Жол құрылысының сапасына мән берілуі керек
Бұл да жауыр болған тақырыптардың бірі. Жазғымыз келмейді-ақ, бірақ кент ішін бір аралап келсек, қолымызға қалам алуға мәжбүр боламыз. «Бұрынғыдан жақсымыз» деген қазақтың өз-өзін жұбататын сөзі бар. Әрине пенденің жеке басының қамы үшін шүкірлік қылғаны дұрыс. Әйтсе де, қоғамдық жаңару жолында қанағат деген ұғым болмауы тиіс. Заманға ілесу керек. Өркениетті қоғамның қалыптасуы жаңарудан басталады. “Ештеңе істеліп жатқан жоқ” деген көпшіліктің жел сөзіне де қосылмаймыз. Байыбына бара алсақ, тәуелсіздіктен кейін де ауданымызда көп нәрсе жасалды және ел игілігіне бағытталған ілкімді істер әлі де жалғасып келеді. Соның ішінде автомобиль жолдарын жаңартып, жаңғырту жұмыстарын айтуға болады және бұл қоғамның, ауданымыздың өсіп-өркендеу, көркею жолындағы жасалауы тиіс ең маңызды жоба.
Жыл сайын облыстық және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, кент ішінің және ауданға қарасты ауылдық округтердің бірнеше көшесі күрделі жөндеуден өтеді, жағдайына қарай және бірнеше көше жаңадан асфальтталады. Күрделі жөндеудің жайы белгілі, тұрмыстық тілмен айтсақ, жолдың ой-шұқырын жамайды. Бірақ бұл да болса көлікпен жүрсе де, жаяу жүрсе де шұқанақтардан қашып үйіне бұралаңдап әзер жететін сол көшенің тұрғындарының көңілін жұбатады. Кейбір тозығы жеткен көшелерге жаңадан асфальт төсейді. Әсіресе Әйтеке би көшесінің аяғындағы тұрғындар жаңбырлы күні көлік түгіл, жаяу жүріп үйіне жете алмайтын. Сол көше осыдан 3 жыл бұрын толық асфальтталып, тұрғындары азаптан құтылды. Жаңаның аты жаңа ғой. Бірақ кейбір көшелерге жүргізілген жол салу жұмыстары аяқталғанда бақылаудың жоқтығынан ба екен, әлде бізге беймәлім басқа да себептері бар ма, әйтеуір сапасына сын айтыла бастайды. Жобаны тендерден жеңіп алған құрылыс компаниясы үшін жұмыс сапасы аса маңызды емес сияқты, міндетіне алған құрылысты тек межелі уақытта аяқтаса болғаны. Сол үшін жанталасады. Жол құрылысына бөлінген қыруар қаржы қалталарына түскен соң, мердігер мекеме жауапкершілікті ұмытады. Жұмысын аяқтап, тапсырыс берушіге өткізеді, екінші тарап қабылдап алады. Содан соң көп өтпей-ақ жаңа жол көнере бастайды. Бір сипап өткен жұқа асфальт жүк көліктерінің салмағына шыдас бермей жарылады. Содан соң астындағы тастары шашылып, айналасы бір-екі жылдың ішінде қайтадан шаңы шығып қалады.
Осыдан бір жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2020 жылы кент ішіндегі бірнеше көше жаңарды. Соның ішінде жергілікті билік мән беріп қарай бермейтін Дәуімбай елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин көшесі асфальтталып, көше тұрғындары қуаныштан бөркін аспанға атып еді. Расында, халықтың қуанатынындай бар екен, қазақтың алғашқы ағартушысының атына берілген сол көшенің жөндеу көрмегеніне қырық жылға жуық уақыт болыпты. Осыдан бір ғасыр бұрын «Өнер білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды» деп өзге жұртқа тамсана өлең жазып, көшпелі қазақтың да өркениетті ел болуын армандап, халықты білім алып, ғылым үйренуге, сөйтіп елімізді өркендетуге шақырған ұлтымыздың ұлы ағартушысының атындағы көшенің мүшкіл хәлі ұзақ жылдар бойы жергілікті билік өкілдері тарапынан ескерусіз қалып жүргені көпшілікті қынжылтатын. Көшеге жол салу құрылысы жүргізіле бастағаннан ең алдымен сол көшеде тұратын балалар қуанып еді. Бірақ Алтынсарин көшесі тұрғындарының қуанышы ұзаққа созылмады.
