Жалағашта жаңалық көп
Жалағаш ауданында іске қосылған қызыл мия тамырын өңдеу зауытына қатысты мәселенің түйіні шешілді. Сондай-ақ, негізінен күріш егуге мән беретін жалағаштықтар алма өсіруге бет бұра бастаған. Тағы бір жағымды жаңалық, ауданда жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетін 10 жоба жүзеге аспақ.
Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Жалағаш ауданы әкімі Қайрат Сәрсенбаев айтты.
Аудандағы елеулі жаңалық – күн сәлесінен энергия өндіретін электр станциясын салу жобасының басталғаны. Жобаның бастамашысы – «Nomad Solar» ЖШС. Айта кетелік, жоба жүзеге асқанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке жыл сайын 120 млн теңге көлемінде кіріс кірмек. Бұл ауданның әлеуетін көтеретіні сөзсіз.
Жұмыссыздықты азайту қай кезде де өзекті мәселе десек, ауданда өткен жылы 8 жоба жүзеге асып, 84 жаңа жұмыс орны ашылса, биыл 10 жоба іске қосылып, 102 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Тағы бір жақсы жаңалық, ауылдағы ағайын алма бағын күтіп-баптауға ден қойған. Өткен жылы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында Таң ауылдық округі «Манақ баба» шаруа қожалығында оазистік суару жобасы іске асқан. Жоба аясында күн сәулесі мен желден электр энергиясын өңдеу арқылы тамшылатып суару құралдары құрылып, 3,2 гектар жерге алма ағашы, 2 гектар алқапқа көкөніс дақылдары егілген. Сондай-ақ Мақпалкөл ауылдық округінде «Құрманбай ата» шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісімен алма өсіруді қолға алған. аУылдағы алма бақ биыл алғашқы жемісін бермек.
Көп назарындағы қызыл мия тамырын өңдеу зауытының жұмысы іркіліп қалғаны да белгілі. Енді зауыт өндіретін өнім түрін өзгертіп, жұмысын жалғастыруда.
–Қызыл мия тамырын өңдеу зауыты өндіретін өнімнің құны әлемдік нарықта 5 есеге төмендеп кетуіне байланысты тоқтап тұрған болатын. Осыған сәйкес зауыт басқа өнім өндіруді, яғни сусындарға, тамақ өнімдеріне қосатын тәтті ұнтақ шығаруда қолға алды. Қазір 10 адам жұмысқа қабылданып, өткен жылдан қалған 200 тонна шикізаттан өнім шығаруға жұмыс жасауда,-дейді аудан әкімі.
Тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі аурухана болса, биыл аудандық аурухана құрылысы басталмақ. Сондай-ақ көгілдір отын жеткізу мақсатындағы жұмыстар да биыл басталып, келер жылы толық аяқталады.
Биылғы жыл еншісіндегі ауқымды жұмыстың бірі – аудан орталығындағы үш үлкен көше күрделі жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілер жолымен қоса, уақыт талабына сай етіп жасалмақ.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
«Сыр бойы»