» » Егемендік – ұлтымыздың ұлы мұраты

Егемендік – ұлтымыздың ұлы мұраты

Алматыға барған сайын қала тұрғындары "ескі алаң" атап кеткен Республика алаңына барамын. Жазда қызылды-жасылды гүлдер көмкеріп, қыста аппақ қар көмкеріп жатады. Осы алаңға келсем, өз-өзінен көңілім астаң-кестең болады. Гүлзәр тұрмақ, алаңның табанына төселген тасты басып жүруге жүрексінем. Өйткені, бұл алаңда азаттық аңсаған халықтың арманы бар, еркіндік, тәуелсіздік үшін жазықсыз төгілген жастардың қаны бар. Қыршын кеткен қаракөздеріміздің көлге айналған көз жасы бар және ол әлі күнге жерге сіңіп кетпей немесе буға айналып аспанға ұшып кетпей, тас төсеніштердің бетінде кілкілдеп тұр.

Осы орталық алаңда 1996 жылы "Тәуел­сіздік монументі" бой көтерді. Биіктігі отыз метрге жуық ескерткіш тұғырдың ұшар басында қанатты барыс бар. Айбарлы аңның жон арқасында күнге шағылыса жарқырап "Алтын адам" тұр. Жарты әлемді жамбастап жатқан Алатауға қарап қасқайып тұрған айбынды Сақ жауынгері тәуелсіз елдің тыныштығын күзетіп тұрғандай елестейді маған. Осы алаңға барып, монументтің ұшар басына көз жіберсем, әлгінде ғана жабырқаған көңілім жадырап, еңкейген еңсем көтеріліп, арқаланып кетем. Өйткені, бұл алаңның аспанында тәуелсіздік үшін күрескен қайраткер қазақ жастарының өлмейтін өр рухы жүр. Олар азаттықтың алауын жаққан алаңды айнала көлбей ұшып, сол маңға келіп көкке шаншылған монумент басына көз тіккен қазақ баласының бойына рух күшін дарытып тұратындай. Менің Алатау баурайындағы әсем қалаға жолым түскенде Республика алаңына бір соқпай кетпейтінім де сондықтан...

Шынын айтуымыз керек, "тәуелсіздік" деген сөзді қазірде кез келген жерде оңды-солды қолданып, қадірін қашырып жүрміз. Бұл сөз біздің халқымыз үшін Құранның сөзіндей қастерлі һәм киелі болуы тиіс. Өйткені осы жалғыз ауыз сөзде біздің ұлтымыздың кешегі тұтас тарихы, тағдыры, сан соқпақты жолы, қуанышы, шаттығы, мұңы, азабы, қасіреті жатыр. Осы тәуелсіздік деген бір ауыз сөзді естей алмай бабаларымыз арманда кетті. Қазақтың тарихындағы қантөгіс соғыстың барлығы осы тәуелсіздік үшін болды. Кешегі қазақтың соңғы ханы Кенесарының басы да осы тәуелсіздік үшін кесілді. Бабаларымыз тәуелсіздікке малын емес, басын айыр­бастауға даяр еді. Далиған далада еркін өскен халқымыз орыс империясының қол­тығына кіріп, боданына айналған соң рухын жоғалтты, діні мен ділінен жерініп, тілін ұмытты. Халқымыз КСРО-ның құрамында болған уақытта рухани тұрғыдан қысым көрді. Ауызы шыққан жараның сыздап-сыздап ақыры жарылатын уақыты болатыны секілді, құрамына он бес мемлекетті ұстап отырған КСРО секілді алып империяның да күйреп, тозатын уақыты өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында-ақ көрініс берді. Өзге ұлттың билеп-төстеп, жусатып, өргізгеніне жаны төзбеген қазақ ұлтшылдары еліміздің әр өңірінен бас көтере бастады. Ереуілдер мен наразылық шерулеріне шықты. Тіпті сол наразылықтардың соңы қақтығыстарға ұласа бастады. Алайда, жетпіс жыл бойы желкемізге мініп келген КСРО билігі ондай "бұзақы" топтардың әрекеттерін "арандатушылық" деп танып, көтерілістерді әскери күшпен басып, тұншықтырып отырды. Алайда, қанында батыр балалардың қаны ойнап, рухы атойлаған халқымыз оған көне қойған жоқ. Бірер мәрте от шашып, айналасындағыларды үрейлендіріп қойып, бір сәт тынши қалып, бір күндері аспанға атқылайтын қауіпті жанартау секілді сексен алтының желтоқсанында қазақтың ішіндегі жанартау жарылды. Кенесарының қалғып кеткен рухы қайта оянды. Әлгі орталық алаң қызыл қанға боялды. Бірақ еркіндік көксеген, өз ұлтын өзгелердің басқаруына қарсы болған қазақ жастарының бұл жолғы екпініне ешкім бөгет бола алған жоқ. Тіпті мемлекет "машинасы" да...

