» » Антына берік абзал жандар

Антына берік абзал жандар

Есіктен енгеніміз сол еді, қолында адамның дене қызуын өлшейтін кішкене аппараты бар орта жастағы медбике алдымыздан шықты. Ахуал қайта қалпына келгенде еркінсіп кететін әдетіміз тағы бар, қасымдағы әріпсетім екеуміздің де дене қызуымыз бірқалыпты екен. Алайда бетперде жоқ. Тәртіп қатал, себебі талап солай. Ауруханаға кірген әрбір адамда бетперде болуға міндетті. Олай болуы да заңдылық, себебі талай жанның өмірін жалмаған “тәжтажалдың” қайта дендемеуі үшін осындай кішігірім қауіпсіздік ережелерін де қатаң сақтау қажет. Әсіресе мұның маңызын кешегі коронавирус індеті өршігенде қаншама адамның өмірін ажалдан арашалауға жұмыс жасаған ақ халатты абзал жандар жақсы біледі.

Өткен аптаның жұма күні, басылымның кезекті нөмірін дайындап жатқанымыз сол еді, жұмыс те­ле­фонымыз шыр етті. Қоңырау шалып тұрған жасы жетпістер шамасындағы кент тұрғыны екен. Жас ұлғайған сайын бойда дерттің көбейе бере­тінін қаперге салған ақсақал жуырда қан қысы­мы көтеріліп, инсульт алыпты. “Аудандық ауру­хана қызметкерлерінің дер кезінде жүргізген ем­дік шараларының арқасында аман қалдым” дейді қария. Алайда сол бойға жабысқан дерттің сал­­­да­рынан ақсақалдың сол жақ аяқ-қолынан жан қашқан. Десе де мұны да қалыпқа келтіруге жұ­мыс жасаған дәрігерлердің арқасында қазір қария жүріп-тұруда тіпті балтақты да қажет етпейтін көрінеді. Бізге байланысқа шығып отырған мақсаты ау­дандық аурухана қызметкерлеріне алғысын басы­лым арқылы жеткізу екен.
Көкеміз сонда орталық аурухананың ішінде бой­дағы түрлі дерттің салдарынан дене мүшелері сал болып қалған науқастарды қайта ортаға бейімдейтін арнайы бөлімше барын айтқан. Қарияның сөзіне құлақ ассақ, бұл кабинетте ем алғандардың ішінде дертінен толық айығып, баяғы қалпына қайта орал­ғандар көп екен. Бізді қызықтырғаны да осы болды. Бұл қандай орталық, мұнда қандай ем-дом шаралары жүргізіледі? Осы сауалдың жауабын білу үшін аптаның алғашқы күні таң атысымен аудандық ауруханаға келіп тұрмыз.
Аурухананың үшінші қабатында келеміз. Қа­сы­мыз­да ұйымдастыру әдістемелік бөлімінің дәрігері Арайлым Балымбетова бар. Мән-жайды айтқаннан кейін әлгі кабинетке бізді тура алып келді. Сыртында “Емдік дене шынықтыру бөлмесі” деген жазуы бар кабинетті нұсқап, “Сіздер іздеген орталық осы” деді. Бөлме іші дене жаттығуына қажетті аппараттармен жарақталыпты. Аурухана емес, тура спорттық нысан іспетті. Анадай жерде егде жастағы әжей аяқ қимылы жаттығуын жасап жатса, енді бірі массаж қабылдап жатыр. Келесісі тұтқасы бар дөңгелек табақшаны айналдырып әлек. Ал оларға әрбір аппаратпен қалай жұмыс жасау қажеттігін түсіндіретін нұсқаушысы тағы бар.
Орталық жетекшісі Рүстем Шонықбаев мұнда тек инсульт алғандар ғана емес, аяққа, тізеге ота жасалған науқастарға, созылмалы және деге­не­ративті дертке шалдыққандар, салқынның салда­рынан буын аруына тап болған науқастарға да ем жүргізілетінін айтады. Көбіне мұнда науқастар “Терапия”, “Хирургия” мен “Реабилитация” бөлім­дерінен келетін көрінеді. Ал орталық ішіндегі аппа­раттар науқастардың бұрынғы қалпына қайта оралуына үлкен көмек болып отыр. Себебі салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар Р.Шонықбаев соңғы 4 айдың ішінде орталықта қаншама науқас дертінен айыққанын айтады.

Аяғына әлгі аппараттардың бірінен массаж қабыл­дап жатқан әжеміздің бірін әңгімеге тарттық. Қария өзі денсаулық сақтау саласының ардагері екен. “Оңалту” бөлімінде ем алып жатқан кент тұрғыны жуырда инсульт алыпты. Салдарынан Баян Қосбергенованың қимыл қозағылысы шектелген.

– Басында мұндағы аппараттардың тек біреуімен ғана жаттығу жасауға әрең жарайтынмын. Қазір кү­ніне дене қимылын ширататын 3-4 жаттығу құ­ра­­лымен жұмыс жасап жүрмін. Бұл оң нәтиже қа­лып­тасқанын білдіреді. Мұндағы ақ халатты абзал жан­дарға алғысым шексіз. Менен бұрын ем алып, осын­да жаттығумен айналысқан қаншама адам дер­­тінен толық айықты, оны өз көзіммен көрдім. Со­лар­ды көріп, жаттығуға құлшынысым артты. Ал дәрігерлер шама-шарқынша емдік шараларын жүр­гізіп жатыр. Оларға тек алғыс айтамын. Өзім осы са­ла­ның ардагері болғаннан кейін олардың жұмы­сының үлкен жауапкершілікті талап ететінін жақсы білемін. Ал бұл талапқа аудандық аурухана ұжымы табанды еңбегімен жауап беретініне сенемін, – дейді қария.

Ал аудан ардагері Жаңылған Толыққараеваның жүрек соғысында сәл ахау бар. Сондықтан жыл сайын ол орталық ауруханада жатып ем алады. Биыл сәл нәтиже болғаннан кейін дәрігерлер әжемізді бір уақыт осы орталықта бірқатар дене жаттығуымен айналысуы керек деп шешкен. Ал он бала тәрбиелеп өсірген батыр ана жаттығудың төртінші күнінен бастап нәтиже болғанын айтады. Мәселен, осыған дейін Жаңылған әжеміздің денесінде сырқырау, қан ұю секілді жағдайлар жиі болып тұрса, қазір мұның бәрін апамыз орталық арқылы еңсеріп отыр.

– Ешкімді ауыртпасын. Бәріміздің аман бол­ғанымыз жақсы. Бірақ жас ұлғайған сайын түрлі дерт пайда болатыны заңдылық қой. Енді бас ауырып, балтыр сыздағанда ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгініп, аурухана төңіректейтініміз тағы бар. Шүкір, мұндағы мамандар сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Оң нәтиженің болуы бұған дәлел. Сондықтан мұндағы ұл-қыздарыма алғысым шексіз, – дейді батыр ана.

3-4 айда бұл орталық 100-ге жуық науқастың қалпына келуіне себепші болыпты. Әрине, бұл – үлкен нәтиже. Мұндағы науқастардың да ақ халатты абзал жандарға алғыс жаудыруы сондықтан.

Аурухананың қай бөлімін қарасаңыз да қайнаған жұмыс. Дәрігерлердің бірі науқастың жарасын таңып жатыр, енді бірі анадай жердегі төсекорында жатқан қарт кісіге “Әлі-ақ тәуір болып кетесіз” деп жұбатып жатыр. Қарап отырсақ, бұл сөздің өзі науқас үшін ем ғой. Міне, дертпен күресуде тек адам ағзаларына ота жасау, түрлі аппараттармен жұмыс жасау секілді тәжірибе аздық етеді. Адаммен жылы сөйлесудің өзі науқастың дертінен айығуына үлкен күш болатын көрінеді. Ал бұл қос қасиет те біздің жергілікті дәрігерлердің кез келгенінің бойынан табылады. Біз бұған орталық ауруханада өткен бір күнде көз жеткіздік.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ


01 наурыз 2022 ж. 270 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930