АУЫЛДЫҚ КІТАПХАНА ЖАНЫНАН COWORKING ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Кеше аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың қатысуымен Мәдениет ауылдық округіндегі кітапхана жанынан Coworking орталығының ашылу рәсімі өтті.
-«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай «COWORKING» - орталық ретінде жасақтау қолға алынды. Себебі, кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Былтырғы жылы осы мақсатта аудандық кітапхана жанынан жергілікті бюджеттен 1 млн теңге қаржы қаралып, «Коворкинг» орталығы ашылған болатын. Биылғы жылы Мәдениет және Аққұм ауылдық кітапханаларында Coworking орталығы жабдықталып, пайдалануға берілгелі отыр, - деді аудан басшысы өз сөзінде.
Ашылу рәсімінде Мәдениет ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ердулла Рахметов сөз алып, жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Мәдениет елді мекенінен шыққан ақын-жазушылар кітаптарының фото-көрмесімен, Book cafe жұмысымен, орталықтың жұмысымен танысқан қонақтар Bookcrossing кітап алмасу акциясына қатысты.
Айта кету керек, биылғы жылы аудандық орталық кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Республикалық бюджеттен «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 47126,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 5825,0 мың теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биылғы жылы жергілікті бюджеттен 2 млн теңге қаржы бөлініп, 6 елді мекенде «Көше кітапханаларын» ашу көзделуде.