Былтыр «StroyGazCompany» ЖШС кент ішіне табиғи газ желісінің құбырын тартуды бастады. Бұл да халықтың көптен күткен игілігі еді. Алайда кент ішіне көгілдір отын тарататын газ желісін жүргізгенде жаңадан асфальтталған көшелерді астын үстіне шығарып, астаң-кестең етті. Соның ішінде құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеніне екі ай ғана болған Ы.Алтынсарин көшесін белінен қақ жарып жеті жерден қазып, қопарып тастады. Оған да елең етпесеңіз, жер асты құбырының шұңқырын қазған трактор көшенің жиегін де «мүжіп» кетті. Бұл мәселе жайында газ жүргізуді жауапкершілігіне алған мердігер мекеменің жауапты мамандарымен сөйлестік, бірақ мардымды жауап ала алмадық. «Жобасы осылай жасалған» дегеннен басқа ештеңе айтпады. «Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп қарайды» дейді қазақ. Олар өзге облыстан келген компания. Сондықтан жолдың ертеңгі жағдайына көп алаңдамайды. Өз міндеттерінің шеңберінде ғана жұмыстарын бітірсе болғаны. Бірақ бұл мәселе бізді ойландыруы тиіс еді. Кеше ғана қаншама қаржыға салынған жолды ертесіне талқандадық та тастадық және оған селт еткен жоқпыз. Тіпті осы жұмыстардың басы-қасында жүруі тиіс кент әкімі де ол жерден төбе көрсетпеді. Журналистік қызметіміздің шеңберінде емес, осы ауданның азаматы ретінде жаңадан асфальтталған Ы.Алтынсарин көшесінің жайрап жатқан жай-күйін көтергенде, жергілікті билік өкілдері көшенің қазылған жерлерін қайтадан қалыпына келтіруді аталған мердігер мекеме өз жауапкершілігіне алып, жөндеп беріп кетеді деп сендірген. Бірақ ол сөз күйінде қалды. «Іс бітті, қу кетті». Жаңадан асфальтталған көше қазірде тоза бастады. Қазылған жерлерді тек саз топырақпен толтыра салған. Жаңбырдың, қардың суымен топырағы төмен түсіп, ор болып қалды және ернеуінің тасы үгітіліп, көлемі ұлғайып келеді. Жер қазатын техниканың тісі тиген жолдың жиегі де сөгіліп барады.
Осы жұмыспен тікелей айналысып жүрген мамандардың айтуынша, газ құбырларын көшенің қарсы бетіне өткізу жұмысы асфальттың астын үңгу әдісі арқылы жүзеге асатын көрінеді. Жарайды, жер астымен апармай-ақ қойсын. Мердігер мекеменің өкілі айтқандай, жобалау-сметалық құжатында солай көрсетілген шығар. Бірақ біз олардан қазылған жерді қалпына келтіруді талап етуіміз керек еді ғой.
Айта берсек, көшелерді асфальттау барысында кеткен кемшіліктер көп. Бірақ біз оларды тұмсығынан тізіп көрсетпесек те, халық біліп отыр. Тек осындай олқылықтарға жауапты мекемелер көз жұмып қарап отыра бермей, бір шара қолданса дейміз ғой. Халық игілігіне жұмсалатын қаржы да, сол қаржыға жасалатын жұмыстар да қатаң қадағалануы тиіс.
Биыл Аққыр ауылдық округінің ішкі көшелерін және ауданға қарасты екі ауылдың аралықтағы жолын асфальттауға қаржы қаралады. Көшелер мен жолдар жөнделсе, тұрғындардың көңілі бүтінделеді. Өйткені жол – тіршіліктің күретамыры. Сондықтан жол құрылысының сапасын қатаң бақылауға алатын кез келді. Бұл да аудан тұрғындарының талап, тілегі.
Қуат АДИС