«талапкердің» таудай талабы
Әйел – отбасының ұйтқысы, шаңырақтың берекесі ғана емес, шаруашылықтың қай саласында болсын, өзінің лайықты бағасын алып жүрген еңбеккер.
Әлбетте, бұл – жаңа заманның тың талаптарының көрінісі. Әйелдердің қабілеті мен қарымы, ой-өрісі мен іскерлігі, еңбекқорлығы мен таланттылығы қашаннан жоғары бағаланады. Қай істі болсын ұршықша иіріп әкететін олардың тындырымдылығы, тиянақтылығы мен ұқыптылығы өз алдына, жаңа заманға бейімделгіштігі мен ізденгіштігі де қадірін еселей түскендей. Нәзік жандылардың іскерлігі өздері қолға алған істен көрініс табады. Олар еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуы, өркениетті ел болуы жолында еңбек етіп, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Өзіміздің ауданымыздан да әртүрлі кәсіп көзін ашып, зор еңбекпен ел ықыласына бөленіп отырған аналар аз емес. Солардың бірі – бүгінде ауданымызға аты кеңінен танымал «Талапкер» ЖШС директоры, кәсіпкер Раушан Ақышева.
1982 жылы Апматыдағы жеңіл өнеркәсіп техникумын технолог мамандығы бойынша бітірген ол осы салада технолог, цех меңгерушісі, инженер қызметіне дейінгі баспалдақтардан өтті. Уақыт өте «Талапкер» ЖШС 1995 жылы жеке кәсіпорын болып құрылған кезден бастап басшылық тізгінді өз қолына алған апамыз осы уақытқа дейін халық сұранысына лайық жұмыс жүргізіп келеді.
– Әрине, алғашқы жылдары мекеме аяғына тұрып кету үшін біршама қиындықтарға жолықтық, бірақ ұжыммен бірлесе күресе жүріп, мекемені тұрақты бір жолға қойдық. Бейнетсіз ештеңе де болмайды. Бірақ, бізді осы қиын кезеңдерден алып шыққан қалайда халыққа қызмет көрсетіп, ел үдесінен шығамыз деген сенім мен алға қойған үлкен мақсатымыз болды. Қазіргі таңда тігін машиналарының барлығы заманауи үлгімен жабдықталған. Алдағы уақытта кәсіп көлемін кеңейтіп, тағы да тұрмыстық қызмет түрлерін қоспақпыз, – дейді мекеме директоры.
Бүгінде «Талапкер» ЖШС мекемесінде негізгі жұмысшылар саны 10 адамнан құралған. Оның ішінде тігіншілер, әсіресе осы салада біраз жыл еңбек атқарған тәжірибелі қызметкерлер бар. Мекемеде талапқа сай етіп жасалған киім үлгісінің барлық түрлерін сәнді етіп тігу, заманауи үлгідегі жалюз түрлерін, тұрмысқа қажетті басқа да өнімдерді дайындау цехтары халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Мұнда негізінен тігін өнімдерімен айналысатын болған соң бір сәт осыған тоқтала кетейік. Бұл тігін шеберханасына кірсеңіз, қайнаған тынымсыз еңбектің үстінен шығасыз. Зырылдаған тігін машиналарында көз ілеспес қимылмен қозғалған қаншама нәзік саусақтар осындағы қыз-келіншектердің шеберлігін паш етіп жатқандай. «Адам көркі-шүберек» дейді. Әлгі он саусағынан өнер тамған кәнігі хас шеберлер, ою ойып, жан бітіріп, тіршілікке мән, адамзатқа әр беретін өмір өрнегін жасап жатыр. Міне, осындағы нақышты ұлттық үлгідегі көздің жауын алатын заман талабына сай сан алуан сән киімдері осы сиқырлы қол, бал бармақ шеберлердің қолынан шыққан.
– Мекемеде 20-25 жылдан бері тігінші болып келе жатқан С.Қарабаева, Г.Досманова және басқа да қызметкерлер сұраныс берушілермен тікелей жұмыс жасап, көңілінен шығатын киімдерді өлшеп-пішу және тігумен айналысады. Киім тігуге құлшыныс танытып, арнайы оқып жүрген жас студенттер тәжірибе жинап, оларға құрақ көрпеше, ұлттық ою ойылған киімдер тігуді үйретіп, шеберлігін шыңдап жатырмыз, – дейді мекеме басшысы.
«Талапкер» ЖШС жылдан-жылға өндірген өнімін және халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуда. Аудандық аурухана, мектептер мен балабақшалар тағы басқа мекемелермен келісім шарт жасасып, сапалы жұмыс жасап келеді. Осындай тынымсыз еңбек етіп жүріп, бұл ұжым толағай табыстар мен үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 1998 жылы «Астана», “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл” мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің “Құрмет Грамотасымен”, Қазақстан Республикасының бұрынғы экология және қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақованың «Әйел басқарған үздік мекеме» дипломымен, Қызылорда облысы әкімінің «Жылдың үздік кәсіпкері» дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ, 2002 жылдан бастап үш жыл қатарынан бірінші орын иеленіп, облыс әкімінің 2006 жылғы «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауының “Алғыс хатын" алды. Ауданда түрлі іс-шараларға демеуші ретінде белсене қатысқаны үшін аудан әкімінің 2000 жылғы «Үздік демеуші» алғыс хатымен марапатталған. Бұл әйел заты үшін табандылық танытып, төзімділік талап ететін үлкен еңбекпен жететін жетістіктер.
Ал, 2007 жылы «Талапкердің» абыройын тағы бір үлкен жетістік асқақтатты. Сол уақытта облысты басқарған М.Құл-Мұхаммедтің қатысуымен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін одан әрі дамыту және ынталандыру мақсатында «Алтын сапа» және “Қызылорда облысында шағын кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетістіктері үшін» көрме-конкурсы өтті. Аталған сайысқа ауданымыздан 8 кәсіпкер қатысып, соның ішінен 2007 жылдың «Үздік әйел кәсіпкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған апамыз, арнайы Дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Астана қаласында өткен «Алтын сапа» байқауынан жүлделі оралып, «Үздік кәсіпкер» номинациясымен марапатталған. Міне, жаны нәзік, қос жанарына ар ұялаған, болмысынан ибасы мен ізеті сезіліп тұрар қазақ қыздары кейбір ер-азаматтарымыздың қолынан келмейтін, қолынан келсе де төзімділігі жетпейтін істерді ұршықша иіріп жүр.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Маханбет АХМЕТОВ (сурет).