Жүректен жанған мейірім
Басқосуға сала мамандары мен ардагерлері және кент әкімдігінің қызметкерлері қатысты. Алдымен, кәсіби мереке иелерін "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
– Ауданымыздың қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласып, «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жалғызбасты қарттарға құрмет көрсетуге, халықтың әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж топтарына, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға жасаған еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің қарттар мен мүгедектерге, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға көрсеткен қамқорлықтарыңыз ерекше атап өтуге тұрарлық. «Мейірім жүректен шығады, пейіл тілектен туады» дейді халық даналығы. Осы салада жеткен жетістіктердің барлығы – ізгілік пен адамгершілікті ту еткен еселі еңбектеріңіздің жемісі. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Қаншагүл Шоңмұрынқызы. Сондай-ақ, шарада сөз алған кент әкімі Нұрлан Байымбет, сала басшысы Эльмира Құттымбетова, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әсия Мәдиева мен ардагер-аналар жылы лебіздерін білдіріп, сала қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады.
Жасыратыны жоқ, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі аса ауқымды. Олар дүниеге келген сәбиден бастап қарияларға дейін қамқорлық көрсетіп, өз қызметтерін қалтқысыз атқарып келеді. Осы орайда, біздің өмір сүруіміздің сапасы, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамның молшылығы көп жағдайда әлеуметтік қорғау саласының даму деңгейіне тікелей байланысты екенін айта кеткеніміз дұрыс. Бүгінде ауданда бұл бағытта түрлі салалық бағдарламалар бойынша кең ауқымдағы жұмыстар жүзеге асырылып, жемісін беріп келеді.
Жалпы, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде 30-ға жуық қызметкер халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Тағы бір жағымды жаңалық, бұл мекеме таяуда ғана жаңа ғимаратқа көшті. Мұндағылар мекеме ғимараты жұмыс жасауға ыңғайлы, азаматтарды қабылдауға қолайды екенін айтады.
Шарада халыққа қалтқысыз қызмет еткен сала мамандары мен үздік әлеуметттік қызметкерлердің еңбегі еленіп, сый-құрмет төрінен көрінді. Олар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының, партия филиалының, аудандағы ардагерлер кеңесінің "Алғыс хаттарымен" марапатталып, құшақтары гүлге толды.
Шара соңында Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Шынтас Мусаев пен Думан Ахметов ән-жырдан шашу шашты. Мереке иелері шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған "Нұр Отан" партиясы филиалы басшылығына өз алғысын жеткізіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Маханбет АХМЕТОВ (сурет).