» » БҰҚАРБАЙ БАТЫР АУЫЛЫНДА 1112 САЙЛАУШЫ БАР

БҰҚАРБАЙ БАТЫР АУЫЛЫНДА 1112 САЙЛАУШЫ БАР

Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі мәдениет үйінде орналасқан №138 сайлау учаскесіне жиналған жергілікті халық өз таңдауын жасауда. Халық саны 2 мыңнан асатын елді мекенде 3 азамат ауыл әкіміне үміткер. Оның бірі осы ауылдың бұрынғы әкімі болса, бірі білім саласында еңбек етеді. Ал соңғысы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасауда. Осыған дейін 3 кандидаттың да сайлауалды бағдарламасы жергілікті басылым бетінде жарық көрген болатын.

Таңғы сағат 7:00-де басталған ауылдағы саяси науқанда 8:00-ге дейін 157 сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерді. Ал 9:30-да олардың саны 330-ға артқан. Батыр атындағы ауылдағы сайлау учаскесінің төрағасы Ерлан Боранбаев саяси науқан барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, өткізіліп жатқанын айтады.

Айта кетейік, Бұқарбай батыр ауылдық округінде 1112 сайлаушы бар. Ал биыл бірінші рет науқанға қатысушылар саны –  4. Елді мекенде бірінші болып су шаруашылығында еңбек ететін ауыл тұрғыны Әбдіқазы Абзалов өз таңдауын жасапты. Ауыл әкімін сайлау науқаны 20:00-ге дейін жалғасады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ    
25 шілде 2021 ж. 584 0