» » » БҮРКІТШІ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

БҮРКІТШІ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА



Бүркітшілік – бүркіт баптап, саят құратын қазақтың дәстүрлі саятшылық өнерінің бір саласы. Түз тағысын адам қолына үйретудің қыр-сыры мен қиындығы көп. Біздің айтпағымыз, осынау ата салтты қаршадайынан қанына сіңіріп, шет елде жүрсе де ұлттық дәстүрді ұлықтап жүрген бүркітші қыз жайында.
Ойланып қарасақ, бұл өнер – қыз балаға қиындау өнер. Бірақ, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақ қызы небәрі 13 жасында жарқ етіп жалпақ әлемге танылды. Бүгінде қолына қыранын қондырған, талай саятшылық жарыстарда алдыңғы саптан көрініп жүрген Айшолпан Нұрғайыпқызының өнері әлем жұртын тамсандыруда. соның арқасында дүниежүзі дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған, атадәстүрден танбаған қазақ деген текті халықтың бар екенін білді. Еркіндікті жақсы көретін текті құсты жанына серік ете білген өжет қыздың өнерін тамашалауға келетіндер қатары да аз емес. Сондай-ақ, «Бүркітші қыз» Айшолпан туралы фильм де түсіріліп, әлемнің беделді кинотеатрларынан көрсетіліп те үлгерген.
Өзге елде жүрсе де текті халықтың түлегі екенін жақсы біліп, ата-баба салтын жадында жаңғыртқан бүркітші қыз Айшолпанның қайсар мінезі мен рухты бейнесі қазақ жұрты үшін мақтаныш. Біз өз кезегімізде Алаш жұртын алты құрлыққа танытқан Айшолпан Нұрғайыпқызына өнерің өрге жүзсін демекпіз...


Н.АЛМАС.
30 қыркүйек 2018 ж. 1 205 0