МӘСКЕУДЕ ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА АТЫНДА МЕКТЕП БАР

Ресей астанасы Мәскеу қаласында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың атында гимназия бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мәскеуге сапар барысында қазақ қызының есімі берілген №402 гимназияға арнайылап соққан болатынбыз. Бүгінде Юлия Литвинова басқаратын білім ошағында мыңнан аса оқушы білім алады. Білім ордасы 1971 жылы пайдалануға берілген. Гимназияға қазақтың батыр қызының есімін беру туралы ұсынысты майдандастары жасаған. Соғыста Әлия Молдағұловамен бірге болған мергендердің ұсынысымен ашылған мектептің бүгінде бес ғимараты бар.
Қызылордадан келген делегацияны аталған гимназияның орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі, білім ошағы жанынан ашылған «Алия» телестудиясы мен «Школьный вестник» газетінің жетекшісі Елена Палицкая күтіп алды. Бұл білім ордасында Әлия Молдағұлова атындағы музей де бар. Музей меңгерушісі Наталья Степанова өзі жетекшілік ететін 1 «Г» сыныбымен бірге тарихи жәдігерлерді таныстырды. Сондай-ақ, қазақтың батыр қызының ерлігі мен қайсарлыққа толы ғұмырын сөз етті.


Шара аясында гимназия ауласында орналасқан Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, білім ұясына естелік сыйлықтар табысталды. Сыйлықтардың қатарында қазақтың таным-түсінігі мен болмыс-бітімін айшықтайтын кәде сыйлар мен кітаптар болды. Олардың арасында жалағаштық Рысбай Кәрімовтің “Ржев қазанында
қайнағандар” атты кітабы да болғанын айта кеткен жөн. Гимназия директоры Юлия Сергеевна мұндай бағалы сыйлықтар мұражайдан лайықты орын алатынын айтып, алғысын жеткізді.
Қазақтың қайсар қызына арналған ескерткіш 2005 жылы қойылған. Бұл кезде Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 60 жыл толса, Әлия Нұрмұхаммедқызының 80 жылдығы екен. Музей меңгерушісі Н.Степанова осы оқиғаны баяндап, ескерткіштің бой көтеруіне сол кезде Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған Қырымбек Көшербаевтың көп септігі тигенін жеткізді. Сондай-ақ, Сыр өңірінен барған делегация гимназия жанынан ашылған газет пен телестудияның жұмысымен шұғылданатын белсенді оқушылармен кездесті. Мектеп орналасқан көше де батыр есімімен аталады. Осыған қарап-ақ, Ресейде қазақтың қайсар қызына деген құрметтің ерекше екенін ұғуға болады.А.БЕК.