2018 жыл: сәннен қалмаудың 13 амалы
Енді жұрттың барлығы да бұрынғыдай жаппай бір сән үлгісіне ілеспейді. Әркім өзіне үйлесетінін киеді. Заманына қарай – адамы. Бұрын «мода» қуған жұрт енді жастардың жаңа термині «трендке» барып тіреледі. Бірақ қай кезде де бұл әлемде болып жатқан үдерістерден қалмайтын кербездер мен сылқымдар бар. Ендеше есіктен еніп келе жатқан жылдың бұйрығы қандай десек, әлемдік дизайнерлер оның 13 белгісін атап отыр.
№1 тренд: Сәнді деним. Деним джинс тігетін матаның «туысқаны», ақшыл-көк түстері бар мақтадан тоқылған жұмсақ мата. Биыл да қаракөк, көкшіл, сұр, қара денимнен тігілген комбинезондар мен жейделер сәннен қалмайды.
№2 тренд: Жылы тоқымалар. Денеге ыңғайлы да жайлы киімдерді ұнататындар тоқыманың әмбебаптығын барлық кезде бағалайды. Күнделікті жұмыста трикотаждан тігілген көйлек, костюм, белдемше, кеудеше, топтар мен свитшоттардың ыңғайлы екенін ұмытпайды. Ал дизайнерлер оның алпыншақ-салпыншақтарын барынша азайтып, мінсіз пішім арқылы сәнқойлардың көңілін табуға тырысатын болады.
№3 тренд: Водолазка мен көйлек водолазкалар. Мойны қайырылатын көйлек-кофталар барлық кезде керек. Ол қыз-келіншектердің ғана емес, ерлердің де гардеробынан табылуы тиіс ыңғайлы киім саналатындықтан сәннен қалмайды. Күн суықта пиджактың да ішінен кие салуға болатын, классикалық киімдермен де үйлесетін водолазка түрлі-түрлі дизайнмен алдағы жылда да дүкен сөрелеріне шығады.
№4 тренд: Woman in black. «Қара көйлекті әйел» стилін кім білмейді?! Құлын мүшесі келіскен қыздарды былай қойғанда, бәденді келіншектерді де тартымды да арық етіп көрсететін қара көйлекті мың құбылтып киюге болады.
№5 тренд: Қыпша бел. Мықынға белдік болып түскен ғажайып акцент биыл да, келер жылы да сәндік мінберлердің төріне талай шығады. Бір қарағанда жалпиған дөрекілеу, металдары бар белдіктер бәрібір белді нәзік етіп көрсетеді.
№6 тренд: Қалталары қампиған пальтолар. Қалың тондарымызды тастап, жұқалау пальтолар киетін кезге жеткенімізде қалталары сыртына неше түрлі сүлгімен, көзге түсетіндей етіп тігілген сырт киімдерді киюге болады. Қыс өтіп, көктем жеткенде пальто-манто, пальто-кардиган, кимоно киетін күндер келеді.
№7 тренд: Қампиған пуховиктер. Қақаған аязды күндерде құс жүні толтырылған сырт киімдер неткен жайлы, қандай жылы?! Қамписа да жеп-жеңіл бұл киімді келер жылы джинсмен де, көйлекпен де кие беруге болады. Оны ірі тоқылған бас киім толықтыра алады.
№8 тренд: Белдігі бар тондар. Неше түрлі бұлғын тондарды қандай белдікпен тақсаңыз да қиялыңыздың шырқау шегі білсін. Жіңішке немесе жалпақ белдікті үйлесіміне қарай таңдап тақсаңыз, беліңіз де жылы жүреді.
№9 тренд: Балағы қайырылған шалбарлар. Кең-мол, манжетпен тігілген шалбарлар спорттық аяқ киімдермен ғана емес, біз өкше туфлимен де жараса кетеді. Тек биылғы сәнді ұзындық тобыққа дейінгі – 7/8 ұзындық.
№10 тренд: Ашық түсті шұлықтар. Алдағы күндері неше түрлі ашық түсті колготкалар мен шұлықтарды киімдермен келістіріп киіп жүруге болады. Шұлықтардың қалың тоқылғандарынан бастап, ең жұқасына дейін сәнді көрінеді. Ал түрлі-түсті, гүлді, өрнекті колготкалар 70-80-жылдарды еске түсіріп, жаңа маусымда қайта оралады.
№11 тренд: Жейде-көйлек. Қыз-келіншектердің жігіттерден «тартып алған» тағы бір киімі – жейделер. Бірақ бұл киім қыздарға жараса кеткенін кім жоққа шығарсын?! Сондықтан жаңа маусымда дизайнерлер нәзік те сәнді көйлек-жейделер тігудің жарысын бастап та кетті.
№12 тренд: Кең-мол пішілген киімдер. Сән үлгісінде де еркіндікке ие болу қашанда маңызды. Жүз жерден мода қуамын десек те ол ыңғайлы киімге жетпейді. Небір кербездердің өзі «Оверсайз» стилін ұнатады және классикалық киім үлгілерін өзі еркін жүріп-тұруға ыңғайлылықты ұмытпайды.
№13 тренд: Шілтер. 2018 жылы сән әлемінде дизайнерлердің басты қаруы желбіршек болады. Олар нәзік шілтерлермен көйлек, сарафандарды ғана емес, шалбар, шорт, комбинезон, тіпті суға шомылуға арналған киімдерді де сәндеуге қолданатын болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Egemen.kz