ЖҰМЫССЫЗДЫҚТАН КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖОЛДАМА
“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы өңірлер әлеуетін арттырумен қатар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға да тың серпін беріп отыр. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі кәсіп ашуға талаптанған жан пайыздық үстемақысы төмен несиемен емес, қайтарымсыз қаржымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ екі қолға бір күрек таппай жүрген адамға бұл – үлкен мүмкіндік. Себебі 555 600 теңгені құрайтын қайтарымсыз грант тек жұмыссыздарға ғана үлестіріледі.
Бұған дейін аталған бағдарламамен жалағаштық бірнеше азамат қаржылай қолдау тапқан еді. Бірі мал шаруашылығында табыс көзін еселеуді мақсат етсе, енді бірі құс шаруашылығында өз бағын сынамақшы. Өткен айдың ортасында 40 жоба авторына 22 млн теңгеден астам қаражат үлестірілсе, жуырда тағы да 50-ге жуық жалағаштыққа 25 млн теңгеге жуық қайтарымсыз қаржы берілді.
Комиссия мүшесі Самат Карипов мемлекеттік бағдарлама өз кезегінде өңірлерде жұмыссыздық мәселесін ауыздықтауға да сеп болғанын айтады. Сондай-ақ ол берілген қаржы мақсатпен жұмсалса, болашағы бар деп танылған жобалар аудан экономикасының күре тамырына қан жүгіртетініне сенімді.
– Қазір іскер азаматтарды қолдау мемлекетте өз деңгейінде жүзеге асып жатыр. Кәсіпкерлік саласының дамуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Бір жылдары қайтарымсыз грант былай тұрсын, пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізу кәсіпкерлерге арман еді. Қазір керісінше оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Себебі мемлекеттің талабы осылай. Жалағаштық бірнеше азаматқа биылдың өзінде 555 600 теңге қайтарымсыз қаржы үлестірілді. Комиссия мүшесінде өзім де болдым. Бірі шын мақсатпен келсе, енді бірі қаражатты алып, жеке жұмысына жұмсауы мүмкін. Біз оған барынша жол бермеуге тырысамыз. Автордың талабы мен жобаның болашағы бұл жерде маңызды рөл атқарады. Ал ол екеуі ұштасса, біз бірауыздан жоба авторына қаржы үлестіреміз деген шешімге келеміз. Егер үлестірілген қаражат тек сол кәсіп көзіне жұмсалса, бұл жобалар жеке адамның табысына ғана емес, аудан экономикасының дамуына да серпін береді, – дейді Самат Карипов.
Жылды қорытындылаған комиссия отырысында кент тұрғыны Назым Сейсеннің де жобасы қолдау тапты. Бұрыннан өз үйінде тапсырыспен жұмыс жасауға ниеттеніп жүрген жоба авторы ауданда дизайн орталығын ашуды мақсат еткен. Алайда оған қаржы тапшылығы кедергі болыпты. Толыққанды өз мақсатымен бөліскен Назымның жобасы осылайша 555 600 теңге қайтарымсыз қаржымен қолдау тапты.
– Шыны керек, менің бұл жұмыспен айналысуды жоспарлап жүргеніме біраз уақыт болды. Алайда оған қаржы тапшылығы қолбайлау болды. “Мемлекеттен қандай қолдау болады?” деген сауалмен орталық мамандарының кеңесіне жүгіндім. Олар маған жұмыссыз жандарды қолдауға арналған осындай бағдарлама барын және оған қатысып, бақ сынап көруге кеңес берді. Өзімнің жобам дайын болғанда комиссия мүшелерінің алдында оны қорғап шықтым. Бірауыздан менің жобам қолдау тауып, қайтарымсыз қаржыға ие болдым. Енді өз ісімді өрістетуге талаптанып отырмын. Қазір кентте дизайн орталығының қызметіне жүгінушілер басым. Сондықтан бұл салада табыс көзін молайтуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Тиісті қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, жалағаштықтарға сапалы қызмет көрсетемін, – дейді Назым Сейсен.
25 млн теңгеге жуық қаржы үлестірілген жобалардың ішінде мал және құс шаруашылығын дамытуды, шаштараз, кондитерлік өнім өндіруді қолға алғандар да бар. Бұл жобалармен Жалағашта кәсіпкерлерге жеке табыс көзін арттыруға мүмкіндік мол. Бастысы талап керек. Бір қуантарлығы комиссия мүшелері ауылдық елді мекеннен келген жұмыссыз жандарды қолдауға да басымдық берді. Әсіресе бұл – ауыл щаруашылығында табысқа кенелемін деген жандар үшін де таптырмас мүмкіндік. Қарап отырсаңыз, қарапайым халыққа үлестірілген бұл қыруар қаражат жұмыссыздықтан кәсіпкерлікке берілген жолдама іспетті.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