғылықты дайындалғаны анық байқалады. Тіпті бірнеше облыспен байланысқа шығып, қай жерде мал басы арзанға түсетініне дейін зерттеген.
Оның сөзінше, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе сияқты бірқатар аймақтарда асыл тұқымды ешкі бағып, оның сүтін сату арқылы табыс тауып отырғандар көп. Кәсіптің бұл түрін Жалағашта да жүзеге асыруға еш кедергі жоқ. Сондықтан кент тұрғыны алдағы уақытта өз жобасын жүзеге асыру арқылы табысқа жететініне сенімді.
Мемлекет тарапынан бөлініп отырған 555 600 теңге біздің аудан секілді аграрлық өңірлер үшін уақ мал басын арттыруға тиімді. Қазірдің өзінде жарты миллион теңгеден астам қаржыға 20 бастай уақ мал алуға болады. Кешегі рамазан айы мен құрбан айт кезінде қойдың бағасы қанша есеге дейін қымбаттап кеткенін көрдік. Тіпті осындай уақытта да сатылымға шығару арқылы уақ мал өсіріп те табыс табуға болады.
Жұмыссыз жандардың жобаларын қайтарымсыз қаржымен қолдау жыл аяғына дейін жүзеге асады. Алайда оған қатысушылар тиісті қаражатты мақсатты және сол кәсіптің өзіне ғана жұмсауға міндетті.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