» » Отбасымен бірге болыңыз

Отбасымен бірге болыңыз

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – рамазан. Жыл сайын асыға күткен қасиетті айға жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі – нығмет. Жаратқан ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін. Барша мұсылман бауырларды рамазан айының келуімен құттықтаймын.

Бар ғаламды жоқтан бар етуші, бізге ризық-несібемізді беруші, иман нығметтерін нәсіп қылушы, бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Басқа айларға қарағанда бұл айда мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда парызды орындау – басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі.
Құрметті аудан тұрғындары, қазіргі елдегі ахуалдың қандай болып жатқанын телеарналардан, басылымдардан естіп-біліп отырсыздар. Ал осындай жағдайды біле тұра көп адам шақырып, ауызашар беріп сауапқа кенелемін деу қисынсыз болар. Сауапты іске асыққан абзал әрине. Алайда мынандай жағдайда көптеп қонақ шақырып, ауызашар берсеңіз дерттің дендеуіне жол ашып беруіңіз әбден мүмкін.

Қазір уақыт өткен сайын елімізде “қызыл аймақтар” қатарына қосылған өңірлердің саны артып келеді, бұл жақсы емес. Біздің облыс та жуырда “сары аймақтар” сапынан бой көрсетті. Қазіргідей ахуал күрделеніп тұрғанда көптеп мейман шақырып ауызашар бергеннен әрқайсымыз өз отбасымызда жанұямызбен парызымызды орындағанымыз абзал.

Арамызда баяғы шақты сағынатындар да жоқ емес. Бәріміз де солардың сапынанбыз. Дегенмен қазіргі карантиндік ережелерді сақтау бәріміз үшін аса маңызды болып отыр. Өкінішке орай біз қазір сары аймақтамыз. Талапқа сай жұма, тарауих намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып, қысқа сүрелер оқып, адамдардың көп кідірмеуіне жағдай жасалатын болады. Сондай-ақ жанұяда отбасымен ғана ауыз ашуға рұқсат беріліп отыр. Қазіргі жағдайда барынша әркім өз отбасында ауыз ашқаны дұрыс. Сақтансаң, сақтайтынын әркез есте ұстап, көпшілік жерде көп кідірмеуге, санитарлық талаптарға қайшы келетін әрекеттерге бармауға тырысуымыз керек.

Айбек МӘДИЕВ,
аудандық «Иманқұл» мешітінің бас имамы

13 сәуір 2021 ж. 198 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930