БАТЫР АНАНЫҢ АСТАНАҒА ТАРТУЫ
Мәдениет ауылының тұрғыны, 96 жастағы батыр ана Өтеш Тасжүрекқызы күні бүгінге дейін бау тоқып, түс киіз басады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген іскер бұл өнерге балалары мен немерелерін баулып жүр. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Тарлан тарих тағылымы» атты партиялық жоба аясында ұмыт қалған салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, ұлттық құндылықтар дәріптелді. Осы орайда, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева бастаған БАҚ өкілдері тіректі ауылдағы Махановтар отбасында болып, қарт ананың өнерін көзбен көріп қайтты. Өтеш ана өмірге 11 перзент алып келді. Олардан немере, шөбере сүйген бақытты әже. Қазір Махановтар отбасы үлгілі әулет, шаттыққа толы шаңырақ. Мұны айтқан мәдениеттіктер Өтеш Тасжүрекқызының көркем мінезін, елдегі жаңалықтарға елең етіп отыратындығын айтады. Бұл отбасына барғанымызда қарт ана Елорданың 20 жылдығына арнап бау тоқып жатыр екен. Астанаға өзі жете алмаса да айтулы мерекеден қалыс қалғысы жоқ. Мемлекеттің әр жетістігіне қуанып, бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік ететін ол ұлттық құндылықтарды жастарға дәріптеп келеді. Асыл әжеміздің көзі ашық, көкірегі ояу, сөзі ширақ, ойы жинақы. Ұлттық болмысымызды, қазақилығымызды айқындайтын күбі шайқау, келі түю, диірмен тарту, ши тоқу, құрт жаю секілді бірқатар ұлт тұрмысындағы жұмыстарды қолмен жасап көрсетті. Есік алдына тігілген алты қанатты киіз үй жабдықтарын да өз қолымен жасапты.
Өмірдің ащысы мен тұщысын көрген әже еліміздің бүгінгі күні гүлденіп, өркендеп дамып, бейбітшілік пен татулықта болуының бағасы аса құнды, әрі аса мәнді екенін ұрпақтарына жиі айтып отырады. Бұл әулетте «Еңбексіз ырыс жоқ» деген басты ұстаным бар. Асыл анадан өрбіген ұл-қыздардың барлығы ел дамуы жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Отбасының ұйытқысы Өтеш анамыздың шаңырағындағы бау-бақшасы да жайқалып тұр. Онда жеміс талының түр-түрі бар. Тіпті жаңғаққа дейін өседі. – Бұл жеміс ағаштарын әжеміз қолдап отырғызды. Көктем шыға жеміс талдардың түбіне көң салып күтіп баптайды. Сондай тынымсыз еңбектің нәтижесінде жылда мол түйнек салып, жер ана да несібесін төгеді, – дейді немерелері. Сол күні екі ғасырдың куәсі Өтеш қария шөбересінің тұсауын кесіп, айтулы азамат болсын деген тілек білдірді. Ақындық өнері де бар. Ұл-қыздары мен келіндеріне арнап шығарған жыршумақтарды оқып, берекелі отбасындағы бірлікті өлеңдетіп жеткізді. Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген анаға қарап, қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне, көңілдің қартаймайтынына көзіміз жетті.
Н.ҚАЗБЕКОВ