Әселдің сән салоны
Жалағаштағы кәсіпкерлік нысандары тағы бір сән салонымен толықты. Өңірдегі қыз-келіншектерге есімі етене таныс сәнгер Әсел Берікқызы мемлекеттік бағдарлама арқылы үстемақысы жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін кеңейтті.
Жақында ғана кент орталығындағы «Әсел Берікқызы» сән салонының ашылу салтанаты өтті. Жаңадан ашылған сұлулық салонына кәсіби білікті мамандар жұмысқа тартылған. Олар нәзік жандыларға бет әрлеу, шаш сәндеу, қас-кірпікті әсемдеу және тағы басқа да көптеген қызмет түрін көрсетеді.
Сән орталығын ашқан Әсел есімді кент тұрғыны бұған дейін біраз уақыт тәжірибелі мамандардан дәріс алып, біліктілігін шыңдады. Есесіне қазір ойға алған ісін бастап, алға қойған мақсатына жетті. Кәсіпкер қазір өзінен басқа 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Негізінен бірнеше жыл сән салонында жұмыс жасап, кейін өз кәсібімді бастадым. Бұл кәсіпке келмес бұрын арнайы курстарда оқыдым. Басқа салондардың жұмысымен таныстым. Әрдайым тұтынушы талғамынан шыға білуге жұмыс жасаймыз. Келген адамдар біздің жұмысымызға өз ризашылықтарын білдірсе, еңбегіміздің жемісі сол. Сондықтан да ең бірінші сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз, – дейді жас кәсіпкер.
Айта кетейік, Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жыл сайын жан-жақты қолдау көрсетіліп, соның нәтижесінде жастар кәсіптің сан-саласын игеруде. Бизнестің тетігін тауып, кәсіптің қыр-сырын меңгерген Әсел де мемлекеттік бағдарлама арқылы үстемақысы жеңілдетілген 2 млн теңге несие алып, өз ісін кеңейтуге мүмкіндік алды. Кәсіпкер алдағы уақытта тұрғындардың сұранысы бойынша басқа да қызмет көрсету орталықтарын ашуды көздеп отыр.
Н.ҚАЗБЕКОВ