69 миллион теңге жұмсалған: Қызылорда облысында салынғанына 8 жыл болмаған емхана апаттық жағдайда тұр
Қызылорда облысы Шіркейлі ауылында 69 миллион теңгеге салынған дәрігерлік амбулатория 8 жылға жетпей апаттық жағдайға түскен. Уақытынан бұрын жарамсыз болып қалған нысанға қазір бірде-бір адамның кіруіне рұқсат жоқ. Дәрігерлер болса науқастарды ескі әкімдік ғимаратында қабылдауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Ауылға жаңа нысан 2014 жылы пайдалануға берілген. Алайда оның қазіргі жағдайы тұрғындардың айтуынша сын көтермейді. Емхананың қабырғалары сөгіліп жарылып кеткен, төбесі ортасына түсіп қирауы мүмкін деген қауіп бар.
Дәрігерлер сол себептен де әкімдік ғимаратына көшірілген. Алайда бұрын мектеп болған бұл жақтың да қабырғасы жарты ғасыр бұрын көтерілгендіктен сылақтары түсіп, тозығы жеткен. Ақ халаттылар медициналық көмек көрсетуге жағдай жасалынбағанын айтады. Тұрғындар бұл ғимаратты салғандар мен оны қабылдап алған шенеуніктердің жұмысына ашулы.
“Қалай қабылдағанын қайдам. Қабырғалары жарылып тұр. Ішіне адам кірсе өміріе қауіп төнуі мүмкін”,-деді ауыл тұрғыны Алмасбек Сүлейменов.
“Қаншама қаражат кетті. Жаңадан салынған ғимарат деп табыстады. Бірақ мынадай жағдайдағы нысанды қайтадан салмаса, жөндеуге келмейтіні көрініп тұр”,-деді тағы бір тұрғын Жұмабек Көпбергенов.
Дәргігерлік амбулаторияның уақытынан бұрын апаттық деп танылғанының себебін анықтау үшін сараптамалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұржамал Жұмағалиқызының айтуынша сараптама қорытындысы дайын болған соң күрделі жөндеуге сұраныс тапсырылады. Оған 75 миллион теңгедей қаражат керек.
8 жыл бұрын 69 миллион теңгеге салынған ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 75 миллион теңгеге шығып отыр.