Әлгінде сөз арасында "тәуелсіздік" деген сөздің киесі туралы айтып қалдық қой. Иә, расында бұл сөзде кие бар. Тәуелсіздік деген сөзде қазақтың кешегі қанды тарихы ғана емес, ертеңгі жарқын келешегі де бар. Тәуелсіздік ұғымын ұрпақ санасына біз әлі де дендеп енгізуіміз керек. Бала тұрмақ, ересектердің өзі тәуелсіздік тарихы жайында әңгіме айтса немесе өлең оқыса еш тебіренбейді, толғанбайды қазір. Тәуелсіздік – біздің ұлттың ұлы мұраты, асқақ арманы. Ендеше, біз осы сөзді қастерлей білмесек, ұлт мұратын да аялай білмегеніміз. Ғаламтордан өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ұлыбританиядан егемендігін алып шыққан Үндістандағы бір үлкен жиынның ескілеу бейнежазбасын көзім шалып қалды. Ел Президенті тәуелсіздік тарихы туралы толғанғанда толқып, дауысы дірілдеп сөйлей алмады. Жанарына келіп қалған жасты қайта-қайта саусағымен сүртіп тастап тұрды. Сол сәтте залдағылардың барлығының көздерінен жас моншақтап отырды. Тіпті ана бейнежазбаны көріп отырып менің көңілім босады. Ғасырлар бойы басқа ұлттың бодандығында езіліп өмір сүрген ұлттың, тәуелсіздігін алған соң еңсе тіктеп, қайта рухтанып кетуі оңай емес, әрине. Ол үшін тәуелсіздікті дәл осылай қастер тұтуы керек шығар, мүмкін. Жасыратыны жоқ, біздің көбіміз көк туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда да тебіренбейміз. Ал әнұран мен туымыз – тәуелсіздіктің басты атрибуты...

Бір жылдары Францияда "Намыс-дода" деген спорттық сайыс өтті. Сол доданың қызған шағында осы ауданымызда тұратын бір үш жасар баланың теледидардың ал­дына тұрып алып, қолын шапалақтап "Алға Қазақстан" деп "өз тілінде" былдырлап айқайлап, Қазақстан командасына жанкүйер болғаны және біздің командамыз жеңіске жеткенде қуанғаннан үйді айнала секіріп жүгіргенін естіп таңғалып едік. Сосын сол бала Олимпиадада алтын алған қазақ спортшысына жанкүйер болып, марапаттау рәсімінде біздің елдің әнұраны ойналғанда орнынан тапжылмай тұрып, кеудесіне қолын қойып, әнұранды айтып шыққанын көріп көзімізге жас келген. Міне, сол бүлдіршін қазірде "тәуелсіздік" деген сөздің қадірін білетін тұлға болып қалыптасқанына менің сенімім кәміл...

Қуат АХЕТОВ
16 қараша 2021 ж. 273 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930