ЖҮЙЕЛІ ЖОБА, СӘТТІ БАСТАМА
Мәслихат сессиясында жергілікті халық қалаулылары күн тәртібіне арқау болған түрлі мәселені жіті қарап, мың өлшеп, бір пішеді. Сондықтан, әр сессия отырысының өзіндік салмағы, өз айтары бар. Сонымен, өткен аптадағы келелі жиында депутаттар қандай мәселе көтерді? Алдағы жоспар қалай бекіді?
Аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс 34-сессиясының отырысы өтті. Басқосуға аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Еспанов сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары мен оқушылар мәслихатының депутаттары қатысты. Алдымен, халық қалаулылары аудандық мәслихат аппаратында бас қосып, тұрақты комиссияларының бірлескен отырысын өткізді. Күн тәртібіндегі мәселелерді пысықтап, сессия қарауына ұсынды.
Сессия отырысына төрағалық еткен Т.Төлегенов күн тәртібінде қаралатын мәселелерді назарға ұсынып, жұмыс регламентін бекітті. Бірінші мәселе бойынша сөз алған экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Баймаханова 2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы баяндама жасады.
– «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешім жобасы әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, аймағымыздың әлеуметтік және экономикалық саясатының негізгі және басым бағыттарын айқындайды. Алдағы үш жылдық кезеңдегі бюджет жобасы барлық әлеуметтік міндеттемелерді, сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша бірқатар жаңа шараны орындауды қамтамасыз етеді, – деді бөлім басшысы.
Хабарламашының айтуынша, 2019 жылғы шығыстар көлемі 9022,2 млн теңге көлемінде жоспарлануда. Ал, оның ішінде кент және ауылдық бюджеттерге берілетін субвенция сомасы 689.3 млн теңгені құрап отыр. Бұл 2018 жылдың бекітілген бюджет көлемімен салыстырғанда 1922,6 млн теңге ұлғайғанын аңғаруға болады. Енді осы ұсынылған 2019 жылғы аудандық бюджет шығыстарына салалар бойынша тоқталсақ.
Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер бойынша –1 159,1 млн, қорғаныс функционалдық тобы бойынша – 11,3 млн, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікке – 1,9 млн, білім беру тобына – 4 531,2 млн теңге қаралуда. Бұл қаржы көлемі де биылғы жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артқанын көрсетіп отыр.
– Мектептердің педагог-психологтардың лауазымдық айлықақыларының мөлшерін ұлғайтуға және шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақы төлеуге – 7,5 млн теңге, мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге барлығы – 484,3 млн теңге бөлінді. Сонымен бірге, ең төменгі жалақы мөлшерінің өзгеруіне байланысты азаматтық қызметшілердің жекеленген санаттарының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын көтеруге – 160,2 млн теңге бағытталды. Облыстық бюджет есебінен мектептерге дефектолог штат бірліктерін енгізуге – 5,3 млн, «электронды балабақша» жүйесінің қызметіне – 2,5 млн, «Психологиялық педагогикалық түзету кабинеті» мекемесін ұстау шығындарына 15,5 млн теңге бөлінді, – деді Ж.Баймаханова.
Сондай-ақ, ол денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік, ауыл шаруашылығы саласы, ветеринария, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне, көлік және коммуникацияға және тағы басқа да функцияналдық тобына тиісті қаржы қаралғанын мәлімдеді. Күн тәртібіндегі мәселені жіті қараған депутаттар аудандық бюджет жобасы әлеуметтік-экономикалық даму бағытына қарай қалыптастырылғанын айтып, бір ауыздан бекітуге келісім берді.
АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР нақтыланды
Келесі мәселе бойынша сөз алған құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Тасыбай Аққұм елді мекенін дамыту және құрылысын салу сызбасына өзгеріс енгізу туралы хабарлады. Оның айтуынша, алдағы жылы тіректі елді-мекенде әлеуметтік және кәсіпкерлік бағытта құрылыс нысандары бой көтермек. Шығыс пен батысты жалғаған транзиттік тас жолы етегінен құрылыс нысаны салынып, жолаушыларға қызмет көрсету орталығы ашылмақ. Құрылыс сызбасымен танысқан халық қалаулылары өз ұсыныстарын жеткізді. Сессия төрағасы Т.Төлегенов құрылыс салынатын жер аумағы басқа біреудің меншігінде бар-жоғын әлі де тексеру қажеттігін айтты. Сонымен бірге, өңір басшысына өз ұсынысын жеткізген аудандық мәслихат депутаты М.Жаманов Жаңадария ауылындағы бірқатар мәселелерді ортаға салды.
– Жаңадария ауылына аудан орталығы мен ауылды байланыстыратын қоғамдық көлік қажет. Ауылдықтар екі ортада қоғамдық көлік тұрақты қатынағанын қалайды. Тағы бір мәселе – ауылдық клубқа музыкалық дыбыс күшейткіш аппарат керек, – деді халық қалаулысы.
