Ауылдағы алма бақ
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақ жерін алма мен қызғалдақтың отанына балады. Расында, Алатау баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыдан бұған дейін дәлелденген еді. Әлем үшін үлкен маңызға ие бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне тарады. Еліміз қазірдің өзінде әлемдегі «Сиверс» алмасының отаны саналады. Жеміс ағашының бұл сұрпын танымал ғалымдар алма атаулының арғы атасына балайды. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті.
– Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды, – деді Елбасы өз мақаласында.
Тұңғыш Президент бұл тарихи туындыда аталған жеміс ағашына қатысты Жетісу жерін ерекше атап өтті. Себебі Қазақстан бұрыннан Алматыны алманың Отанына балайтын. Тіпті, бала күнімізде сол өңірден апаларымыз базарлық алып келсе, «ішінде Алматының апорты бар ма?» деп қарайлаушы едік. Сырдың басты салысы ақмаржан іспетті алма да қай уақытта Алматының бренді болып қала берері сөзсіз.
Жалпы жеміс ағашының бұл түрі тек Жетісу жерінде ғана емес, еліміздің өзге аймақтарында да тамырын кеңге жайды. Оның ішінде біздің облыс та бар. Бұрын бір ғана Жалағаш ауданының өзінде алманың бірнеше сұрпы өсетін. Тіпті, үлкен-үлкен алма бақтар аймақтың ажарын айшықтаған күндер де болды. Бала күнімізде ағаларымыз Жаңадарияны бойлай отырып, алма баққа баратын. Қайта оралғанда жеміске толы қапшықтарымен бізді бір қуантып тастайтын еді. Ауыл сыртынан бөлек, үй ауласында да үлкен алма бақ ашқан ағаларымыз болды. Қазір шыны керек, ауласында жеміс ағашы көп отбасылар аз. Соңғы 7-8 жылда шаруашылықтар жаппай күріш егумен айналысты да алма өсіру жұмысы кенжелеп қалды.
Аудан аумағында бұл жұмыстардың ақсап тұрғаны Әліби Бекжанов ағамыздың да жанына батып жүр екен. Осыған дейін ауыл шаруашылығында өзіндік қолтаңбасын қалдырған төраға – аталған салада толайым табысқа жеткен майталман маман. Бірнеше жыл бұрын «Ер-Әлі» шаруа қожалығын құрған Әліби Бекжанов күріш өсіруді қолға алып, ауылдастарын жұмыспен қамтыды. Жыл сайын өнім сапасымен қатар көлемін ұлғайтуға жұмыс жасаған ол қазіргі таңда шаруашылық меншігіндегі техникалардың барлығын жаңалап үлгерді. Ауыл шаруашылығының бір ғана саласы бойынша еңбек ету ізденімпаз кәсіпкер үшін аздық етті. Оның үстіне бұрыннан өзі туып өскен өңірден алма бақ ашуды жоспарлап та жүрген. «Құрманбай ата» шаруа қожалығы жанынан 6 гектар жерді рәсімдеп, жабайы алқапты қалыпқа келтіреді.
Бастапқыда іскер азаматтың бұл идеяны жүзеге асыруына күмәнмен қарағандар көп болды. Алайда, бұрыннан жоспарда бар бұл кәсіпті ашу жолында ағамыз көп ізденеді. Нәтижесінде қазір жеміс ағашының жемісін көріп отыр. Бүгінгі таңда мұнда алманың алты сұрпы өсіп тұр. Бір қызығы мұндағы жеміс ағаштарының барлығы жабайы алмамен будандастырылған. Бұл бұрыннан тәжірибеде бар тәсіл көрінеді. Себебі жабайы алмамен будандастырыла егілген жеміс ағашы жер талғамайды екен.
Әліби Бекжановтың кәсібінің көкжиегін кеңейткені ауылдастарына тиімді болып отыр. Себебі жаңадан бос жұмыс орындары ашылған сайын іскер азамат ауылдастарына екі қолға бір күрек тауып беруде. Осыдан 2-3 жыл бұрын қолға алынған жобаның болашағы жаман емес. Жеміс ағаштарының алды былтырдан бастап өнім бере бастады. Мұндағы мамандар биыл олардың қатары артатынын айтты.
– «Құрманбай ата» шаруа қожалығында 3 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Өзіме жүктелген міндет – осындағы жеміс ағаштарының уақытылы қоректендіріліуін, шығуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда бұл жеміс ағаштарын тамшылатып суару әдісімен қоректендіреміз. Бұл өз кезегінде шығынға жол бермейді. Бір жағынан тамшылатып суару әдісі отақтың да көптеп шығуына үлкен тосқауыл болады. Өткен жылы бірқатары жеміс беріп бізді бір қуантып қойды. Биыл олардың қатары артары сөзсіз. Алдағы екі-үш жылда өнімді нарыққа шығаруға да болады. Бұл Сыр халқына етене таныс күріш емес, сондықтан бұл жеміс ағашының күтімі жайында өзіміз үнемі ізденіс үстінде боламыз. Соның нәтижесі болар, өздеріңіз көріп тұрғандай мұндағы барлық жеміс ағашы 100 пайыз көктеп тұр, – дейді бағбан Мейрамбек Мекебаев.
Шаруа қожалық былтыр «Гала М-6», «Гала М-9», «Голден», «Грени смит», «Фуджи» сұрыптарынан 12650 түп алма ағашын еккен болатын. Қазіргі таңда сыртынан қарасаң көз сүйсінеді. Бағбан айтқандай, енді бір 2-3 жылда мұндағы өнімдерді нарыққа шығаруға болады. Бұйыртса, ол күннің де ауылы алыс емес.
Ерлан ӘНУАРҰЛЫ.