» » ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУДЕ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУДЕ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Облыста 2013 жылы 37 апатты жағдайдағы мектеп болған, бәрін жаңадан салдық. Жаңақорғандағы №169 мектеп пен Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылындағы №34 мектеп апатты жағдайда тұр. М.Шәменов ауылындағы білім ошағы жерасты суының көтерілуіне байланысты болған жағдай. Сондықтан, облыстық бюджеттен Жаңақорғандағы мектеп құрылысына 500 млн теңге бөлінді. Ал, М.Шәменов ауылындағы мектеп үлкен емес, қазіргі таңда 100 млн теңге қаралуда. Бұйыртса, жазда іргетасы қаланатын білім ошағының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Халық алдындағы есепті кездесуде М.Шәменов ауылындағы апатты жағдайдағы мектеп мәселесіне қатысты сұраққа Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осылай деді.
Өткен жылы атқарылған жұмыстарды кеңінен тарқатқан аймақ басшысы биыл да Сыр елінде жарқын жобалар жүзеге асып, дәстүр бойынша құрылыстың қарқын алатынын жеткізді. Мәселен, екі ғасырлық тарихы бар қалада өткен жылы 1 шағын аудан бой көтерсе, биыл 3 шағын ауданның құрылысы қатар жүреді.

Құрылыс қарқын алған Қызылордада
кәсіпкерлік қанат жайды

Жыл бойы атқарған еңбектің жемісі мұнымен шектелмек емес. Өткен жылы, әсі­ресе, кәсіпкерлік саласына ден қойған сырбойылықтар облыс қазынасын молайта отырып, әлеуметтің әлеуетін көтеруде тынды­рымды еңбек үлгісін көрсетті. Тіпті, былтырдан бастап 3 жылды қатарынан «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялағалы іскер азаматтар мен аталған салаға бет бұрған жандарға мемлекет тарапынан жасалған қолдау қарқын алды.
Жалпы, облыста соңғы 5-6 жылда ат­қа­рыл­ған жұмыстарды тізе берсең, тар­қа­тып айтар дүние көп. Әсіресе, құрылыс қар­қын алғалы шағын аудандар қатары артып, жер­гілікті тұрғындардың баспана мәселесі өз ше­ші­мін табуда. Аталған саланың алға басуы өз кезегінде тозығы жеткен әлеуметтік нысандарды жаңалауға да сеп болып отыр. Мәселен, жоғарыда айтып өткен 37 апатты жағдайдағы білім ошағының құрылысы жаңадан қаланып, бірқатарына күрделі жөндеу жұмыстары жүрді. Медицина саласында да осындай жетіс­тіктер жоқ емес. Соңғы 6 жылда 6 ауданда орталық аураухана ғимараты жаңартылса, биыл Жалағаш ауданында жағымды жаңалық жалғасын табады. Яғни, ауданда жаңа орта­лық­ аурухананың құрысы қаланады.
Облыста ірі өндіріс орындарының өз жұ­мысын бастауы бір жағынан жергілікті бюджетте тұрақты өсім қалыптастырса, келесі кезекте халықты жұмыспен қамтуға үлкен көмек болып отыр. Жарқын жобаларды қолға алған ел ағаларының негізгі мақсаты да – осы. Облыста ғана емес, еліміздегі ірі өндіріс орынына жататын тампонажды цемент зауаты мерзімінен бұрын жұмысын бастаса, биыл осындай ауқымды өндіріс ошақтарының қатары артады. Мәселен, Шыны зауытының құ­ры­лысы аяқталып, жыл соңына дейін өн­діріс орны өз өнімін нарыққа шығарады деп кү­тілуде. Саладағы ірі нысандардың қатарын то­лықтыру жұмыстары мұнымен тоқтап қал­майды. Биыл кәсіпорындар қатарын Арал ауданындағы балықты терең өңдейтін өндіріс ошағы мен жылына 1500 тонна өнім шығаратын Қармақшы ауданындағы құс фаб­ри­касы толықтырады. Аталған екі өндіріс орны жыл аяғына дейін іске қосылады. Ал, жаңадан бой көтеретін мұндай ірі нысандарға келсек, көктемде облыста тұзды қайта өңдейтін зауыт пен жылына 5 мың тонна өнім шығаратын ет комбинатының құрылысы қаланады.
Жеңіл өнеркәсіп жанданады
Биылдан бастап облыста жеңіл өнеркәсіпті дамыту қолға алынады. Яғни, осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін өңірлік бағ­дар­лама өз жұмысын бастайды. Халық тұты­натын тауарлар шығаратын мата, тігін, тері өндірісін, тамақ өнеркәсібін құруға 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін несие беріледі. Қыруар қа­ра­жат Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жылға 8 пайызбен үлестіріледі. Осы орайда бірінші кезең бойынша іскер азаматтарды қаржымен қамтамасыз ету мақсатында 800 млн теңге бөлінеді. Осыған дейін облыс­та өз өнімін нарыққа шығарған аяқ киім фа­б­рикасын мысалға алған аймақ басшысы жеңіл өнеркәсіптің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, «Жәй ғана төсек-орын жабдығын өзімізде дайындауға мүмкіндік бола тұра неге Қытайдан тасимыз?» деген сауалға жеңіл өнеркәсіпті дамыту тұщымды жауап болатынын жеткізді. Нарықтың бұл орны бізде бос тұрғанда расында жеңіл өнеркәсіпті жандандыру импортқа тәуелділіктен арылудың тиімді жолы сияқты. Себебі, аймақ басшысы айтқандай қаржы да, жұмыс көзі де, тіпті шикізат та өзімізде бола тұра сырттан мұндай өнім түрлерін тасымалдау жөнсіздік. Жеңіл өнер­­­­кәсіпті қолға алу әсіресе, нәзік жандар үшін үлкен мүмкіндік болса, бір жағынан то­қы­ма өнерін қайта жандандыруға да сеп бо­лары сөзсіз.