Бұл сауалға жауап берген аудан басшысы аталған мәселе көп кешікпей өз шешімін табатынын айтты. Демек, жаңадариялықтар енді тұрақты қоғамдық көлікке қол жеткізетін күн де алыс емес.
Мұнан соң, аудандық мәслихаттың 2019 жылғы I жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітілді. Жалпы, мәслихат сессиясында қаралған әрбір мәселе өңірдің өсіп-өркендеуіне, экономикалық дамуына бағытталып келеді. Атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы міндеттер де ауқымды. Осылай деген мәслихат хатшысы М.Еспанов халық қалаулыларын келер жылы да келелі істерді ауызбіршілікпен атқаруға шақырды. Сонымен бірге, күн тәртібіндегі 4-ші мәселе бойынша аудандық мәслихатының кезекті сессиясының төрағасы болып аудандық мәслихат депутаты М.Жаманов сайланды.
Сессия қарауына ұсынылған мәселелер қаралып біткен соң, «Экономикалық даму, қаржы және бюджет мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Кенжеғара Сүлейменовтің «2019-2021 жылдарға арналған аудан бюджетіне» байланысты қосымша баяндамасы тыңдалды.
– Ағымдағы жылдың қараша айында аудандық мәслихат депутаттары өздері сайланған окугтарында сайлаушыларымен кездесіп, атқарған жұмыстары туралы есеп берген болатын. Есеп беру барысында халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды және ескерілді. Сайлаушылар тарапынан айтылған негізгі мәселелер ол – ауыз су, аяқ су, көше жолдарын жөндеу, көмір бағасын арзандатуға көңіл бөлу, абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстары жайында болды. Алдағы уақытта аталған ұсыныс-пікірлер жинақталып, тиісті атқарушы органдарға жолданатын болады. Ең алдымен, аудандық бюджеттің орындалу тиімділігін және сапалылығын қамтамасыз ету және қаржылық тәртіпті сақтау бойынша қажетті шараларды қабылдау. Сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік бағдарламаларда, аймақтың даму бағдарламаларында жоспарланған тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу үшін шаралар қабылдау керек екендігін айта кеткен жөн. Аудан қызметтерінің барлық салада көрсеткіштердің, әсіресе, экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалуда. Осы жылдың еншісінде қол жіткізген табыстар мен жарқын жетістіктер бірлесіп атқарған шаралардың нәтижесінде жүзеге асып отыр десек болады. Біздің негізгі мақсатымыз – аудан экономикасын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру. Алдымызда әлі де болса жұмыла атқаратын ауқымды міндеттер тұр. «Бірлік түбі – береке» дейді дана халқымыз. Ендеше бір мақсат, ортақ мүддемен игі істерде бірге қызмет жасауға шақырамын, – деді мәслихат депутаты.
Сессия отырысын қорытындылаған аудан әкімі биылғы жылы біршама ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Аймақ бойынша күріштің үштен бір бөлігіне жуық дәнді қамбаға құйған жалағаштық диқандар биыл да үлкен сенімнен шықты. Күміс дәнін күнге күйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Жиында аудан басшысы Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
ОҚУШЫЛАР МӘСЛИХАТЫ ҚҰРЫЛДЫ
Сессия соңында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы С.Әлиев оқушылар мәслихаты депутаттары сайланғанын айтып, жаңа жобаны іске асыру барысында атқарылған жұмыстарды мәлімдеді. Айта кетейік, оқушылар депутаты кандидатурасын ұсыну өңірдегі белсенді ұйымдарға жүктелді. Олар әрқайсысы бір емес бірнеше үміткердің тізімін жасақтап, сайлау қорытындысымен жеңіске жеткен оқушыларды депутаттық мандатқа ұсынды.
– «Жалағаш ауданы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі биыл мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында «Ауданның оқушылар мәслихатын құру» жобасын жүзеге асырды. Жоба жыл бойы жүргізіліп, өткен оқу жылы аяғында мектептердегі 8-11 сынып оқушылары туралы мәліметтер жиналды. Сайлауға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңы басшылыққа алынып ұйымдастырылды. Енді осы жұмыстарды аяқсыз қалдырмай, әрі қарай бірлесіп жалғастырсақ деген ұсынысым бар, – деді С.Әлиев.
Бұл жоба – жастардың саяси сауатты болуына үндейді. Олар депутаттық жұмыстың жай-күйін біліп, жауапкершілікті сезінеді. Ең бастысы, дұрыс шешім қабылдауды үйреніп, қоғам өміріне белсенді араласады. Тек, енді осы жоба өз жалғасын тапса игі.
Жиын соңында аудан басшысы оқушылар мәслихаты депутаттығына сайланған жастарға куәлік табыстап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
Пікір 2