ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙДІМ ДӘНЕКЕРЛЕП
Біз басылымның өткен сандарында «Журналист басқа мамандықта» деген атпен жаңа айдар ашып, әр салада табысты еңбек етіп жүрген жандардың жұмысын ақпараттандыруды бастап кеттік. Айдардың алғашқы қаузаған тақырыбы кітапханашылардың күнделікті жұмысы болды. «Кітапханадағы бір күн» атты мақалада тілшіміз тұшымды дүниелерді өз еңбегіне арқау еткен болатын. Ал, бұл жолы дәнекерлеушінің жұмысымен танысу үшін кәнігі маман Бауыржан Тобжанов ағамыздың үйіне арнайы атбасын бұрдық.
Сырттай қараған жанға дәнекерлеу ісі балқытылған қорытпамен жай ғана екі затты жалғау сияқты. Алайда, қарапайым қара темірден тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар жасап шығару үлкен еңбек пен тәжірибені қажет ететінін көпшілігіміз біле бермейміз. Бұл жұмысты атқаруда арнайы осы салада білім алмай-ақ, білікті маманға айналған жандар да жоқ емес. Бірақ, дәнекерлеу ісіне машықтандыратын оқу орнын бітірген маманның тәжірибесі жасаған ісінен-ақ көрініп тұрады екен. Біз бұған Бауыржанның жұмысымен танысу барысында көз жеткіздік.
Есіктен енген бойда оның әрбір қимылынан өз ісіне шебер екенін аңғардық. Темірден түрлі бұйымдар жасайтын Баукең бүгін гүл қоятын себеттер әзірлеп жатыр екен. Оның қолынан шыққан әрбір өнімнің сапасы өте жоғары әрі көздің жауын алар ою-өрнектермен безендірілген. Мұны тұтынушылар да жоққа шығармайды. Бірлесе жұмыс жасаған бір сағаттың өзінде іскер азаматқа 4-5 тапсырыс келіп түсті. Ағамыздың айтуынша, сұраныс тек жеке адамдардан ғана емес, кей кездері мекемелер тарапынан да түсіп жатады. Сондықтан, тәжірибелі дәнекерлеуші көбіне тек тапсырыспен жұмыс жасайтын көрінеді. Кейде облыстың өзге аймақтарынан да сұраныс болып қалады. Мұндайда ағамызға күні-түні еңбек етуге тура келеді.
Түске таяу басталған екеуара әңгіменің соңы қызу жұмысқа ұласты. Баукеңнің бұл іске ептілігі жасаған жұмысынан көрініп тұр. Қарап отырмай біз де қолға дәнекерлеу құралын алып, шама-шарқымыз келгенше жұмыс жасадық. Жай ғана балқытылған қорытпаны қос темірге кезек-кезек ұрғаннан іс бітпейді екен. Тіпті, қолдан шыққан бұйымның сапалы болуы үшін балқытылған қорытпамен жұмыс жасаудың да түрлі тәсілі бар көрінеді. Бұл әдісті кәнігі маманның жұмысынан аңғарғанымыз болмаса, өзімнің дәнекерлеу ісін еркін меңгермегенім байқалып қалды. Алайда, болмасақ та ұқсап бағуға тырыстық.
Іскер азамат көбіне темірден есік, дарбаза, бастырма, қоршаулар мен тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар әзірлейді. Кейіпкеріміз шикізат көзін жергілікті сауда орталықтарынан сатып алады. Оған басында темірлерді ию қиынға соғатын. Ал, арнайы аппарат алуға қаржы жетіңкіремеді. Бірақ, бұл Баукең үшін аса мәселе бола қойған жоқ. Ауыл шаруашылығы саласы техникаларының қосалқы бөлшектерінен темір июге арналған құрал жасап шығарды. Бүгінде аталған құрал оның жұмысын айтарлықтай оңтайландырды.
Кейіпкеріміз үшін ендігі мәселе, жасаған бұйымдарының бетіне салатын ою-өрнектерді шығаратын арнайы аппарат болмай отыр. Әзірге темірді қолдың күшімен майыстырып, түрлі пішінде ою-өрнектер жасап жатыр. Алайда, майталман маманға бұл өрнектерді қолмен ию қиынға соғады. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдаумен несиеге қол жеткізсе Баукеңнің аппарат алу ойында бар. Мұндай ою-өрнектер жасайтын құрал Ресейде бар екен. Құны 1,5 млн теңге тұратын арнайы құрылғы 40 түрлі өрнекті өзі жасап шығарады. Бұл құралға қол жеткізсе, тапсырыстың одан әрі артары сөзсіз.
– Дәнекерлеу ісіне өзім бала кезден қызығатынмын. Мектеп бітіргесін осы сала бойынша білімімді жетілдіріп, бір-екі мекемеде жұмыс жасадым. Республиканың өзге де аймақтарындағы бірнеше компанияда болып, тәжірибе жинадым. Кейін елге оралып, осы мамандықпен кәсіп бастауға бел будым. Қазір өз мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Аллаға шүкір, 6 жылдан бері кәсібімнің жемісін көріп келемін. Тапсырыс та, тұтынушылардың өзім әзірлеген өнімге деген көзқарасы да жаман емес. Мұның барлығы ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибенің жемісі деп білемін. Алға қойған мақсатым да жоқ емес. Қазір кәсіппен айналысамын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау көп. Бұйыртса, бағдарлама арқылы несиге қол жеткізсем, Ресейдегі аппаратты алып келу ойда бар. Осылайша, кәсібімнің көкжиегін кеңейтпекпін. Қазір осы аулада жұмыс жасап жатырмын. Ал, арнайы аппараттарға қол жеткізсем, құрал-жабдықтармен жұмыс жасайтын үлкен нысан салу жоспарда бар, – дейді Бауыржан Арғынұлы.
Баукеңді темірдің тілін түсінеді десек, артық айтқандық болмас. Жұмыс жасап жатқанда олардың қай түрінің сапасы жақсы, қайсысы балқытуға бейім тұратынын тарқатып айтып берді. Ол өзі әзірлейтін бұйымға шикізаттың 5 түрін қолданады екен. Тұрмысқа қажетті қандай құрал жасап шығарса да барлығы тұтынушылар талғамынан шығуда. Мамандықты кәсіппен байланыстырған кейіпкерімізбен өткен бір күндік жұмыста біз де біраз тәжірибе жинадық.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.