Айтылған алғыс мұғалім мерейін тасытты

Халық алдындағы облыс әкімінің есепті кездесуінде Қырымбек Көшербаев білім сала­сындағы үлкен еңбек өз жемісін бергенін атап өтіп, ұлағатты ұстаздар қауымына арнайы алғысын білдірді. Саланың серпін алуы жолында атқарған еңбегін жоғары бағалап, артылған сенімді алдағы уақытта да ақтайтындарына сенім білдірді. Бұл – ұстаздар қауымына бе­рілген лайықты баға. Себебі, соңғы жылдары тоқтаусыз алға басқан бір сала болса, ол білім саласы еді. 2017-2018 жылдары түлектердің 97 пайызы жоғары және орта оқу орындарына түсті. Осы орайда үлкен қолдауды се­зін­ген ұстаздар мен түлектердің еңбегін біз де­ жоғары бағалаймыз. Аймақ басшысының осы­ған дейінгі есепті кездесулердің бірінде айт­­қан­ сөзі бар еді. «Жастардың алдында бір-ақ мін­дет бар. Ол – сапалы білім алып, өз-өзінен бі­лікті маман қалыптастыру» деген. Расында солай. Себебі, олардың білім алуына жасалып жатқан қолдау уақыт өте қарқын алмаса, бәсеңдеген емес. Сөзімізге дәлел қажет деп тапқан оқырмандар бар болса, мысалды бала­бақшадан бастайық. Мәселен, 2015 жылы «Балапан» бағдарламасы облыста мерзімінен бұрын орындалып, 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен, біліммен қамтамасыз етілді. Облыс өзінің 500-ден астам түлегін Ресейдің жетекші техникалық ЖОО-да Ресей үкіметінің грантымен оқуын қамтамасыз етті. 2013 жылдан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдан шыққан талапкерлердің білім алуына облыс әкімінің арнайы грантын тағайындады. Қазіргі таңда 900 сырбойылық жас облысқа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуда.

Көпшілік көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі

Облыста халықты көгілдір отынмен қам­та­масыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. Қа­зір­дің өзінде жергілікті тұрғындардың 64 пайы­­­зы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Соңғы 5-6 жылда қаланың бірқатар аймағы мен 4 аудан­ кө­гілдір отынмен қамтамасыз етілсе, екі жыл бұ­рын игі шара Байқоңыр қаласында жалғасын тап­ты. Ал, былтыр қалған үш ауданға, яғни, Тереңөзек, Жалағаш және Жосалыға газ жеткізілді. Енді биыл кентішілік газ тарату желілерінің құрылысы қарқын алса, жергілікті халықтың табиғи отынды тұтынатын күні де алыс емес сияқты. Сонымен қатар, газ жеткізілген аудандарға қарасты Сексеуіл, Ақай сынды ауылдардың бірқатарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары биыл жүргізіле бастайды.
Есепті кездесуде аймақ басшысына көп­теген сауал жолданып, тұрғындар толық­қан­ды жауап алды. Мәселен, бірқатар шаруа қо­жа­лықтар өз салаларына қатысты субсидия, су тапшылығына қатысты сұрақ қойса, енді бірі жұмыссыздық, жол, ифра­құ­ры­лым, кә­сіпорындар жұмысына қатысты сауалдарын жолдады.
Өткен жылы су тапшылығы аса қатты бол­мағанымен егін шаруашылығымен ай­на­­­лы­са­­тын шаруашылықтарға кедергі кел­­­­тіргенін кө­зіміз көрді. Осы орайда ша­руа­шылық басшыларын биыл да осы мә­селе қайталанбаса деген тілек пен тап­шы­­лықтан келетін шығын қаупі қатар мазалайды. Тіпті, облыс әкімінің өзі де өткен жыл­ғы су тапшылығының салдарынан бір­қа­тар шаруашылықтарға қарасты күріш алқап­тарының күйіп кеткенін жасырмады. Ал, биыл жауын-шашын мөлшері өте көп болғандықтан алаңдауға негіз жоқ. Оның үстіне өткен жылы «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіне жиналған су көлемі қажетті мөлшерден 1 млрд текше метрге кем болған. Биыл Шардарада 5,2 Көксарайда 3 млрд текше метр су болады деп жоспарлануда. Аймақ басшысы осы орайда облыс тарапы да мәселенің алдын алуда қарап қалмайтынын жеткізді. Тіпті, бірқатар жүзеге асатын жұмыс жоспарымен де бөлісті. Мәселен, облыста 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Мұнан бөлек, 600 млн текше метр су жинайтын «Күміскеткен» мен 1,5 млрд текше метр су жинайтын «Қараөзек» су қоймасын салу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Яғни, аграрлық аймақта шаруашылықтардың жұмысы жандану үшін жергілікті билік бар жағдайды жасап жатыр. Ал, асыл тұқымды малға берілетін субсидияның тоқтап қалу мәселесі де шаруа қожалықтарын алаңдатпай қоймады. Бұл ре­те субсидияның тоқтауы жалпы барлық асыл тұқымды малға қатысты емес. Тек сатып алынған асыл тұқымды малдардың ұрғашы төлдеріне берілетін субсидия тоқтаған. Ал, бұқалар мен қошқарларға берілетін же­ңіл­дік сол күйінде қалып отыр. Бұл шаруа­шы­лық­тарға қиындық тудырмайды. Себебі, мал­дың еркек төлі мен оның біздегі жергілікті ана­лығы арқылы да асыл тұқымды мал ша­руашылығын дамытуға болады. Кездесуде қойылған мұнан өзге де сауалдарға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жауап берді. Олардың қатарында онлайн-режим арқылы да байланысқа шыққандар болды. Жиын соңында тұрғындар тарапынан өткен жылғы атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріліп, алдағы жоспарларға ел сүйсінді.

К.БАЛҒАБАЙ.
16 ақпан 2019 ж. 566 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930