» » АҚҚЫРДА ӘР ЖҮЗІНШІ САЙЛАУШЫҒА БАҒАЛЫ СЫЙЛЫҚТАР ТАБЫСТАЛДЫ

АҚҚЫРДА ӘР ЖҮЗІНШІ САЙЛАУШЫҒА БАҒАЛЫ СЫЙЛЫҚТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Жалағашта таңғы сағат 7:00-ден бастап ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталып кетті. Осыған дейін саяси науқанды ақпараттандыру мақсатында аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің тілшілер тобы Қаракеткен мен Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі сайлау учаскесінде болған еді. Кезекті сапарымыз аудан орталығынан шалғай орналасқан Аққыр ауылдық округінде жалғасты.

Ауыл мектебінде орналасқан №140 сайлау учаскесіне де өз таңдауын жасауға келген сайлаушылар көп. Мәселен, мұнда сағат 11:30-ға дейін 302 ауыл тұрғыны дауыс беріп үлгерген. Негізінен елді мекенде халық саны 1087-ні құраса, оның 566-сы сайлаушы болып табылады.

Аққырда 18 жасқа толған 5 сайлаушы болса, оның төртеуі дауыс беріп үлгерген. Бұл елді мекенде ең бірінші болып студент Елнұр Тәуекел өз таңдауын жасаған. Ал ауылдық округте 7 мүмкіндігі шектеулі азамат болса, төртеуі өздері келіп дауыс беретінін жеткізген. Ал қалған үшеуіне №140 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері үйіне барып дауысын алады.

Қазіргі таңда ауылдағы білім ошағында орналасқан сайлау учаскесінде 5 бақылаушы, 3 сенімді өкіл жұмыс істеуде. Ал төрайымымен қоса есептегенде сайлау учаскесінің 5 комиссия мүшесі бар.

Айта кетейік, Аққыр ауылдық округі әкіміне үміткер 3 азамат бар. Оның біреуі «Нұр Отан» партиясы атынан ұсынылған. Ал қалған екеуі өз-өздерін ұсынған кандидат болып табылады. Саяси науқан кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Науқан барысында қарт сайлаушы Самал Назаровтың иығына шапан жабылса, әр жүзінші сайлаушыға бағалы сыйлықтар табысталды. Біз барғанда үш жүзінші сайлаушы Жанерке Әбтіқали өз таңдауын жасап, бағалы сыйлыққа ие болды.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

25 шілде 2021 ж. 634 0