» » АЯННЫҢ АЛАР АСУЫ АЛДА

АЯННЫҢ АЛАР АСУЫ АЛДА

Мемлекеттің спорт саласына жасап жатқан қолдауын бүгінгі жастар жақсы сезінеді. Соның нәтижесі болар, қазіргі таңда өзіне спортты серік етіп, түрлі байрақты бәсекелерде туымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды әуелетуге әуес жастардың қатары көбейіп жатыр. Бұл қолдау тек жастарды спортқа машықтандырумен шектелмей, олардың бойында патриоттықты қалыптастыруға да үлкен қолғабыс болып отырғаны ақиқат. Кешегі ауданда өтіп жатқан еліміздің тұңғыш «Сұңқар» әскери-теңіз кемесінің командирі, жерлесіміз Болат Алтынбаевты еске алуға арналған турнирде бақ сынауға келген жастардың қарасы қалың. Осылардың ішінде кемінде 10-15-і болашақта еліміздің мерейін үстем етер дүбірлі додаларда топ жармасына кім кепіл. Міне, мемлекеттің аталған салаға қолдау көрсетуінің негізгі мақсаты да осы.

Кеше басталған турнирдің алғашқы кездесуінде елордадан келген бір жас спортшының шаршы алаңда шапшаңдық танытуы бізді тәнті етті. Ә дегеннен айқын басымдықпен қарсыласын қағып салды. Спорттың барлық түрін һәм оның ережесінен толыққанды хабардар болмасақ та алаң сыртында жүріп, бір иығымызды беріп тұратынымыз тағы бар. Не керек, әлгі бозбаланың кезекті кездесуін көру үшін әдейі күттім. Арада 20-25 минут өтісімен жаңағы сабазым бозкілемнен бой көрсетті. Қарсыласы өзінен едәуір ұзын екен. Десе де спортта бой емес, салмақ маңызды рөл атқаратынын жақсы білеміз. Телеарналардан көрген ескі кадрлар көз алдыма келіп, “Бұрын осы қарсыласының иығына да бойы жетпейтін спортшылардың бәсекелесін алаңда атып ұрғанын көріп, қарым-қабілетіне тәнті болатынымыз бар еді. Алғашқы кездесудегідей айла-тәсілдер қолданылса, бұған да мүмкіндік мол ғой” деп қоямын іштей. Мен жанкүйер болып отырған әлгі бала қарсыласының екі рет айла-тәсіліне түсіп қалды. Бапкері болуы керек, өзі шыққан бұрыштан біз қатарлы бір жігіттің “28 секунд уақытың қалды” деген қатқылдау дауысы шықты. Жас спортшы да тура сол сөзді күтіп тұрғандай, қос қолына жармаса берген қарсыласын атып ұрса болар ма! Осылайша бұл кездесуде де айқын басымдықпен Аян Шаттықұлының жеңіске жеткеніне тағы бір мәрте куә болдық.
Айтпақшы төрешінің кездесу қорытындысын хабарлап жатқанынан әлгі баланың есімі Аян екенін білдік. Не керек, бапкерінен 10-15 минут уақытын бөлуін сұрадық. Келесі кездесуі де сол күні өтетінін айтқан Нұрекең спортшының алдағы жекпе-жекке дайындалатынын айтып, екеуара диалогты ұзаққа созбауымызды сұрады. Бапкер айтты, біз көндік.
Спортшы жалағаштық болмаса да, Отанымыз бір ғой. Бізді ол туралы жазуға мәжбүрлеген спортшының қарым-қабілеті еді. Мына қызықты қараңыз, елорданың атынан шыққан Аянның түбі қызылордалық болып шықты. Тіпті кейіпкеріміз Жалағаштықтарға да жат емес екен. Талай осы өңірдің топырағында аунап өскен Аян Мырзабай ахун ауылына жиен болып шықты.
Нағашы жұртынан жүлделі қайтуды мақсат еткен Аян Шаттықұлының спортпен айналысып жүргеніне де 5 жылдың жүзі болыпты. Ал “Осы бес жылдық асуда жас бала нендей жетістікке жетті?” деген сауалдың жауабын тарқатар болсақ, ауыз толтырып айтар дүние көп.
Аян Шаттықұлы – спорттың самбо және дзюдо деген қос түрін қатар алып жүрген қабілетті спортшы. Оған бүгінгі кездесуде де анық көзіміз жетті десек болады. Осы аралықта ол елордада өткен дзюдодан қалалық турнирлерде ІІІ және І орыннан бой көрсеткен. Сондай-ақ осы күні өзі намысын қорғап жүрген Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған республикалық турниде үздік үштікті түйіндепті.
– Спорттың қай түрі де оңай емес, бірақ өзің икемің бар спортқа бейімделсең, үлкен додаларда топ жаруға тез жол ашылады. Менің кішкентай кезімнен дзюдоға қызығушылығым басым болды. Қазір шүкір, салада аз-маз жетістігім бар. Бұйыртса, әкем артқан сенімді ақ­тап, мемлекет мерейін үстем етер үлкен сайыстарда топ жаруға күш саламын, – дейді Аян Шаттықұлы.
Кейіпкеріміз сырт аймақтарда ұйымдастырылған айтулы жарыстардан да олжасыз қайтпапты. Мәселен, осыған дейін Павлодар облысында өткен Шал ақынның атындағы республикалық турнирден ІІІ орынмен оралған. Сондай-ақ Ерейментауда ұйымдастырылған республикалық турнирде финалға жолдама алып, күміс медалды қанағат тұтыпты. Кейіпкеріміздің бозкілемде қарсыласынан бәсінің биік болуы жиелей түсіп, Қырғызстанда өтетін халықаралық турнирге жолдама жеңіп алды. Алайда кіл мықтылар жиылған жарыста жерлесімізге жеңіс бұйырған жоқ. Десе де әлі 15-ке де тола қоймаған жас спортшы үшін халықаралық турнирге жолдама алу дегеннің өзі үлкен жетістік екенін жақсы білеміз.
Қазіргі таңда бапкері Нұрбек Ерімбетов Аянның Қазақстан бі­ріншілігіне дайындалып жатқанын айтады. Кейіпкерімізді спортқа бау­лып жатқан білікті бапкердің де түбі жалағаштық болып шықты. Сірә, қос қызылордалықтың талай додада мерейінің үстем болуының ар жағында Сыр спортының қолтаңбасы жатса керек, біз осыған жорыдық. Ал бүгінгі бозкілемдегі бәсекеде кейіпкеріміз 46 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатыр екен. Біз Аянның әлі талай додада еліміздің атын шығарып, бапкері екеуі артылған сенімді ақтайтынына сенеміз.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
12 сәуір 2021 ж. 524 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930