ЕСКІ ТҮСІНІКТЕН АРЫЛАТЫН КЕЗ КЕЛДІ Кәсіптің көзін тауып, еңбек етпеген адам заманды кінәлауға болмайды. Осы жылдың басында Елбасы Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында: «Еңбек нарқының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор», – деп айрықша атап өтті. Мен де Жолдаудағы осы сөзді қуаттағым келіп отыр. Рас, қазірде кәсіп істеймін деген ынталы адамға мемлекеттен жасалып отырған мүмкіндік мол. Тек сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, заман талабына бейімделу керек. Кәсіппен айналысып, отбасын асырап, тіпті, сол шағын кәсібімен-ақ, бес-алты адамды да жұмыспен қамтып отырғандар бар. Жасыратыны жоқ, біздің ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті әлсіз. Оған себеп, өндіріс орындары жоқ. Алайда, өндірістің өркендеуі кәсіпкерліктің дамуымен тікелей байланысты. Кәсіпкерлердің көбейуі салық түсімін ұлғайтады. Ал, салық көлемінің артуы аудан экономикасының өсуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні белгілі. Аудандағы кәсіпкерлік саласының кенжелеп қалғаны жуырда аудан әкімінің халыққа есеп беру жиынында да айтылды және оны қалай жандандыру керектігі жөнінде бағыт-бағдар да берілді. Облыс әкімі Қ.Көшербаев биылғы жылды Қызылорда облысы бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп атап, аймақтағы кәсіпкерлік саласының кеңінен қанат жаюына тың серпін беру үшін қомақты қаржы бөлінетінін айтты. Мәселен, мен – кәсіпкермін. Зейнет демалысына шыққан соң жолдасыммен бірігіп шағын отбасылық кәсіп аштық. Менің жасым дәл қазір алпыстан асты. Он жылға жуық уақыттан бері екі жақтап кәсібімізді жүргізіп, халыққа техникалық және басқа да тұрмыстық қажеттіліктеріне байланысты қызмет көрсетіп келеміз. Ал, менің жасымдағы кейбір әйелдер үйлерінде отыр. Дұрыс, халқымыздың жолында немере бағу, оларға тәрбие беру ата-әженің еншісінде. Десе де, қазір заман талабы басқа. Бұл – балалардың тәрбиесіне немқұрайлы қарау керек деген сөз емес, әрине. Заман талабы халықтық тәрбиеге кері әсерін тигізбеуі керек, алайда, кейінгі ұрпақ заманауи сапалы білім алып, өркениет көшінен қалмауы тиіс. Жастарға ғылыммен айналысып, инновациялық жаңа технологияларды игеру қажеттілігі туындап отыр. Ол үшін әрбір қазақстандықтың, әрбір ата-ананың тұрмысы ауқатты болуы керек. «Мемлекет өзі асырайды» деген түсініктен арылатын кез келді. Мемлекет бізге қазір барлық мүмкіндікті ұсынды, әрбір тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтитын жағдай жасап отыр. Енді біз тек ескі түсініктен, масылдық санадан арылып, іс-қимылға көшуіміз керек. Еңбек еткен адамды Алла несібеден құр қалдырмайды. Роза ЕРӘЛІ,кәсіпкер, аудандық аналар кеңесінің төрайымы. Жаңалықтар / Руханият 03 ақпан 2018 ж. 954 0