» » » АҚШ-та күй тартып, қанша табуға болады: Қазақ қызы америкалықтарды өнерімен тамсандыруда

АҚШ-та күй тартып, қанша табуға болады: Қазақ қызы америкалықтарды өнерімен тамсандыруда

Еліміздің классикалық музыкасын орындап, шетелдіктерді таңғалдырып жүрген Тамила Умарханова АҚШ-тың Чикаго қаласына осыдан бір жыл бұрын аттанған еді. Жас өнерпаз Stan.kz тілшісіне шетелге не үшін кеткенін, өмірі қалай өзгергенін және АҚШ-та музыканттардың қанша табатынын әңгімелеп берді.


Скрипкада қазақ әндерін орындап, америкалықтарды тамсандырып жүрген қазақ аруы - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі.  
Дүниежүзі бойынша Америка ұсынатын мүмкіндіктерге қызығып, арман қуып, АҚШ-қа табан тіреген азаматтардың саны жыл өткен сайын артуда. Америкаға дейін Еуропа мен Азияны шарлап шыққан отандасымыз Тамила Омарханова Чикаго қаласында бір жылдан аса уақыт тұрып жатыр.
Бойжеткен контрастар елінде арманының асқарына жеткенше өмір сүретінін жасырмайды. Бірақ "Туған үйдің түтіні жылы" дегендей, қайтып келер мекені бар екенін түсінген ару қазіргі уақытта өз елінің классикалық музыкасымен шетелдіктерді таңғалдырып жүр. Сонымен қатар АҚШ-тағы университеттердің бірінде музыка факультетінде магистратурада білім алуды жалғастыруда. 
"Өзге мемлекетке кетіп қалуды алдын-ала жоспарламадым. Бірақ Англияда оқығанда  білімімді әрі қарай да шетелде жалғастыру жайлы ойланғанмын. Себебі, шетел талпынған адамға көп мүмкіндік сыйлап, жаңа адамдармен табыстырады, бастамаларға жол ашады. Шектеу деген дүние атымен жоқ заманда бір орында тұрып қалудан қорқамын. Өз ісімді қатты жақсы көрсем де, тек қана оркестрдегі жұмыспен шектелгім келмеді", - дейді музыкант. 
Адам үнемі өз-өзін дамытып, жетілдіріп тұруы керек деп санайтын отандасымыз алғаш рет 2018 жылы Америкаға келгенде Чикагода тұратын құрбысы мұндағы тіршлікпен таныстырып, қолдан келген көмегін аямаған. "Осыдан кейін мен бойымдағы бар күш-жігерімді жинап, өзімді шыңдайтын, ойымдағыны жүзеге асыруға көмектесетін жолдарды іздей бастадым", - деп ағынан жарылды ол.
Елімізде кәсіби деңгейі жоғары болған жерлесіміз алғашында АҚШ-та дәл осы үдеден шыға алмай, қиналғанын айтады. Себебі мұнда оркестр музыканты болу үшін өте сирек өтетін іріктеуден сүрінбеу қажет екен. 
"Шетелде мәдени есеңгіреп қалу, шет тілінде сөйлеуде, ақшаны айырбастауда қиналу деген проблемаларға тап болмай, қалай өмір сүріп кетуге болатынын жақсы білдім. Манчестерде жарты жыл бойы оқып-жинаған тәжірибем қиындықтардан өтуге көмектесті. Бір де-бір рет қиналған жоқпын десем, жалған сөйлеген боламын. Әр жердің өз талабы бар. Жұмысқа қабылдану үшін де оның қыр-сырын білу қажет", — дейді ол.
Алыс-жақын елдерге түрлі мақсаттармен жол тартқан азаматтар кейде туған жерлерін сағынып, жаңа елдімекенге үйрене алмай жатады. "Біреу ортаға тез сіңіп кетеді, біреу жылдар бойы туған ауласын, көшесін, үйінің жанында сатылған нанның иісін сағынып жүреді. Америка төзімді, шыдамды адамдарға арналған мекен", — дейді отандасымыз. 
Тамила Умарханова АҚШ-та жақсы дүниенің көп екенін, сондықтан да ол Қазақстандағы барын тастап, Чикагоға келгені үшін еш өкінбейтінін айтады. 
"Кейін өкінетінімді білсем, ол іске кіріспеймін. Мүмкіндіктердің бар екенін және оны пайдаланатынымды білдім. Талпынып, тырысып жүргеніме бір жыл болды. Өмір бойы бір жерде отырып, артынан өкінген бәрінен де қорқынышты деп ойлаймын" , — дейді өнерді жаны сүйетін ару. 
Иммигрантар елі деген атпен танылған АҚШ-қа пайда көзін тауып, жақсы ақша табу үшін аттанатын адамдар аз емес. Тамила заңды түрде жұмыс істеп, кейін жалақысы жоғары жұмыс орнына тұрып кетуге көмектесетін біраз бағдарламалар барын айтады. 
Өнерінің арқасында, Чикаго көшелері мен бақтарында скрипкада қазақ әндерін орындауды ермегіне айналдырған қазақ қызынан Америкадағы табыс жайында сұрап көрдік. Ол елде музыкант ретінде қандай жалақы алуға болатынын анықтадық. 
"Америкада музыка индустриясы дамығанына қарамастан, қанша ақша табатыныңыз өзіңізге байланысты. Жеке сабақтардың құны 50 доллардан басталады. Тойда өнер көрсету — 200 доллар. Оркестрде жұмыс істесеңіз, жалақыңыз қала мен оркестрдің дәрежесіне байланысты нақтыланады. Жылына 80 мың доллардан 180 мың долларға дейін таба аласыз. Жақсы жерге жұмысқа тұрсаңыз, отбасыңызды асырап, әлемді шарлап, үй мен көлік сатып алуға жағдайыңыз жететін болады. Америка - көпұлтты мемлекет. Сондықтан амиерикалықтар фолк және шетелдік композиторлардың туындыларын жылы қабылдайды", - дейді жас музыкант.
Төл музыкамызды, әсіресе, Ғазиза Жұбанованың туындыларын жақсы көретін отандасымыз былтыр ішекті квартет үшін қазақстандық композиторлардың туындыларынан жинақ шығарды. "Сол жұмысыммен қатты мақтанамын" дейтін жас өнерпаз оны әрі қарай тарату үшін ағылшынша редакцияға өткізуді жоспарлап отыр. 

stan.kz
06 шілде 2019 ж. 866 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930