БАЛАЛАР ШАТТЫҚҚА БӨЛЕНГЕН КҮН
Санаулы күндерден соң ескі жылды шығарып салып, жаңа 2019 жылды қарсы аламыз. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп демекші жақсылық пен жаңарудың жаршысы болған бұл мереке барлығымыз үшін ерекше екені даусыз. Әсіресе, Аяз ата мен Қаршақызды көргісі келген бүлдіршіндер бұл күнді асыға күтеді. Өйткені, Жаңа жыл балалардың сыйлық алып, қуанышқа бөленетін ғажайып кезеңі. Биылғы жылы да балалар Жаңа жылдық сыйлықтан құр алақан қалған жоқ.
Бүгін «Айбибі» салтанат сарайында аудан әкімінің балаларға арналған Жаңа жылдық шыршасы өтті. Оған аудан басшылығы бастаған бірқатар мекеме, бөлім басшылары, оқуда озат оқушылар мен аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан бүлдіршіндер қатысты. Мерекелік шара шымылдығы әсем әнмен ашылды. Мұнан соң аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Жаңа жылдан үлкен үміт пен таңғажайыпты күтетін балғын бүлдіршіндерді сүйікті мерекелерімен құттықтап, Жаңа жылдық сыйлықтарын табыстады.
– Жылдан жылға өту, жаңа уақыт белесіне көтерілу – бұл барлығымыз үшін қуаныш. Бүгінгі күндері кең бай¬тақ еліміздің барлық өңірінде Жаңа жылдық шыр¬ша салтанатты шаралары өтуде. Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын, ертегілер еліне саяхаттайтын ғажайып мереке. Халқымыз «Өсер елді өскелең ұрпағынан таниды» деп бекер айтпаса керек. Ата-ананың үкілі үмітін ақтайтын да, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын да, мына сендер. Сондықтан, біз, сендердің ақылды да алғыр, зерделі де зерек, білімді болып өскендеріңді қалаймыз. Осы тұста балаларымыздың жетістігіне байланысты мақтанып айта алатындай жеңістеріміз де баршылық. Атап айтқанда, биылғы оқу жылында 136 оқушы халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар, ғылыми жоба конкурстары мен әртүрлі танымдық сайыстарға қатысқан. Оның 64-і жеңімпаз атанып, үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, облыстық олимпиада қорытындысымен республикалық олимпиадаға қатысқан №31 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Братислав Сетраков қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық кезеңінен ІІ орын иеленді.
2018 жыл еліміз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің жылы болды деп айтуға болады. Алдағы Жаңа жыл елімізге тек жақсылық пен тыныштық әкелсін. Мен сіздерді, сіздер арқылы барша ауданымыздағы балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шара шырша шамын жағу рәсімімен жалғасын тапты. Мұнан соң бүлдіршіндерді көптен күттірген Аяз ата мен Қаршақыз да келіп жетті. Жасыл шыршаны айнала ән салып, би билеген балғындардың жүздері балбұл жанып, қуаныш пен шаттыққа кенелді. Әсем, алып шырша, мерекелік әшекейлер, таңғажайып сыйлықтар мен түрлі шамдар мәз болып ән шырқаған балалар, ертегі кейіпкерлері мен жыл иелері салтанат сарайын бір уақыт көз алдымызға ертегілер елін елестетті. Мерекелік кештің басты ерекшелігі тарихтағы Асан қайғы, батыр, серілер кейіпіндегі өнерпаздар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының маңызын, бабалар аманатының қадір-қасиетін түсіндіріп, әр тарауында атап көрсетілген ұлы даланың ұлттық құндылықтарын насихаттады. Жаңа жылдық кештің иелері мәре-сәре болып, кеш соңында аудан әкімінің тәтті сыйынан дәм татты.
Нұр НАУАН,
М.АХМЕТОВ (сурет).