Жалағашта мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күніне орай бүгін Рәміздер алаңында «Рухымның айнасы – Рәміздерім» атты салтанатты жиын өтті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін орындаудан басталған салтанатты жиын «Арай» халықтық мәдени-үгіт тобының Мемлекеттік Рәміздер күніне арналған қойылымымен жалғасты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Асылбек Шаменов жалағаштықтарды атаулы мерекемен құттықтады.
- Аспан түстес Көк Байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, беделімізді асырды.
Тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық құндылықтарымыз бен берекелі бірлігіміздің айбынына айналды.
«Менің Қазақстаным» Гимні туған елге деген патриоттық сезімімізді арттырып, әлем алдында рухымызды асқақтатты.
Елтаңба мен Көк Туға, Гимнге тағзым - тарихқа тағзым, оларға құрмет – елге құрмет. Өйткені, мемлекеттік белгілеріміз – елдің құты, ырыс-қасиеті,- деді аудан басшысы өз сөзінде.
Шара барысында аудан көркемөнерпаздары патриоттық әндер шырқады.
Айта кету керек, биылғы жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде Жалағаш кентіндегі Дәуімбай елді мекенінде аудандық бюджеттен 69 млн. 510 мың теңге қаржы бөлініп, Рәміздер аллеясын салу жоспарлануда. Рәміздер аллеясы 30 тамыз – Конституция күніне орай ел игілігіне пайдалануға берілмек.