» » ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТҚАН ЖОБАЛАР

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТҚАН ЖОБАЛАР

Халық жағдайының жақсаруы экономиканың тұрақты дамуына байланыс­ты. Оның ішінде Елбасының кәсіпкерліктің ауқымын кеңейтуді міндеттеп, сол арқылы аймақта өз бизнес бастамасына жақсы бағыт алып жатқандар тіптен көп. 2018-2020 жылдар кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жария­­лануы да осы бағыттағы біршама шаруаның оң шешілуіне сеп болады. ­Аудандар мен ауыл ішінде орта және шағын кәсіп иелері өз ісінің керегесін кеңейтіп, тұрақты табыс табуда. Өңір дамуын өрістеткен кәсіпкерлік жайы Жалағашта қалай? Аудандағы іскер ағайынның бизнестегі басқан қадамына бағдар жасасақ.
Былтыр ауданда жалпы құны 690 миллионға жуық қаржыны құрайтын 8 жоба іске асып, соның аясында 84 жаңа жұмыс көзі ашылыпты. Атап айтсақ, «Манақ Баба» фермер қожалығының оазистік суару жобасы, «Ер Әлі» шаруа қожалығының астық сақтау және техникаға қызмет көрсету орталығы, «Нұр» шаруа қожалығының күріш ақтау цехы, жеке кәсіпкерлер Н.Серікұлы мен Е.Ақышевтың сүт қабылдау және өңдеу пункті мен техникалық қызмет көрсету орталығы, Ш.Искаковтың тойхана және шағын маркет жобасы, «Таң ЛТД» ЖШС-ның күріш ақтау зауыты, «СержанГазСтрой» ЖШС-ның темір бұйымдарды және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехы пайдалануға беріліпті.
Ал, басталған жылдың бизнес саласындағы жос­пары да жағымды. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбеттің айтуынша, биыл жалпы құны 643 миллион теңгені құрайтын 10 жоба іске аспақшы. Тәулігіне 60 тонна қара күрішті ақтау және жем өндіретін «Сыздық» шаруа қожалығының цехы, «Баба» шаруа қожалығының ешкі сүтін өңдеу фермасы, 50 бас мүйізді ірі қараға арналған «Жер Ана» сүт фермасы, мал сою және ет бумалау бағытындағы «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның цехы осы бизнес-жобалардың қатарында. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер ұсынған химиялық тазалау орталығы, күріш ақтау және жем өндіру цехы, 50 адамға арналған қоғамдық монша, көліктерге техникалық қызмет көрсету мен қонақ үй және тамақтану кешені, балықты алғашқы өңдеу цехы биыл өз қызметін бас­тайды деп күтілуде. Айтып өткен нысандар толықтай жүзеге асса, жалағаштықтарға 100-ден аса жаңа жұмыс орны дайын тұр деген сөз.
Сүйіншілейтін жаңа­лықтың тағы бірі, Жалағаш кентінің шығыс бөлігінен жаңартылған энергия көз­дерін өндіру мақса­тында электр станциясын салу жұ­мыстары басталып кетті. Қуаттылығы күн сәулесінен 30 мВт энергия өндіретін жобаның бастамашысы – «Nomad Solar» ЖШС. Кент аумағынан 164 гектар жер учаскесі бөлініп, бүгінде «АлматыПроект­ЭнергоСтрой» ЖШС жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, сараптамаға ұсынып та үлгерген. Екі бөліктен тұратын жоба негізі Жалағаш кентінен қуаттылығы 30 мВт күн сәулесі электр станциясы құрылысын салумен қатар, 30 мВт күн сәулесі электр станциясын қазіргі пайдаланудағы 220 кВ подстанция­­сына қосу болып табылады. Болжамдық құны 19 миллиард теңге қаржыны құрайтын стан­цияның аудан үшін маңызы ерекше. Жоба іске асқан уақытта жергілікті тұрғындардан 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады әрі жергілікті бюджетке жылма-жыл 150 миллион теңге көлемінде кіріс кіреді деп есептелген. Мұны ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізер сәтті жоба деп сеніммен айтуға әбден болады.
Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2012 жылы Жалағаш кентінің батыс аймағынан 22 гектар жер бөлініп, «Серпін» индус­триалды аймақ құрылғаны белгілі. Инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелері толық жүргізіліп біткен аймақта қазір жалпы құны 91 миллион теңгені құрайтын 4 өндіріс орны жұмыс жасап, 40 адам жұмыспен қамтылған.
Қорыта айтқанда, жалағаш­тық­тардың кәсіпті тізгіндеп, бел­сенділік таныту жағы бізді қуантты.

Ержан ҚОЖАСОВ.
02 ақпан 2019 ж. 711 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930