» » Жазықсыз жазаланған жан

Жазықсыз жазаланған жан

Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, бұл қазақ өз ғұмырында мың өліп, мың тірілген қайсар халық қой. Ащы да болса, ақиқаты осындай. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында да халқымыздың айдарынан жел есе қоймаған-ды. Қазан төңкерісі, 1920-1930-шы жылдардағы жұт, күштеп тәркілеу, колхоздастыру науқаны, осыдан туындаған жаппай аштық, босқыншылық, голощекиндік геноцид дейсіз бе, әйтеуір санап тауыса алмайтын қиындық. Қысқасы, кешегі қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық жылдарында біздің қазақ елі өз халқының 42 пайызынан айырылған екен. Бұдан өткен ауыр нәубет пен қайғы-қасірет болар ма?

Сыр өңірінен де қаншама боздақ қанды қырғынның тырнағына ілініп, ажал құшты. Ол күндерді еске алудың өзі қандай ауыр. Десе де, тарих қатпарындағы ащы ақиқатты қуғын-сүргіннің зардабын тартқан жандардың ұрпақтары қалай ұмытсын? Қаншама адамның тағдырына қара таңбасын қалдырған нәубеттің құрбаны болған әкесі Әбжаппар Жантуғанұлы жайлы әріптес ағамыз, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ радиосының үздігі Ахат Жанаев ағамыз көзі тірісінде тебіреніспен еске алған болатын.

– Әкем небәрі 34 жасында «Қызыл қырғынның» құрығына ілінді. Жазықсыз он жылға кесіліп, қырықтың қырқасына жетпестен “Волголаг” лагерінде мерт болған екен. Бұл жөнінде бізге анамыз да, әжеміз де, ағайын-туыстарымыз да сыр аша бермейтін. Бәлкім өзгелердің көзіне түрткі болмасын, ер жеткен соң өздері естіп, біле жатар деген шығар. Үлкен кісілер дастарқанда бас қосқан кездерінде ашық сырласайық дейді ме, әйтеуір бізді маңайына жуыта бермеген көрінеді. Сонда оңаша отырғанды қолай көрген олар өзекті өртер өксікті ортаға салып, көкірек кернеген шерлерін тарқатысатын болған ғой, – деген болатын ағамыз ауыр күрсініп.

Әкесі Әбжаппар Жантуғанұлы – Жалағаш ауданының тумасы. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда ет комбинатында жұмысшылықтан бастап, өзінің қажыр-қайратының арқасында басшылық қызметтерге сатылап көтерілді. 1928 жылы отбасын құрып, Ерхан, Нұрхан, Ахат есімді ұлдары дүниеге келеді. 1932-1934 жылдары Түркістан мен Қазалы ет комбинаттарын басқарып, тәжірибе жинақтады. Осылайша 1934 жылы Украинаның Полтава қаласындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, сол жылдың жазында “Әулиеата” ет комбинатына директор болып тағайындалады. Өкініштісі, 2 жылдан соң, яғни 1937 жылдың 26 қарашасында ол кісі «халық жауы» деген жалған жаламен 10 жылға сотталды.

Ахат ағамыздың айтуынша, анасы Ырзакүл әкесі туралы шындықты балаларына ақыл тоқтатқан соң айтқан. «Осы уақытқа дейін әкелеріңді қан майданның бел ортасында ата жаумен шайқасып жүр деп келіп едім. Енді имандай шындықты айтпауға арым жетер емес. Біріншіден, онсыз да жабырқау жүректеріңді жараламайын дедім. Екіншіден, кейін өздеріңе кесірі тиер, жолды байлар, өзге жұртқа жиіркенішті етер деп қауіптендім. Осылайша шындықты бүркемелеуге тура келді. Әкелерің 1937 жылдың қараша айында он жылға сотталды. Мерзімін түгел өтегеннің өзінде 1947 жылдың күзінде елге оралуы керек еді. Енді екінші жылға қарады, хабар-ошар болмай жатыр» деді жарықтық анам деп ағамыз үнсіз қалып, сәлден соң әңгімесін әрі қарай сабақтаған болатын. Ол кісі өмірден өткенмен әкесі жайлы айтқан естелігі санада сақталып тұр.
– Саяси қуғын-сүргін азабын әкеміз ғана емес, анамыз да, тіпті біз де көп тарттық. Анам аштан қырылмайық деп елге көшті. Ағайынды паналадық. 1948 жылдың күзінде азаматын 11 жыл бойы сарыла күткен анам да қайтыс болды. Біз Ұлбосын есімді нағашы әжеміздің қамқорлығында болдық. Бізді ел қатарына қосқан әжеміз 94 жасында дүние салды,–деп ағамыз ауыр күрсінген еді.
Кейіннен белгілі болғанындай, ақтық демі біткенше ақиқат деп әділетсіздіктің құрбанына айналған Әбжаппар Жанаев 1942 жылдың 20 мамырында Еділ бойындағы “Волголаг” концлагерінде 39 жасында өмірден озыпты. Бұл қаралы хабарды Жанаевтар әулеті 1958 жылдың күзінде ол кісі ақталған соң ғана білген екен.
Жаратушы иеміз өмірден тым ерте кеткен бейкүнә азаматтың соңында әке шырағын сөндірмейтін қыранның қос қанатындай екі перзент қалдырғаны жанға медеу. Қаншама тұлпарлар тұяқсыз өтті емес пе?! Баянсыз өмірдің баяндысы ұрпақ ғана. Үлкен ұлы Нұрхан атамыздың мына бір өлең шумақтары көп нәрсені дәлелдеп тұрғандай.
Әкем менің жаз дидарлы жан еді,
Қайратты еді, қайыспайтын нар еді.
Амал нешік, ерте өтті өмірден,
Бәрі, бәрі 37-нің әлегі.
Әңгіме ұзақ, айта беріп нетеміз,
Айта берсек, мұңға батып кетеміз.
Бүгін біздер ата-ананың жасының,
Екі есесін жүріп өткен екенбіз.
Иә, өмірде артына ұлағатты да ұлықты ұрпақ қалдырып, ізгіліктің шырағын жағып кеткен ардақты азаматтың ұрпағы Ахат ағамыз өзі өмірден өткенмен, әкесінің тар жол тайғақ кешумен өткен ғұмырын тарихи шындықпен сабақтастырып, «Арманда кеткен арысым» деген кітабын кейінгі ұрпаққа өлмес мұра етіп сыйға тартып кетті.
Расында, бүгінгі жастардың тәуелсіздігіміздің қаншалықты қиыншылықпен келгенін білгендері ләзім. Себебі біз әлі тарихы толық жазылып бітпеген халықпыз ғой. Ал тарихымыздың танылмаған тараулары қалай да жазылуы керек.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
29 мамыр 2021 ж. 219 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 692

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031