» » орнықты дамуға салынған жол

орнықты дамуға салынған жол

«Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. 2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын іске асыруды бастадық. Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жарияладық. Содан кейін еліміздің үшінші жаңғыруына кірістік. Оның басты міндеті – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру. Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады. Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз».
Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтқан сөзі. Иә, шынында тәуелсіз мемлекетіміздің алдында бағындыратын талай белес, шығатын биік шың, орындайтын ірі мақсаттар тұр. Елбасы осы биіктерді бағындыру үшін жасалуы тиіс жүйелі жұмыстарды да жеке-жеке атап өтті. Алты тараудан тұратын саяси құжатта халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру мәселелері қамтылған. Жолдауда еліміздің қазіргі жағдайы түгелдей талдаудан өтіп, өркендеудің айқын жолы көрсетілген. Қазақстан – бүгінде өз биігін бағындырған ел. Шүкір, Елбасының көреген саясатының, халықтың бірлігі мен тату-тәтті тірлігінің арқасында егемен еліміз әлемге достық пен бірліктің символы ретінде танылды. Қазақ елі əлем елдерінің сеніміне бөленген, тәуелсіздігі тұғырлы, көпұлтты мемлекетке айналды. Мемлекет басшысының құжатта айтып өткен әрбір қуатты сөзі тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасының қарыштап дамуы, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы жолында жасалатын негізгі мақсат, тұжырымды ой.
Саяси құжатта айтылғандай халық табысының өсуі, тұрмыс сапасының артуы үшін ең алдымен сапалы қызмет түрін арттырып, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастыру қажет. Осы орайда елімізде шағын және орта бизнесті дамыту жолында түрлі бағдарламалар жұмыс жасауда. Бұл бағдарламалар жұмыссыздар санын азайтып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізіп отыр. Олар арқылы қазақстандықтар несие алып, өздерінің тұрмыс сапасын жақсартуда. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту», сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне бағытталған бағ­дарламалар және жастар саясатын дамыту, олардың белсенділігін арттыруға арналған бағдарламалар мен жобалар жүйелі жұмыс жасауда.
Жалпы, халықты нәтижелі жұмыспен қамту, жұ­мыссыздар санын азайту мақсатында облыста біршама тиісті шаралар атқарылып, оң нәтижесін беруде. Мемлекет тарапынан жеке кәсіп ашамын деушілерге де, қоныс аударамын деушілерге де барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге, аймақтағы жастардың жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында оқудан, жұмыстан шет қалған жастарға арнайы курстар ашылды. Мұнымен қоса, биылғы жылы аудан жастары үшін «Zhas project» бағдарламасы ұсынылып, талайдың арманын іске асыруға мүмкіндік туды. Жоба шеңберінде жастарға өз кәсіби және көшбасшылық дағдыларын жетілдіріп, халыққа пайдалы әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруда. Көптеген аудан, ауыл жастарының кәсіп бастауына мұрындық болды. Жалағаш жастары ұсынған «Zhas project» жобасына қатысқан 300-ге жуық жобаның ішінен 75 жоба тіркеліп, 26 жоба қолдау тапты.
Әрине, қазақстандықтардың әл-ауқатының жақса­руына білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұр­ғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері түрткі болмақ. Ықылым заманнан келе жатқан «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген сөз бар. Дана халықтың бұл сөзі бүгінгі заманның ұранына айналды десе де артықтық етпейді. Өйткені, бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Осыны ескерген Мемлекет басшысы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, орта білім беру жүйесі мен әдістемесін бірыңғай стандартқа негізделуін тапсырды. Жолдауда айтылған қуантарлық ұсыныстың бірі – «Педагог мәртебесі туралы» заңның әзірленуі. Яғни, мұғалімдердің беделін арттыруда осындай заңның, белгілі бір тұжырымның қажеттігі анық. Бұл заң қабылданып жатса, педагог қызметкерлердің қоғам алдындағы беделі артып, мәртебесі биіктейтіні даусыз.
Сонымен қатар, саяси құжаттың үшінші тарауында өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға тереңірек тоқталған. Онда Президент ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің, сапалы инфрақұрылымның болуына ерекше назар аударған. Қуантарлығы, елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде құрылыс саласы қарқынды даму үстінде. Салаға серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында да қаншама қазақстандық баспаналы болуда. Бұдан бөлек, өздеріңізге белгілі, жуырда жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарламаның бұдан бұрынғы жобалардан ерекшелігі көп. Жылдағы пайыздың мөлшерлемесі 7 пайызды құраса, бастапқы жарна – 20 пайыз. Несиені 25 жылға дейін ұзартуға болады. Аталған бағдарламаның бұдан бұрынғы жобалардан ерекшелігі көп. Бағдарлама шеңберінде тұрғын үйдің ең жоғарғы құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін – 25 млн теңге, ал, өзге өңірлер үшін – 15 млн теңгені құрайды. Жалпы, бағдарлама еліміздегі орта деңгейдегі тұрғындардың баспана алуына мүмкіндік береді. Айта кету керек, осы бағдарлама аясында кез келген банк тұрғындарға несие бере алмайтын болып шықты. Бұл ретте, банктерде бағдарламаға қатысуы үшін «Standard & Poor’s» агенттігінің халықаралық шкаласы болуы шарт. Сонымен қатар, нарықта банктердің жиынтық активтері кемінде 3 пайыз болуы тиіс. Осының аясында жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жаңадан ұлттық компания құрылды. Ол – Ұлттық банктің еншілес «Баспана» деп аталатын компаниясы. «Баспана» операторы «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека беретін жеті банкпен келісімшартқа қол қойған. Олардың қатарында «Центркредит», «Евразия банкі», «АТФ банкі», «RBK», «Халық банкі», «Цесна банкі» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бар. Әрине, кез келген қарыз алушыға осы бағдарлама арқылы алған ипотекасын 25 жылға созбай, ерте жауып тастауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, несиеңізді ерте төлеп тастағаныңыз үшін ешқандай айыппұл салынбайды. Байқағанымыздай, аталған бағдарламаның қазақстандықтар үшін тиімді тұстары көп. Баспанасыз жүргендер жайлы қоныс тауып жатса, мемлекет ұсынған жеңілдіктің шынымен де халық үшін қайырлы болғаны.
Айта кету керек, жуырда ауданға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов пен Наталья Жұмаділдаева жұмыс сапарымен келген болатын. Халық қалаулыларының алғашқы сапары Мәдениет ауылынан бастау алып, тіректі елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, олар Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттердің мыңыздылығын сөз етіп, қазақстандықтардың әл-ауқатын өсіруде және халықтың тұрмыстық жағдайын арттыруға ықпал ететін мемлекет келешегі үшін маңызды құжат екенін жеткізді.
Жалпы, саяси құжатта көрсетілген мақсат, міндеттер халықтың игілігі үшін жұмыс жасауды көздейді. Жолдауда айтылғандар алдағы уақытта кезең кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Республикамыздың әр аймағында түсіндірме жұмыстары басталып та кетті. Сонымен қатар, маңызды құжатта көрсетілген азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы сая­сат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуына басымдық берілетін болады.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.

06 қараша 2018 ж. 601 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930