» » ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІКТЕРІ АЙТЫЛДЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІКТЕРІ АЙТЫЛДЫ


Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте осылай деді.

Иә, мемлекет дамуына тұсау болар қоғам дер­тімен күрес шараларын әлі де күшейту керек. Кеңесте Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл пайымы да осыны аңғартып тұрғандай. Мем­лекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы не­гізгі басымдықтың бірі екенін тілге тиек қыл­ды. Президент айтқандай, заң үстемдігін ор­на­тып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.

Сыбайлас жемқорлықпен күресуге соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалды. Тіпті соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылыпты, кейбірінің лауазымы төмендеген. Кейін құрылған әкім­шілік соттарға 6 айда 14 мың талап-арыз түскен. Оның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Қыл­мыстық процестің үш буынды үлгісі енгі­зілді. Соның нәтижесінде прокурорлар был­тыр үш жарым мыңға жуық адамның қыл­мыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Тізе бер­сек, осындай басқа да институционалдық шаралар жүзеге асқан.

Қасым-Жомарт Кемелұлы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жем­­қор­­лықпен тиімді күрес жүргізу мүмкін емес деп есептейді. Сондай-ақ сыбайлас жем­қорлықтың белең алуына қатысты се­бептер мен жағ­дай­лар ешкімді қызықтыра қоймағанын айтады. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастаған.

Кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл ша­руа­шылығындағы субсидияларға бай­ла­нысты жемқорлық деректерінің анықталғанын жет­кізді. Мәселен, соңғы 5 жылда мемлекет агра­рилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлсе, сол уақыттан бері салада 960 қылмыстық іс тіркелген. Мұнан бөлек 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Президент атал­ған саланың жылдар бойы жемқорлыққа бел­шеден батқанын жа­сыр­мады. Салдарынан мемлекет үлкен шы­ғынға батып, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқ­сан келді. Тіпті жайылымдық жерлерді сулан­дыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатты жұмсалмапты. Былтыр қуаңшылық кезінде шаруалар жем-шөп таппай, түлік қырылып қалды. Тіпті, кей­бір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн ба­тареясы берілген. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы есе­­леп көрсетіліпті. Мемлекет бас­шысы мұның бәрі уәкілетті органдардың жауап­сыздығынан болған деп есептейді. Сондықтан “Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек” деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жүйе­­­лер мен деректер базасының жұмы­сына қатыс­ты мәселелерге арнайы тоқ­тал­ды. Цифрлық даму, инновациялар және аэ­ро­ғарыш өнер­кәсібі министрлігіне мем­лекеттік құрылымдар әзірлеген барлық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізуді тапсырды.

– Олар қандай міндеттер орындайды, оларға кімнің қолы жетімді, қанша қаржы жұмсалды, азаматтар мен мемлекетке одан қандай пайда бар? Цифрландыру жө­нін­дегі жұмыстардың басымдықтары нақ­ты жүйеленуі керек. Мемлекет қызмет түр­ле­рін алуды шынайы түрде жеңілдететін «Элек­тронды үкімет» немесе жүргізушілердің жол жүру тәртібін күшейткен және жол ере­же­лерінің бұзылуын тіркеуде адами факторды алмастырған «Сергек» сияқты жобалар бол­са, онда жөн. Сонымен қатар егер цифр­ландыру деген желеумен бюджеттен қар­жы жұмсалып, кейін ешкімге қажеті жоқ ресурс­тарға көрсетілген қызмет үшін біреулер мил­лиондап алатын болса, онда әңгіме басқа, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет бел­гілейтін баға­ларды реттеу кезіндегі жем­қорлықты түбегейлі жою мәселесіне ерекше назар аударды. Ол тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарауы керек деп есептейді. Бұлай болмаған күнде “Мұның астарында біреудің жымысқы әрекеті жатқан жоқ па?” деген сауалдың туындайтыны тағы да анық. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық өнім өндірушілер теміржол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданатынын мысалға келтірді.

– Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апа­ратын теміржолды пайдаланғаны үшін тө­лейтін ақының көлеміне байланысты нара­зылық білдіруде. Осыған орай, бір уақытта бірнеше өңірден – Қостанай, Шығыс Қа­зақстан, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарынан арыз түскен. Монополист ком­паниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңесте Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен ква­зи­мемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту тап­сы­рылды.

Сонымен қатар Мем­лекет бас­шысы мем­лекеттік-жекеменшік әріп­тестік са­ла­сын­дағы сыбайлас жемқор­лыққа қарсы ба­­қы­лауды күшейту қажет деп есептейді. Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ту­ра­лы заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қа­рас­ты­руы тиіс.
Президент халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге ша­қырды. Бүкіл қоғамды жемқорлықпен кү­ре­суге жұмылдыру қажет. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын бар­­шаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік ап­паратта жобалық басқару қағидаттарын ен­­гізуді жалғастыру маңызды. Барлық мем­лекеттік орган жұмыстың жаңа форматына бел­сенді кірісіп, оларды іс жүзінде қолдануы керек.

Басқосуда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов қоғамдық бақылауды кеңейтуді және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды. Ол кадр мәселесінде адамның моральдық тұр­ғыдан таза болуы керек екеніне баса мән берілгенін қалайды. Оның сыбайлас жем­қорлыққа қандай да бір қатысы бар деген сыбыс мүлде болмауы қажет. Сондықтан ол барлық мемлекеттік орган және жұртшылық әрдайым бірге күш жұмылдыра отырып, сы­байлас жемқорлықпен күресуге және өс­келең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуға тиіс деп есептейді.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт То­қаев жоғары лауазымды тұлғаларды таға­йын­­даған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

05 ақпан 2022 ж. 231 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930