» » ШАРУАСЫ ШИРАҒАН ЖЫЛЫЖАЙ

ШАРУАСЫ ШИРАҒАН ЖЫЛЫЖАЙ

Кенттің арғы бетінде бір жылыжай барын бұрын да еститінмін. «Кезекті нөмірге ондағы бағбандардың күнделікті жұмысын жариялайық» деген оймен атбасын сонда бұрдық. Әуелгіде есік ауласына енгеніміз сол еді, айналаны бір барлап шықтым. Бірақ көзіме жылыжай көріне қоймады. Жоқ іздеген жандай жан-жағыма алақ-жұлақ қарап тұрған болуым керек, мұнымды бірден аңғарған Нұрлан ағам «Анау тұр» деп төбесі целлофанмен жабылған бір қоршауды нұсқады.
Сыртқы беті жай ғана целофан. Оның өзін төбеден төмен қарай әктің сауысы басып қалған. Жұрттың аузынан тастамай жүрген жылыжайы осы ма, жоқ әлде мен мекен-жайдан шатастым ба деп ойладым. Он жылдан астам уақыттан бері жылыжаймен отбасылық кәсіпті өрістетіп келеді деп еді, адам уақыт өткен сайын шаруасын ширатуға қамданады ғой. Ал, бұл... Қойшы әйтеуір, не керек, сыртын сауыс басқан целлофанның ішіне кіргенше сан сұрақ мені мазалаумен болды. Бір жағынан босқа келдік пе деп қоямын. Байқасам, бұл ойым қате екен. Оның өзіне жылыжайдың ішіне енгесін көз жеткіздім.
Осыған дейін кент ішіндегі жылы­жайлардың жұмысымен де танысқанбыз. Әдеттегідей оның ішінен қос қапталға көкөніс жайғасатын. Ал, мұнда тек бір адамдық жол ғана бос тұр. Орта мен қос қаптал түрлі гүлдермен көмкерілген. Тура бір қаланың гүл­мен әсемдеп қойған арнайы ауласы іспетті. Он жылдық тәжірибесі бар бағ­бан Нұрлан Жүсіпов пен жары Роза Маханбетоваға бұл көрініс қатты әсер ете қоймайтыны көрініп-ақ тұр. Кәнігі мамандар біз барғанда оңтүстіктен келген арнайы қара шіріктерді ыдысқа салып, кезекті өнімін өсіруге қамданып жатыр екен.
Кейіпкеріміз 2009 жылы өз ау­ла­сы­ның ішінен жылыжай ашуды мақсат етеді. Бірақ бұл көпке мәлім мал не егін шаруашылығындай емес, сондықтан ағамыз алдымен жылыжай ішінде көкөністі қалай күту қажеттігі жайында ақпараттарға қаныға бастайды. Тіпті, арнайы ғылыми кітаптардың да көмегіне жүгінеді. Оның бұл іске біржола бет бұрғаны үй ішіндегі сөре толы кітаптан-ақ көрініп тұр. Ешқайсысы шығармашылық бағыттағы туынды емес, барлығы аграрлық салаға арналған ғылыми еңбектер. Не керек, баяғы ауылдағы «Адамның жасағанын адам жасайды» деген жаттанды сөзді қаперге алып, іс бастап кетті. Қанша дегенмен, алдымен қыр-сырына қаныққан ізденімпаз адам ғой. Жылыжайды ашқан бойда мол өнімді нарыққа шығарған Нұрлан Жүсіповтің шаруасы уақыт өте ширай бастады. 2015 жылға дейін қызанақ пен қияр өсіруді қолға алған ол жалағаштықтарды өз өнімімен қамтамасыз етті.
Кейін аула тар болғандықтан ол жұрттың талабына сай көп өнім шығара алмасын түсінді. Осылайша, тек көшеттер мен түрлі гүлдерді өсіруді қолға алды.
– Қазір Жалағашта жылыжай аз. Сондықтан өнімге деген сұраныс көп. Оның үстіне бұл кәсіпті қолға алғаныма он жылдан асып барады. Жұрттың бәріне бұл бизнесіміз етене таныс. Сондықтан тұтынушылар алдын ала өнімге тапсырыс беріп қояды. Кейде оған үлгермей жататын шақтар да болады. Дегенмен ешқайсысының көңілін қалдырмауға тырысамыз. Алдыңғы жылы мемлекеттен 500 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Қыруар қаржының маған көмегі көп болды. Мәселен, осы жылыжайдың да ауласы кеңейді. Қазіргі таңда тек гүлдер мен көшеттер әзірлеп жатырмыз. Оған да жұрттың сұранысы жоғары, – дейді Нұрлан Жүсіпов.
Расында, бұл жылыжайдың өніміне деген сұраныс жоғары екен. Келгенімізге жарты сағат болған жоқ. Соның өзінде 4-5 тұтынушы алдын ала тапсырыс беріп кетті. Мұнан бөлек, аудандағы жылыжайлар да егіп әуре болмай, бірден осы жерден дайын көшеттер алып орналастырады екен. Түрлі гүлдерге де сұраныс бар.
Жалпы, кейіпкеріміз кент ішіндегі көркейту-көгалдандыру жұмыстарына да қолғабыс етіп келеді. Мәселен, аудан орталықтары мен әлеуметтік нысандар алдына егілетін гүлдердің көшеттерін осы жылыжай қамтамасыз етіп отыр. Бастапқыда ағамыз бұл гүлдерді өзі орналастырып, әрі қарай сабақ алуына жауапты болды. Кейін өздерінің маманын машықтандырып, тек көшетпен қамтамасыз етуге кірісті. Қазіргі таңда жылыжай ішінде гүлден бөлек, болгар бұрышы және қияр мен қызанақ көшеттері көктеп тұр. Бұл өнімдерді бағбан тамшылатып суару әдісімен күнара қоректендіреді.
Бағана жылыжай сыртындағы целло­фанның сауыс басқанын айтып едім ғой. Сұрастыра келе оның да бір айла екенін аңғардым. Кәнігі маман целофан сыртына әк шашып қояды екен. Мақсат – келер жылы да бұл материалды пайдаға асыру. Күннің көзі әктелген целлофанды тоздыра алмайтын көрінеді. Мұның өзі әлгі ағамның үйіндегі ғылыми еңбектерде жазылыпты.

Ерлан ӘНУАРҰЛЫ.

27 сәуір 2019 ж. 712 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930