Актер – өнердің әмбебап өкілі

«Бала кезден актер болуды армандадым. Ата-анама қойылым қойып жүрдім. Менің көрерменім – ауылдастарым, яғни жалағаштықтар. Олардың қошеметі мені жігерлендірді. Өнер жолына жетеледі. Осылайша сахна төрінен бір-ақ шықтым. Әуелі үйде, аулада өнер көрсеттім. Алғаш сахнаға 9 сыныпта оқып жүргенде шықтым. Сол сәттен бастап сахнадан түспей келемін. Сахна жаныма жақын. Театрда өнер көрсету – әрбір жастың арманы. Мен өз арманыма жеттім деп есептеймін» дейді жас актер.
Бүгінде ол – Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері. Өнердің қара шаңырағында 2011 жылдан бері үздіксіз еңбек етуде. Сахнадағы 10 жылдық белесінде талант иесі түрлі образдарға еніп, өзінің актерлік, кәсіби шеберлігін шыңдап келеді. Кезінде актерға марқұм, өнердің майталманы Қаракөз Ақдәулетова дәріс берген. «Сахна мәдениеті мен өнердің құдыретін маған танытып, шалқар шабытымның оянуына ықпал жасап, тәрбиелеген атақты режиссер, ұстазым Хұсейін Әмір-Темірге, танымал актер Бақытбек Алпысбаевқа алғысым шексіз» дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Шынында актер өнердің әмбебап өкілі болуымен ерекшеленеді. Ол би де билеп, ән де шырқап, бірде бұлтты күндей мұңайып, бірде жарқырап шыққан күндей шаттанып, халықтың жүрегін жаулап алуы керек. Елге рухани азық сыйлайтын өнерпаз болу үшін көп ізденіп, көп оқып, таным көкжиегіңді дамытып отыру керек. Міне, осындай ізденімпаз, еңбекқорлық қасиет актердің бойында бары қуантады. Бір сөзбен айтсақ, ол – «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт.
Сөз арасында Олжас жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне пікір білдіре кетті.
«Жұмыссыздықпен күрес ұдайы жүргізілуде. Көптеген бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуде. Десе де жұмысқа тұруға өтінішін апарғанда жұмыс тәжірибесін сұрайды. Айтыңызшы, өзі жұмыс таба алмай жүрген жаста қайдағы тәжірибе? Есігін қақсаң, үш жылдық тәжірибе сұраса, оқуды енді бітірген түлек тәжірибені қайдан алсын?» дейді жас актер.
Қоғамдағы болып жатқан өзекті мәселелерге де ол бей-жай қарай алмайды. Жастар жалындап қоғамға пайдалы жұмыс жасаса дейді.
Иә, тал бойына өнердің парасатын жиған Олжастың бос уақыты көп емес. Десе де, ол қолы қалт еткенде уақытының көп бөлігін отбасына арнайды. Балаларын табиғат анамен тілдестіріп, қыдыртады. Оларға әкелік махаббат пен мейірім сыйлауға тырысады. «Спортпен шұғылданып, ширақ, сергек, болу, дене бітіміңді қалыпты ұстау сахнада жүрген әртіс үшін өте керек дүние. Арасында кітап оқимын, теледидар көремін. Тіпті кино саласына да қызығушылығым бар. Киноға түскен өзіме ұнайды. Алда жоспар көп. Оны уақыт еншісіне қалдырғанды жөн санадым. Білім жетілдіру керек. Ең маңыздысы – кітап оқу. Актер сомдайтын образын ашу үшін көп ізденген тиімді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліндегі Қозының рөлін армандаймын» дейді кейіпкеріміз.
Ең бастысы, жас актердің бойында буырқанған бұла күш, қайсарлық, табандылық, болашаққа деген сенім жарқырап тұр. Ал өнер адамына керек мінез бен келбет те келісіп тұрғаны тіпті жарасымды. Тек сәттілік серігің болғай, Олжас!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА