» » БІЗ СЕНІ САҒЫНДЫҚ, ӘЛІППЕ!

БІЗ СЕНІ САҒЫНДЫҚ, ӘЛІППЕ!

“Қырық екі әріп бар осы,
Сөзіңнің бұл сарасы,
Көзіңнің бұл қарасы.
Қолыңдағы әліппе,
Бар кітаптың бабасы!”
Жарылқасын Боранбайдың осы бір өлеңін оқығанда алғаш әріп тануыма сеп болған, сөзге сөзді қосып, сөйлемге айналдыруыма жол салған әліппе есіме түседі. Иә, қайран, әліппе, мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күннен өзіңді бар кітаптың бабасы санадық. Сенен үйренген әрбір әріп, мынау жалпақ дүниені тануымызға, ол аздай төрткүл дүниенің терезесін қағуымызға негіз болды. Олай дейтінім, қазақ әдебиетімен қоса әлем жазушыларының шығармаларын да өз тілімізде оқыдық. Шекспирше тебіреніп, Толстойша толғандық. Бірде Гете болып жырласақ, енді бірде Бальзакша жазуға құмарттық. Әліппе арқылы әріп танымасақ мұның ешбірі мүмкін емес еді.
Негізін Ахмет Байтұрсынов қалаған әліппе бізге дейін де, бізден кейін де қанша жанның білім нәрімен сусындауына сеп болды. Әліппе арқылы әріп танығандар түгел жиылса, жер қайысқан қолға айналар еді. Олардың ішінде академик те, ақын да, жазушы да, құрылысшы да, әкім де, жұмысшы да, егінші де, малшы да, тіпті, президент пен министрлер де бар. Білімнің баста­уында тұрған осы бір кітапты оқыған әрбір азамат оған құрметпен қарайды. Солай бола тұра 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздегі мектептерде әліппені оқыту тоқтатылды. Бұл – бұрынғы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің тұсында жүзеге асқан реформаның бірі. Дүйім жұрт басқаны қозғаса да әліппеге тиісуге болмайтынын ескертті. Әлеуметтік желіде де қызу талқыланған тақырыптың бірі осы болды. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселеге қоғам болып үн қатты. Әліппені мектеп бағдарламасынан алып тастаса да ұлт жанашырлары жер-жерден қайта қайтару жөнінде ұсыныс көтеріп жүрді.
…Жақында Ақтөбе облысында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың қатысуымен жиын өтті. Сонда жұрттың елдің бас мұғаліміне қойған талап-тілектерінің бірі осы әліппе мәселесі болыпты. Аталған ведомствоның тізгінін ұстағанына көп болмаса да министр Шәмшидинова “Әліппеге байланыс­ты, биылғы оқу жылында үлгермейміз, келесі оқу жылында әліппе орнына қайтып келеді” деп бұл кітаптың мектеп бағдарламасына қайта енгізілетінін айтып, жиылған жұртты бір қуантып тастады. Бұл жаңалықты әріптестеріміз бүкіл елге таратып, көптің қуанышы еселене түсті. Өйткені, әліппесіз балаға білім беру – қиынның-қиыны. Ал, “оқудың инемен құдық қазғандай” жолы барын білім мен тәрбиені ұштастыратын ұстаздар қауымы жақсы түсінеді. Әліппе қайта келсе, оны сағына күтіп отырған жұрттың төбесі көкке сәл-ақ жетпей қалатын шығар.
… Біз сені сағындық, әліппе!

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

02 сәуір 2019 ж. 1 879 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930