ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

Ермекбай Бодыбаев 1973 жылы мектеп бітірген соң, алғашқы еңбек жолын Аққыр ауылындағы ауа-райын бақылау метеостанциясында қызмет атқарған. Одан соң ауылдағы №188 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәні және денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып 10 жыл ұстаздық етті. Ал, тоқырау жылдары күнкөріс қамымен түрлі кәсіппен айналысты. Ал, 2007 жылы аудандық кірістер басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс бастады. Одан кейінгі жоспарлары «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып, ауыл орталығынан темір жону шеберханасын ашты. Бүгінде темірмен «тілдесетін» ұстаның шеберханасында 3 жұмысшы бар. Мұнда темірді жону, кесу, қайрау, түрлі пішінде, түрлі мөлшерде бұрандалар жасау және тағы да басқа техника тетіктерін қалпына келтіру жұмыстарынан бөлек дәнекерлеу қызметтері де көрсетіледі.
Аудан орталығынан шалғайда жатқан Аққыр ауылында іргелі шаруашылықтар көп емес. Бұрын мал шаруашылығымен ғана айналысқан ауылда күріш екпесе де, бақша салатындар бар. Ал, қазіргі уақытта бақшалық алқапты дайындау жұмыстарына үлкен техникалардан бастап, қыл аяғы кетпен, шапқыға дейін қатысады. Міне, осы көктемгі егіс науқанына дайындық барысында ауылдағы жұмысқа жарамды барлық техникалар Ермекбай Бодыбаевтың шеберханасынан жөндеуден өтеді. Ермекбай ағамыз олардың істен шыққан қажетті бөлшектерін темір жону станогына салып, қайта қалпына келтіреді. Сонымен бірге бұл шеберханада ауыл тұрғындарының тапсырысы бойынша күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жасалып, жарамсыз құралдар қайта жөндеуден өтеді.
Біз барғанда шебер қызу жұмыс үстінде екен. Кішкентай ғана бұрандаға із түсіру үшін қанша мәрте өлшеп, пішті. Сәл қателессең еңбегің зая кетеді. Жону станогіндегі қамытқа бекітіліп, шыр айналған ұзынша келген добалдай қара темір әп-сәтте жіңішкеріп, бүкіл ауылдың қажетіне жарап отырған шынжыр табанды трактордың сынған бөлшегінің көшірмесі дайын болды...
Қ.АХЕТОВ.