» » Серіктестік жұмысында серпін бар

Серіктестік жұмысында серпін бар


2015 жылы Жалағаш ауданында “Өркен Әлем” ЖШС өз жұмысын бастаған болатын. “Серпін” индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын әскери киімдер өндірумен айналысады. Бастапқыда үлкен өндіріс орны 24 адамды жұмыспен қамтыса, қазір мұнда 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Мұндағы нәзікжандылардың барлығы арнайы оқудан өткен тәжірибелі мамандар.

Облыстық мәслихат депутаты, “Nur Otan” партиясының мүшесі Жақсылық Өзденбаев басшылық ететін серіктес­тік­ке 2017 жылы “СТ-KZ” сертификаты берілген болатын. Дәл осы жылы кәсіпорында тапсырыс аясында 810 дана бронды кеудеше, 240 дана арнайы әскери киім дайындалған. Ал 2018 жылы тапсырыс көлемі ұлғайып, серіктестік 5 630 дана бронды кеудеше мен 2 125 дана каскаға арналған бүркеме шығарған. Сол уақыттан бері кәсіпорын көкжиегі кеңейіп, мұнда тапсырысты сапалы әрі уақытылы қамтамасыз ету дәстүрге айналған.

Жалпы құны 38,2 млн теңгені құрайтын бұл жобаның болашағы жарқын. Себебі соңғы жылдары мұнда өндірілетін өнім түрі мен санында өсім қалыптасып отыр. 2019 жылы 11 мың каскаға арналған бүркеме әзірлеген серіктестік ұжымы қазір касканы толықтай өздері өндіреді. Себебі “Өркен Әлем” ЖШС әскери каска өндіретін Оңтүстік Кореялық алып аппаратты іске қосты. Облыстық мәслихат депутаты Жақсылық Өзденбаев кәсіпорынды соңғы үлгідегі заманауи аппа­рат­тармен жарақтау әлі де жоспарда бар екенін айтады. Егер бұл жоба жүзеге асса, серіктестікте жұмысшылар қатары қалыңдап, өнім көлемі де айтарлықтай ұлғаяры сөзсіз.

Бүгінде Қазақстан бойынша арнайы әскери киімдер шығаратын цехтар 3 аймақта бар. Ал еліміз бойынша салаға қажетті киімдердің барлық түрін өндіретін жалғыз кәсіпорын осы “Өркен Әлем” ЖШС екенін де айта кеткен жөн. Қазірдің өзінде серіктестік ұжымы ке­лер жылдың тапсырысын орындауға әлден қам жа­сап қойыпты. Мұнда негізінен шикізат Ресей мен Хорва­тиядан жеткізіледі. Серіктестік бронды кеудеше, кас­кадан бөлек қатты соққыға, жарықшаққа және оққа қарсы шлемнің бірнеше түрін шығарады.
Айта кетейік, “Серпін” индустриалды ай­ма­ғында орналасқан кәсіпорында газ­тұмылдырық, бронды кеудеше, жалпы әскери қорғаныш жамылғысын және шлем өндіру жұмыстары келер жылы да жалғасын табады. Тап­сырысты орындауға қажетті шикізат қоры да толық­тай жеткілікті.
– Бастапқыда әскери киімнің санаулы түрін өндіруді қолға алдық. Уақыт өте кәсіпорын көкжиегі кеңейіп, өнім түрі мен санында өсім қалыптастыруға қол жет­кіздік. Мұндағы құрылғылардың барлығы заманауи аппа­­раттар. Алдағы уақытта олардың қатарын көбейту де жоспарда бар. Әріптестерімнің барлығы арнайы оқудан өткен тәжірибелі мамандар. Сондықтан олар­дың еңбегін жо­ғары бағалаймын. Келер жылдың да тап­сырысы белгілі болды. Қажетті шикізатты то­лық жет­кізіп алдық. Әлі де кәсіпорынның көкжиегін кеңей­ту мақсатымыз бар, оны уақыт көрсетеді, – дейді халық қалаулысы Жақсылық Өзденбаев.
Сөзінен ісі алда жүретін облыстық мәслихат депутатының мұн­дағы мамандардың еңбегін жоғары бағалайтынын біз де байқадық. Се­рік­тестік іске қосылғалы жыл қоры­тын­ды­сымен өндіріс ошағындағы еңбеккерлерге 2 ай­­лық жалақы көлемінде сыйақы беруді “Nur Otan” партиясының мүшесі Жақсылық Өзден­баев дәстүрге айналдырған. Ал еңбек­кер­лер айлық жалақылары уақытылы берілетінін айтып отыр.
Соңғы жылдары әлемді алаңдатқан ін­дет елімізге үлкен салмақ салған уақытта мұн­­дағы еңбек ұжымы дерт­ті дендетпеуге жәр­дем бергенін де айта кеткен жөн. Тіпті дә­ріханаларда бетперде тапшылығы орын ал­ған тұста “Өркен Әлем” ЖШС 20 мыңға жуық бетперде өндіріп, жергілікті тұрғындарға тегін үлестірді.
Кәсіпорында бірнеше жылдан бері жұ­мыс жасай­тын тәжірибелі маман Алтынай Әлі­бае­­ваның сөзінше, өн­діріс ошағында тап­сы­рысты уақытынан кеш орындау мүл­­де орын алмаған. Сондай-ақ цех меңгерушісі әсі­­ре­се мұндағы қызу еңбек жаз айларында басталатынын айтады.
– Серіктестіктегі барлық маман арнайы оқудан өткен, сондықтан бізде тапсырысты уақытынан кеш орындау бүгінге дейін мүлде орын алған жоқ. Алдағы уақытта да оған жол бермейміз. Былтыр 880 бронды кеудеше, 10 мың жалпы әскери қорғаныш жамылғысын, 1 500 шлем және басқа да әскери киімдер өндірдік. Кәсіпорында өндірілген өнім әскери салаға қажетті, сондықтан біз мейлінше сапаға мән береміз. Мәселен, касканың ішін­де бірнеше қабаттан тұратын қалың мате­риалдың ті­гісі бірінен кейін бірі қатар орналаспауы қажет. Қатты мате­риалдың өзі осындағы арнайы заманауи кескіш құралымен бөлінеді және оны 20-25 қабаттап касканың ішіне орналастырамыз. Әр маманның өзіне жүктелген міндеті бар. Жұмыс таңертең 9:00-де басталады. Биыл­ғы жылды жақсы нәтижемен қорытындыладық, жыл­дағы дәс­түр бойынша барлығымыз сыйақыға ие болдық. Еңбеккерлер 150 мың теңгеден 300 мың тең­ге­ге дейін сыйақы алды. Бұл еңбек ұжымына үлкен шабыт береді, – дейді цех меңгерушісі Алтынай Әлібаева.
Серіктестік басшысының әлі де жоспары көп. Әсі­ресе біз халық қалаулысының “Кәсіп­орын көкжиегін кеңейтіп, жұмысшылар са­нын арттырмасам, ашылған жұмыс орнын қысқартуға жол бермеймін” деген мақса­тына риза болдық. Оның үстіне мұнда әскери салаға қажетті киімнің басқа да түрлерін өндіретін арнайы аппараттардың алды жеткізіліпті. Демек, Жақсылық Өзденбаевтың “Кәсіпорынның көкжиегін кеңейтемін” деген мақсаты құр сөз емес. Өндірісі өрге басқан “Өркен Әлемнің” бүгінгі шаруасы ширақ.
25 желтоқсан 2021 ж. 291 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930